Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы әкімінің ауысуы, түлектер дауы, Үндістан мен Пәкістан қақтығысы: Мамыр айы қазақстандықтар үшін несімен есте қалды

Мамырда Қазақстанда үш жылдан кейін парад пен Астана халықаралық форумы өтіп, бірнеше ел өкілінің басы тоғысты. Ал мәжіліс депутаттары алғаш рет сталкингке (аңду) жаза енгізіп, қыз ұрлау бойынша бапты Қылмыстық кодекске қайта енгізуді қарастыратын заң жобасын мақұлдап, сенатқа жолдады. Оқушы мен студенттер арасында да даулы жағдайлар орын алды. Stan.kz тілшісі осы айдағы маңызды оқиғаларға шолу жасады. 

Қыз алып қашқандарға жаза қатаңдады

28 мамырда мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстанда алғаш рет сталкингке жаза енгізуді және қалыңдық ұрлау бойынша бапты Қылмыстық кодекске қайта енгізуді қарастыратын заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжат сенатқа жолданды.

Жәбірленуші кәмелетке толмаған болса немесе әрекет топтасып жасалса, 5000 АЕК-ке дейін айыппұл (шамамен 19 млн теңге) не 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл әрекеттер жәбірленушінің өліміне әкеп соқса, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады;

Бопсалап немесе қорқытқаны үшін 2000 АЕК-ке дейін айыппұл (шамамен 7,6 млн теңге) не түзету жұмыстары, не 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

 Сталкинг үшін ең ауыр жазасы – 50 тәулікке дейін әкімшілік қамау.

Алматы әкімі ауысты

Фото: Gov.kz

24 мамырда Ерболат Досаев Алматы әкімі қызметінен кетті. Ол 2022 жылдың 31 қаңтарында Алматы қаласының әкімі болып тағайындалып, 3 жылға жуық осы қызметті атқарды.

Ерболат Досаев “Қаңтар оқиғасынан” кейін, жүздеген кәсіп иелері жөндеу жұмыстары мен қолдауға зәру сәтте Алматы әкімі болып тағайындалды.

2022 жылдың ақпанында Ерболат Досаев TAV Airports Holding компаниясының бас директоры Мустафа Сани Шенермен кездесіп, Алматы әуежайының жаңа терминалын салу мәселесін талқылады. Қаңтар оқиғасы кезінде ескі терминал да қираған еді. Әуежай 2024 жылдың маусымында іске қосылды. Қаңтар кезінде зақымдалып, қайта жаңарған әуежай қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсті. Халықаралық терминалдың дизайнын сынағандар аз болған жоқ. Көп ұзамай терминалдағы шыны қасбет шытынап кетті. 

Қаңтар оқиғасы кезінде өртке оранған Алматы әкімдігі де жөндеу жұмыстарын қажет етті. Ғимаратты қалыпқа келтіру жұмыстарына 17 миллиард теңге бөлінді.

Қаладағы басты алаңда орналасқан "Республика" бизнес-орталығында да жөндеу жұмыстары жүрді. Алайда ғимараттың бірінші қабаты әлі күнге дейін белгісіз себеппен жабық тұр.

Енді оның орнына Алматы әкімі болып Дархан Сатыбалды сайланды. Сатыбалды 2022–2025 жылдары Түркістан облысының әкімі, 2025 жылдың қаңтарында мемлекет басшысының жарлығымен президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болған еді. 

Жеңістің 80 жылдығына орай парад өтті

7 мамырда Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру өтті. Шара "Қазақ елі" монументінің жанындағы Тәуелсіздік алаңында өтті. Алаңға 5 мыңнан астам қонақ келді.

Трибунада Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Мәртебелі қонақ ретінде мемлекеттік сапармен жүрген Вьетнам коммунистік партиясы орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам шақырылды.

Парадқа Қарулы Күштердің барлық бөлімшелерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының барлығы 4 мыңнан астам әскери қызметкері қатысты. Сондай-ақ 200-ден астам қару-жарақ пен әскери техника, 66 тікұшақ пен әскери ұшақ көрсетілді.

Тоқаев соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз, дейді.

Айта кетейік, Қазақстанда 2020 жылдан бері әскери шерулер өткізілмеген.

