Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылы саяхаттауға тұрарлық ең үздік бағыттар аталды

Фото: nationalgeographic.com

The New York Times басылымы 2026 жылы баруға тұрарлық ең үздік орындардың тізімін жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Басылым мәліметінше, тізімге саяхатшылардың назарын аударуға тұрарлық деп саналатын 52 орын кіреді. Тізімде “Революциялық Америка” көш бастады. Биыл Америка Құрама Штаттары тәуелсіздігінің 250 жылдығын атап өтеді. Осыған орай басылым елге барып, мерейтой аясында өтетін іс-шараларды өз көзіңмен көруге кеңес берді. Атап айтқанда:

  • футболдан әлем чемпионатының матчы;
  • 4 шілде күні Вашингтондағы АҚШ Капитолийі алдындағы көгалда өтетін концерт.

Екінші орында Польша астанасы Варшава тұр. Мұнда Мәдениет сарайында орналасқан жаңа Заманауи өнер музейі мен TR Warszawa театры ерекше көзге түскен. 


Қазақстан әлемнің ең үздік 100 асханасының қатарына енді


Алматы CNN-нің ең үздік туристік бағыттары тізіміне енді


“Ондаған жыл бойы Польша астанасы тартымды қаладан гөрі прагматикалық қала ретінде қабылданып келді. 2026 жылы оны мүлде жаңа қырынан көру қажет”, – делінген ұсыныста.

Үшінші орынға Бангкок ие болды. Ол туристерді жасыл аймақтарымен, Dib Bangkok заманауи өнер орталығымен және 12 жылдық реставрациядан кейін қайта ашылған буддалық Ват Чайваттханарам ғибадатханасымен қызықтырады.

Сонымен қатар тізімге мына орындар енген:

  • Коста-Рикадағы Оса түбегі;
  • Үндістандағы Бандхавгарх жолбарыс қорығы;
  • футболдан алдағы әлем чемпионатының орталық қалаларының бірі саналатын Даллас;
  • Алжирдің портты қаласы Оран;
  • Чикаго мен Калифорниядағы Санта-Мониканы 100 жылдан бері жалғап келе жатқан 66-маршрут (Route 66) тасжолы.

Сондай-ақ The New York Times саяхатшыларға Гэллап қаласындағы El Rancho қонақүйіне тоқтауға кеңес береді. Мұнда кезінде Кэтрин Хепберн мен Грегори Пек секілді әйгілі тұлғалар болған.

Сапарға арналған өзге де танымал бағыттардың қатарында:

  • Кариб теңізіндегі Саба аралы;
  • Барселонадағы Побленоу ауданы;
  • Непал таулары;
  • Байройт опера фестивалі;
  • Канада Скалисті таулары арқылы пойызбен саяхат;
  • Аустралиядағы Топ-Энд аймағы;
  • Малайзиядағы Пенанг қаласы бар.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы әлемдегі ең үздік 25 туристік бағыттың қатарына қосылғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 09 Қаңтар, 2026 09:50