Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылы ҰБТ қалай өтеді: Ұлттық тестілеу орталығы жауап берді

Фото: gov.kz

Ұлттық тестілеу орталығының директорының орынбасары Наужан Дидарбекова биылғы жылы  ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) қалай өтетінін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Наужан Дидарбекова 2026 жылы ҰБТ бұрынғы форматта өтетінін атап өтті. Орталық өкілі ҰБТ жылына бес рет өткізілетінін еске салды.

"Қаңтардағы, наурыздағы және тамыздағы тестілеулер ақылы негізде қабылдау үшін арналған. Негізгі ҰБТ мамырдан шілдеге дейін өтеді және оны екі рет тапсыруға болады. Талапкер білім гранттары байқауына қатысу үшін немесе ақылы оқуға түсу үшін бір сертификатты таңдауға құқылы. 2026 жылғы ҰБТ құрылымы сақталады", – деді Дидарбекова.

Шекті балдар да өзгермеген: "Құқық" және "Педагогика ғылымдары" бағыттары үшін – кемінде 75 балл, медициналық мамандықтар үшін – 70 балдан бастап, ауыл шаруашылығы мен ветеринария үшін – 50 балдан бастап. Ұлттық жоғары оқу орындары үшін ең төменгі шек 65 балл, ал қалғандары үшін – 50 балл деп белгіленген. 

"Жеке кабинетте өтініштер қабылдау аяқталғанға дейін таңдау пәндерін өзгерту мүмкіндігі бар. Сонымен бірге қаңтарда, наурызда және тамызда талапкерлер өз таңдау пәндерін ауыстыра алады. Алайда мамырдан шілдеге дейінгі кезеңде, бірінші рет тапсырып болғаннан кейін, пәндерді өзгертуге болмайды", – деді Наужан Дидарбекова.

Орталық өкілінің айтуынша, 2026 жылы берілген ҰБТ сертификаты 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды.

"Егер талапкер тестілеуді апелляциясыз аяқтаса, сертификаты тестілеу аяқталғаннан кейін дереу жеке кабинетінде қолжетімді болады. Егер талапкер апелляцияға өтініш берсе, сертификаты 30 күн ішінде, яғни апелляция аяқталғаннан кейін ғана қолжетімді болады. Мұнда апелляция туралы айта кеткен жөн. Өткен жылы жеке кабинетте апелляцияға өтінішті қайтару функциясы енгізілді. Талапкер өтінішін қайтарған жағдайда, сол күні сертификаты жеке кабинетінде қолжетімді болады", – деді орталық өкілі.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда наурыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысты маңызды мәлімдеме жасалған еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 26 Ақпан, 2026 21:30