Ал 9 мамырда Тоқаев Ресейдегі парадқа қатысты. 

Парадта Қазақстанның атынан келген Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфилов атындағы 37-десанттық-шабуылдаушы бригадасының әскери қызметкерлерін салтанатты бөлімін таныстырды.

Астана халықаралық форумы болды

29-30 мамырда елордада әлемдік көшбасшыларды, сарапшылар мен бизнес өкілдерін қамтитын Astana International Forum өтті. Бұл шараға 4,5 миллиард теңге жұмсалған. Серік Жұманғариннің сөзінше, 4,5 миллиард теңгенің тек 1,4 миллиарды ел бюджетінен алынса, қалған сома демеушілер тарапынан тартылды. 

Бұл шара да парад секілді 3 жыл өткізілмей қалған еді. Ковид кезінде 2 жыл өткізілмеді, сосын 2024 жылы су тасқынына байланысты өткізілген жоқ. 

Форум аясында жаһандық экономика, өңірлік ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібіндегі басқа да мәселелер талқыланды. 

Форумның негізгі назарында төрт басты тақырыптық бағыт болды:

  1. Сыртқы саясат және қауіпсіздік
  2. Халықаралық даму және тұрақтылық
  3. Энергетика және климат
  4. Экономика және қаржы

Тоқаев әлемдік ахуал, тіл мәселесі сынды тақырыптарды қозғады. Криптовалютамен төлем жасау мүмкіндігі қарастырылатынын атап өтті.

Шараға Руанда президенті Поль Кагаме және Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давкова, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсе, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің жетекшілері келді. 

Терезеден құлап қаза болған Ақнәрдің оқиғасы

Фото: instagram.com/aqnar

Желіде Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінің 7-қабатынан 22 жастағы қыздың құлап мерт болғаны туралы ақпарат тарады. Марқұм Ақнәр Қамитованың анасының айтуынша, қызы өздігінен құлаған жоқ. Қызымды тырнағы мен саусағын жұлып, азаптап өлтірді дейді. Негізі оқиға былтыр шілдеде болды. 

Сол күні Ақнәр құрбыларымен үйде жиналған. Полицияның мәлімдеуінше, сол кезде Ақнәр секіріп кетіпті. Алайда анасы бұған сенбейді. 23 мамыр күні осы жағдайға қатысты баспасөз конференциясы өтіп, жақындары әділ тергеуді талап етті. 

Заңгердің мәлімдеуінше, қыздың тырнақтары жұлыныпты. Сондай-ақ денесінің барлық бөлігінде тістің іздері бар. Азаптау іздері денеде анық бар. Оны медициналық сараптама да растап отыр. Көзі көгерген, әр жері тырналған дейді.

Іс қазір "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабы бойынша тергеліп жатыр. Алайда адвокат Инга Иманбай істі аса ауыр баптар бойынша қайта саралау керек деп есептейді.

Осыдан кейін желіде түрлі видеолар тарай бастады. Видеода қыздар жайылған дастарқан басында отырып, ән айтып, билеп, көңілді уақыт өткізіп жатқанын байқауға болады. Алайда бір сәтте жағдай күрт өзгеріп, кадрда марқұм Ақнәрдің жерде жатып жылап жатқанын, шаштарының жұлынғанын көреміз.

Ақнәр – КИМЭП университетінің түлегі және бес тілді еркін меңгерген. Бос уақытында Қытайдан тауар әкеліп, саудамен айналысқан.

Алматыда түлекке құрдасы шампур тығып алған

Видеодан скриншот

Алматы облысында мектеп оқушысын құрдасы жүрегіне шампур тығып өлтірді деген күдікке ілінді. 

Долан ауылының 11-сынып оқушылары жалдамалы коттеджде мектеп бітіргендерін тойлаған. Кеш үшін ата-аналары оларға коттедж жалдап берген. Кейбір жасөспірімдер спирттік ішімдік ішіп, бір кезде жанжалдасып қалған. Болжам бойынша, марқұм Әліби қызға араша түсемін деп өзі жарақат алған. Күдікті қамауға алынды.

Мектеп директоры бұл қайғылы оқиғаға мұғалімдердің еш қатысы жоқ деп отыр. Мұның бәрі оқу орнынан тыс жерде болған. Оның үстіне соңғы қоңыраудан кейін мұғалімдер 11-сынып оқушыларын үйлеріне жіберді. Ата-аналар тіпті балаларының мектеп бітіруін тойламайтыны туралы қолхат жазып берген.

”Кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция күдіктінің кім екенін анықтап, ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жасөспірімнің заңды өкілдері бала тәрбиелеудегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – делінген хабарламада. 

Егер жасөспірім кінәлі деп танылса, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Осы жайттан кейін мектеп директоры қызметінен кетті. Ал директордың орынбасары мен екі сынып жетекшісіне қатаң сөгіс берілді.

Назарбаев мектебі 2 күн қалғанда оқушыны шығарып жіберді

Видеодан скриншот

Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 "L" сынып оқушысы бітіру кешіне бір күн қалғанда мектептен шығарылды. Белгілі болғандай, оқушы бақылау жұмысы кезінде шпаргалка қолданған, ал ұсталған сәтте мұғалімді балағаттаған. Педагогикалық кеңестің шешімімен оқушы тәртіптік ереже бұзғаны үшін 23 мамырдан бастап мектептен шығарылды.

"Телефон тәртіпке сай тәркіленген сәтте оқушы агрессия танытып, мұғалімге бейәдеп сөз айтып, балағаттаған. Соның ішінде "ш...ва" деген сөз қолданылған. Бұл жағдай басқа оқушылардың көзінше болған, дәлелдер де бар", – деді білім беру ұйымының басқарма төрағасы Ануар Жанғозин.

Алайда депутат Ирина Смирнованың пікірінше, бұл шешім асығыс әрі заңсыз қабылданған.

"23 мамырда баланы мектептен шығару – бұл не деген сұмдық? Ол енді қайда барады? Қай мектеп оны қабылдайды? Назарбаев мектебі, сіздер оқушының құқығын бұзып отырған жоқсыздар ма? Сіздердің бұл шешімдеріңіз қоғам күткен біліктілік деңгейінен әлдеқайда төмен емес пе? Қоғам бұл мәселемен сотқа жүгінуге дайын", – деп жазды депутат.

Осы жайттан соң оқушының өзі кешірім сұрап, желіде президентке үндеу жолдады. Ол мектептен шығару емес, басқа жазаны өтеуге дайын екенін айтады. 

Жасөспірімнің айтуынша, оның ата-анасы оқудан шығару туралы өтінішке оның мәнін толық түсінбей қол қойған. Олар орыс тілін білмеген және эмоциялық қысымға ұшыраған дейді. Кейін отбасы құжатты қайтарып алмақ болғанда, мектеп бас тартты. Мектеп оқушысының өзі мектеп басшылығы жалған ақпарат таратып жатыр деп отыр. Ол басқа мектепке ауыстыру “мемлекет қаражатын екі есе ысырап ету" деп санайды.

Оқу-ағарту министрлігі осы тұста мұғалімнің мәртебесі жоғары екенін айтып, соңғы шешімді Назарбаев мектебіне қалдырды. Мектеп өз шешімінде қалып, бала басқа қарапайым мектепке ауысты. 

Әлемде не болды?

Үндістан-Пәкістан қақтығысы

22 сәуірде Үндістанда теракт болып, 26 адам қаза тапты. The Times of India басылымының хабарлауынша, шабуылды Пәкістанда орналасқан "Лашкар-е-Тайба" радикалды тобының диверсиялық қанаты "Қарсыласу майданының" содырлары жасаған. Осыдан кейін Үндістан үкіметі Исламабадтағы елшілігінің санын қысқартты. Пәкістанның Үндістандағы әскери кеңесшілерін "персона нон грата" деп жариялады. 

Осы жайттан соң 7 мамырда Үндістан жауап ретінде Пәкістан аумағына соққы жасады, ол алты азаматтық нысанды қиратты. Барлығы 24 шабуыл жасалыпты.  Салдарынан 31 тұрғын қаза тауып, 46-сы жараланған.  

Пәкістан үкіметі алғашындақақтығыстың өршуіне мүдделі емес екенін және Кашмирдегі оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдегенімен, соққыдан соң әскери операциясын бастады.

Екі ел арасында келісімдер мен виза тоқтады. Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс Кашмирде ушығып, 4 күнге созылған еді. Кейін АҚШ-тың араласуымен екі ел соғысты тоқтатуға келісті.

