Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"2030 жылға дейін қамауда болуы керек": Банкир Тәтішевтің ұлы Мұратхан Тоқмәдидің шартты түрде босатылуына байланысты билікке жүгінді

Кісі қолынан қаза тапқан банкир Ержан Тәтішевтің отбасы Мұратхан Тоқмәди шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін деген ақпаратқа алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: facebook.com/tokmadi

Ержан Тәтішевтің ұлы Алпамыс Тәтішев, Тоқмәдиге әу баста шығарылған үкім тым жеңіл болғанын айтты. 

"Әу баста Тоқмәдиге ауыр қылмысы үшін жеңіл үкім шығарылды. Өйткені прокуратура бастапқыда 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді", – дейді Тәтішевтің баласы.

Олар Мұратхан Тоқмәдидің 2017 жылдың маусымында тұтқындалғанын айтты. Сондай-ақ кісі өлтіру ісі бойынша үкім шығарылғанға дейін бопсалау және заңсыз қару сақтағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылғанын еске салды.

"Қолданыстағы үкім бойынша Тоқмәди 2030 жылға дейін қамауда болуы керек", – деді Алпамыс Тәтішев. 

Тәтішевтің отбасы түзеу мекемесінің әкімшілігіне, прокуратураға және сотқа Тоқмәдиді шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені мұқият зерделеу керегін айтты. Кәсіпкердің жасаған қылмыстарының ауырлығы мен салдарын ескере отырып, оны босатудан бас тарту туралы өтініш білдірді. 



"Әділдік пен жәбірленуші тараптың мүддесін қорғауды қамтамасыз ету маңызды", – деді Тәтішевтың баласы. 

Алпамыс Тәтішев бұл ақпаратты отбасы мүшелері таңданыспен қабылдағанын айтты. 

"Сотталғандардың өтініш жазғаны туралы отбасына, жалғыз ұлына, тіпті адвокаттарға хабарланбаған. Оның үстіне, өтінішін қанағаттандырған", – деді Тәтішев.

Тәтішевтің ұлы, Тоқмәдидің жәй ғана кісі өлтіруші емес, тапсырыспен адам өлтіргені үшін түрмеге қамалғанын айтты. Сонымен қатар оның басқа да қылмыстарда барын ескертті.

“Жазасын толық өтемей қалай шығады? Отбасымыз есеңгіреп қалды", – деді Тәтішевтің ұлы.

Оның айтуынша, қазір отбасы барлық мән-жайды анықтап, арыздан не себепті алдын ала хабардар болмағанын нақтылап жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Банкир Тәтішевтің өліміне қатысты сотталған Мұратхан Тоқмәди мерзімінен бұрын босап шығатыны хабарланған еді. 

Еске сала кетейік, кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди 2017 жылдың маусым айында қамауға алынған еді. Сол жылдың қазан айында ол орташа қауіпсіздік мекемесінде үш жылға сотталды. Сот Тоқмәдиді бопсалау және қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру бойынша айыпты деп таныды. 

Кейін КТК телеарнасына берген сұхбатында Тоқмәди Тәтішевті өлтіргенін мойындады. Ол “Тұран Әлем банкінің” (кейін БТА банк) бұрынғы басшысын өлтіруге Мұхтар Әблязов тапсырыс бергенін мәлімдеді. 2018 жылдың наурыз айында Тоқмәди он жарым жылға бас бостандығынан айырылды.

Банкир Ержан Тәтішев 2004 жылы 19 желтоқсанда Отар стансасы маңында аң аулап жүріп қайтыс болды. Toyota Land Cruiser көлігімен далада жыртқыш аңдарды қуған. Аңды қуып жеткен ол 12 калибрлі мылтықты қасында отырған Мұратхан Тоқмәдиге берген.

Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, сол сәтте жол талғамайтын көлік соқпақтан өтіп, мылтық өздігінен атылған. Оқ банкирдің тікелей басына тиген. Тәтішев басының оң жақ бөлігінен оқ жарақатын алған. Оқ сол жақ көзден өтіп кеткен. Олар мұны сол кезде "жазатайым" оқиға деп атаған.

Талқылау