Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"21 мың теңгені кері қайтарыңдар": Кентауда аналар әкімдіктегілердің әрекетіне ашуланды

Түркістан облысының аналары 21 мың жәрдемақыны беріп алып, енді кері қайтарыңдар деген әкімдік әрекетіне наразы. Айтуларынша, жәрдемақы алар сәтте билік өздеріне жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліңдер деген кеңес берген. Шағым бергендер барлық талапты орындап алған жәрдемақыны енді келіп заңсыз деуі еш ақылға қонбайтын шаруа деп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Informburo бағдаралмасына сілтеме жасап. 

көпбалалы ана

Ал әкімдік олар тапқан табысын жасырып қалғандықтан, алған ақшаны кері қайтаруға міндетті деп отыр. 

«Шөкеев сағат үш жарымда келеді деді. Жазылып қойып күтіп отырдық. Артымыздан әкімнің орынбасары, Әлиманов мырза барды. «Болды Кентауда шешеміз, жүріңіздер» деп сол жерде уәдесін беріп, бәрімізді алып қайтты. Енді келсек, өздері жоқ», - дейді көпбалалы ана Гузель Рахманбердиева. 

Алған жәрдемақыларың заңсыз, сондықтан кері қайтарылады деген соң, ашуға мінген аналар бүгін облыс әкіміне кіруге ниеттеніп отыр. Алайда кентаулық шенділер артымыздан келіп, тағы да жұбатуға көшті дейді. Ақшасын алған аналар кері қайтаруға құлықсыз. Заңсыз болса, неге беріледі деп отыр. 

«Мен неге қайтаруым керек десем, табысың асып кеткен дейді. Күйеуім зауытта жұмыс істейді. Оның айлығы екі ай кеш түскен болатын. Оған біз кінәлі емеспіз десем, сендер жасырып қалғансыңдар», - дейді Рахманбердиева.  

Енді бірі кәсіпкерлікке оқып келгенін, алайда жұмыс берілмегенін, алған жәрдемақысы жеке кәсіпкерлікке тіркелуінен заңсыз болып шыға келгенін айтады.  

«Мен не үшін қайтарамын? Басында ЖК аштырған өздері ғой. Мен ЖК-мен ешқандай тірлік істемеймін. Мен жәй ғана аштым. Өйткені жұмысшы қылып ешкім бізді алмайды», - деді көпбалалы ана Диляра Хасанова. 

Кентау қаласы бойынша жәрдемақыға барлығы 11 231 адам өтініш берген. 6 773 адамға 1 млрд 800 млн теңге төленіпті. Ал заңсыз алғандар тізімі қазірдің өзінде 800 миллионға жетті деп отыр әкімдік. Құжат қабылдау барысында тапсырыс берушілер кірісін жасырған. Мұны мамандар сол мезетте біле алмайды дейді. Түсіндіру барысында 6 664 теңгені төрт адам қайтарған. 

Талқылау