Израиль Газаны толық басып алуға үмітті: Халық аштан қырылып жатыр

Халықаралық келісімдер жүргізілгенімен, Израиль Газа секторына  "Гидеон арбалары" операциясын жүргізді. Әскерлерге сектордың барлық стратегиялық аймақтарын басып алу міндеті жүктелген.

Нетаньяху Газаны толық басып алуға ниетті. Ол аймақты бомбалауды күшейтті және шекара бойындағы көліктердің санын көбейтті. 

БҰҰ және бірнеше елдер бұған наразылық білдіргенімен, бәрі бекер. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар газалықтардың азық-түлік тапшылығына тап болғанына алаңдаулы. Себебі Израиль гуманитарлық көмекті өткізбей отыр. БҰҰ деректеріне сәйкес, Керем Шалом шекаралық өткелі арқылы 9 ғана жүк көлігі өткен. Гуманитарлық координатор Том Флетчердің айтуынша, бұл "теңізге тамған тамшыдай”.

Газа тұрғындарының шамамен 1,6 миллионы (2 миллион) азық-түлік тапшылығынан жапа шегіп отыр. Израиль мұны жоққа шығарғанымен, премьер-министр Нетаньяху аштықты болдырмау үшін көмекті қайта жандандыруға мәжбүр екенін айтты. АҚШ сенаторлары да бұл бағытты қолдап жатыр. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу бойынша уақытша тетік 25 мамырға дейін іске асады. Израиль бұл көмекті тек халықаралық ұйымдардың бақылауымен тарататынын жеткізді.

АҚШ пен Украина пайдалы қазбалар туралы келісімге қол қойды

1 мамырда Вашингтон мен Киев Украинаның сирек металдарын пайдалану бойынша келісімшартқа қол қойды.

Келісімнің "АҚШ халқының Ресейдің жаппай басып кіруі басталғаннан бері Украинаны қорғауға көрсеткен елеулі қаржылық және материалдық қолдауын мойындау үшін" жасалғаны айтылды.

“Бұл бірлескен тау-кен өндіру және Украинаны қалпына келтіруге көмектесетін инвестициялық қор құру туралы келісім. Бұл экономикалық ынтымақтастық екі елге ортақ активтердің, талант пен мүмкіндіктердің Украинаның экономикасын қалпына келтіруді тездетуін қамтамасыз ету үшін бірге жұмыс істеуге мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.

Келісімге сай, барлық ресурстар Украинаның бақылауында қалады, ал екі ел қорды теңдей басқарады.

Құжатта Украинаның қарызды қайтаруы туралы сөз жоқ.

Осы ретте АҚШ-тың қаржы министрлігі екі тараптың "бағдарламаның қалай басқарылатынын түпкілікті бекіту және осы маңызды серіктестікті дамыту" бойынша әлі де жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Ресей мен Украина келіссөзі

Бүкіл әлем соғысты тоқтату үшін Путин мен Зеленскийдің тікелей келіссөздерін күтті. Ресей президенті келіссөздерді  бастауға дайын екенін айтты. Бірақ Путин делегация жіберіп, Ыстамбұлға өзі келмеді. Украина тарапы делегация құрамын бірден "жалған" деп атап, оның құрамына шешім қабылдауға құзіреті жоқ адамдар кіргенін айтты.

15 мамырда Ресей делегациясын Путиннің көмекшісі Владимир Мединский бастап келді. Делегация құрамына Ресей сыртқы істер министрлінің орынбасары Михаил Галузин, Ресей қарулы күштері бас штабының басшысы Игорь Костюков, қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин кірді. Украина делегациясына қорғаныс министрі Рустем Умеров жетекшілік етті, құрамында тағы 11 адам болды. 

Тараптар 1000-1000 формуласы бойынша тұтқындарды 1000-ға 1000 айырбастауға және өзара атысты тоқтату шарттары туралы меморандумдар дайындауға келісті. Ресей мен Украина делегацияларының кездесуі екі сағаттан аз уақытқа созылған. 

Киев 28 мамырда Мәскеуге өз нұсқасын беріп, қазір ресейлік тараптың жобасын күтіп отырғаны хабарланды. Келіссөздердің келесі кезеңі 2 маусымға жоспарланған.

