Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2050 жылға қарай Қазақстандағы әр бесінші тұрғын 60 жастан асады

Фото:depositphotos.com

Әлем халқы күн санап қартайып жатыр. Биыл дүниежүзілік экономикалық форумда алғаш рет тарихта 65 жастан асқан адамдардың саны бес жасқа толмаған балалардан асып кеткені айтылды. Мұндай демографиялық өзгерістер Қазақстанды да айналып өтпеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бүгінде ел халқы 20 миллионнан асты. Оның шамамен 9 миллионы — 25 жасқа дейінгі тұрғындар, тағы 9,5 миллионы — 25 пен 64 жас аралығындағы еңбекке қабілетті азаматтар. Ал 2 миллионға жуық адам — зейнеткерлік жаста. Уақыт өте келе зейнеткерлер саны арта түссе, еңбекке қабілеттілер саны азая бастайды.

"2012 жылы 25-64 жас аралығындағы еңбекке жарамды адамдар мен 65 жастан асқан зейнеткерлердің арақатынасы 7,7 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 5,2-ге дейін төмендеді. Болжамдарға қарағанда (БЖЗҚ мен БҰҰ деректері бойынша) 2050 жылы бұл көрсеткіш 3,4-ке дейін түседі. Бұл жағдай жұмыс істейтін халыққа түсетін ауырлықты арттырады", — дейді БЖЗҚ сарапшылары.

БЖЗҚ болжауынша, XXI ғасырдың ортасына қарай әр бесінші Қазақстандық тұрғын 60 жастан асады. Бұған өмір сүру ұзақтығының артуы, бала туу көрсеткішінің керісінше төмендеуі себеп болған. Экономистердің пікірі сәл өзгеше.

Марат Абдурахмановтың айтуынша, Қазақстанда халықтың қарқынды қартаюы 2072 жылы байқала бастайды.

"Қазір еңбек нарығына 2002–2009 жылдар аралығында дүниеге келген бейби-бум ұрпағы шығып жатыр. Бұл кезеңде жыл сайын 300 мыңнан астам бала дүниеге келетін. Ал бейби-бумның шарықтау шегі 2019 жылға сәйкес келеді — сол жылы 400 мыңнан астам бала туған. 2050 жылдары осы балалар еңбекке жарамды жасқа жетеді", — дейді экономист Марат Абдурахманов. 

Егер еңбекке қабілетті азаматтар мен зейнеткерлер арасындағы тепе-теңдік бұзылса, бұл экономиканың тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Себебі зейнеткерлер салық төлейтіндер қатарында емес. Соның салдарынан зейнетақы жүйесі де айтарлықтай қиындықтарға тап болады.

"Алдағы 10-20 жылда бізде еңбек ресурстары жағынан мәселе болмайды. Бірақ қиындықтар сол бейби-бум ұрпағы зейнеткер болған кезде басталады. Бұл болашақтың мәселесі болғанымен, оған қазірден бастап дайындалған абзал. Қартая бастаған халықтың үлесі арта береді — бұл қалыпты әрі тоқтатуға келмейтін процесс. Енді бастысы — экономиканы, жұмыспен қамту салаларын және инфрақұрылымды егде жастағы адамдардың қажеттіліктеріне бейімдеу", – дейді демограф Нұржау Қалижанов. 

Мамандардың айтуынша, бұл мәселені кешенді түрде шешу керек. Атап айтқанда, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, медицинаға, білім мен баспанаға қолжетімділікті жақсарту — болашақта бала туу көрсеткішін өсіруі ықтимал.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 29 Мамыр, 2025 15:27
Талқылау