Мамырда, сондай-ақ, Ресей Федерациясы мен АҚШ президенттері телефон арқылы сөйлесті, одан кейін АҚШ президенті соғысты тоқтату перспективасы туралы оптимистік көзқарасын білдірді. Алайда оның Путинге қатысты мәлімдемесі Украинаға бірнеше соққыдан кейін күрт өзгерді. 25 мамырда Трамп Путиннің "мүлдем есінен танып қалғанын" айтты. 

"Біз келіссөздер жүргізіп жатырмыз, сонымен бірге ол Киев пен басқа қалаларға зымыран ұшыруда. Бұл маған мүлдем ұнамайды", – деді Трамп.

Ватиканда жаңа Рим папасы сайланды

 21 сәуірде Рим Папасы Франциск 88 жасында өмірден өткен еді. Сол себепті мамырда жаңа Рим Папасын сайлау үшін конклав басталды. 

Жаңа Папаны таңдау процесі Әулие Петр шіркеуінде салтанатты месса өткізумен басталды. Қызыл мантия киген кардиналдар шіркеу ішінен өтіп, Сикстин капелласына жиналды.

Биылғы конклавта рекордтық көрсеткіш тіркеліп, 70 елден 133 кардинал қатысты.

7 мамырда дауыс берудің төртінші кезеңінің қорытындысы бойынша қабылданды.

Сикстин капелласының шатырындағы мұржадан ақ түтін шықты, бұл кардиналдар жаңа Папаны таңдағанын білдіреді. Жаңа Рим папасы болып америкалық Роберт Франческо сайланды. Ол Лев ХІV атын алды. Роберт 1955 жылы Чикаго қаласында дүниеге келген. Ол Рим Папасы қызметіне келген алғашқы америкалық болды.

Трамп әкімшілігі Гарвард университетін шетелдік студенттерді оқыту құқығынан айырды: Екі тарап арасындағы сот

Дональд Трамп әкімшілігінің Гарвард университетін шетелдік студенттерді оқыту құқығынан айырды. АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм Гарвард университетіне студенттермен алмасу бағдарламасын жүзеге асыру құқығын беретін сертификаттың күшін жою туралы шешім қабылдады.

"Әкімшілік Гарвардты зорлық-зомбылықты, антисемитизмді қоздыруға және Қытай Коммунистік партиясымен байланыс орнатуға жауапты деп санайды. Университеттер үшін "шетелдік студенттерді қабылдау – бұл құқық емес, артықшылық" екенін және олар оқу ақысының жоғары болғандықтан пайда көріп отыр", – деді Кристи Ноэм. 

Бұл Гарвард университеті енді шетелдік студенттерді енді оқуға қабылдамайды деген сөз. Қазір оқып жатқан шетелдік студенттер басқа университетке ауыспаса, елде қалу құқығынан айырылуы мүмкін.

Университет деректеріне сәйкес, өткен оқу жылында Гарвардта шамамен 7000 шетелдік студент оқыған. Бұл — оқу орнындағы барлық студенттердің 27,2%-ы. Қазір Гарвард университетінде "Болашақ" бағдарламасы бойынша жеті қазақстандық білім алып жатыр: бес магистрант және екеуі кәсіби біліктілігін арттырып жатыр.

Америкалық сот Трамп әкімшілігінің Гарвард университетін шетелдік студенттерді қабылдау мүмкіндігінен айыруына уақытша тыйым салды. Университет президенттің бұл саясатын Дональд Трамптың оқу орнынан "академиялық тәуелсіздіктен бас тартуға" келіспегені үшін кек алу әрекеті деп көрсетті.

Гарвардтағы шетелдік студенттер уақытша болса да оқуын жалғастырады. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Сот отырысы АҚШ-та 29 мамырда өткен. 

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Гарвардтағы қазақстандық студенттермен байланысып, жағдайды бақылап отқанын мәлімдеді.

Шенеуніктің айтуынша, студенттер Гарвардтан шығарылса, олар Айви Лигасының басқа университетіне ауыса алады. Оның ішінде тоғыз университет бар. Олардың барлығы "Болашақ" бағдарламасымен ынтымақтасады.

Қырмызы Скендирова
Сенбі, 31 Мамыр, 2025 09:00
Талқылау