2026 жылы қазақстандықтар жалақысын заңды түрде арттыра алады: Ережесі түсіндірілді

2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңартылған салықтық шегерім жүйесі енгізілді. Аталған жүйе азаматтарға жеке табыс салығының мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қолына алатын жалақы көлемі де артуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, азаматтар жеке табыс салығын есептеу кезінде түрлі шегерімдерді қолдана алады. Атап айтқанда, мынадай шегерім түрлері қарастырылған:
- әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық шегерім;
- базалық салықтық шегерім;
- әлеуметтік салықтық шегерімдер.
Әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық шегерімге міндетті зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жеке тұлғалардың табысынан ұсталып қалатын әлеуметтік аударымдар жатады.
Базалық салықтық шегерім ай сайын 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде болады. 2026 жылы бұл 129 750 теңгеге тең. Жылдық есепте базалық шегерім мөлшері 360 АЕК-тен немесе 1,557 миллион теңгеден аспауы тиіс.
Алғашқы екі шегерім түрін негізінен барлық қазақстандық пайдалана алады. Ал әлеуметтік салықтық шегерімдер тек белгілі бір санаттағы азаматтарға қатысты қолданылады. Дәл осы шегерімдер азаматтардың қолына алатын жалақысын арттыруы мүмкін.
Әлеуметтік салықтық шегерімдердің мөлшері:
- жылына 5 000 АЕК (21 625 000 теңге) – I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
- жылына 882 АЕК (3 814 650 теңге) – III топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген адамдарға, соғыс ардагерлеріне, соғыс жылдарындағы еңбегі мен қызметі үшін КСРО ордендері мен медальдарымен марапатталған тұлғаларға;
- жылына 882 АЕК (3 814 650 теңге) – мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына, қамқоршыларына, қорғаншыларына, асырап алушыларына және қабылдаушы ата-аналарға.
Салықтық шегерімдер жеке табыс салығын есептеу кезінде қолданыладысалы, яғни салынатын жалақы көлемін азайтады. Нәтижесінде азаматтар жалақысынан ұсталып қалатын салықты аз төлей алады.
Салық мына формула бойынша есептеледі:
(табыс – міндетті зейнетақы жарналары – салықтық шегерімдер) × 10%
Бұл шегерімдер білім беру ұйымдарының, медициналық мекемелердің және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарының әкімшіліктерінде жұмыс істейтін, еңбек қатынастары аясында қамқоршылық немесе қорғаншылық міндеттерін атқаратын қызметкерлерге қолданылмайды. Сонымен қатар асырап алынған баланың ата-анасымен некеге тұрған тұлғаларға да қолданылмайды.
Әлеуметтік салықтық шегерімдерді оларды қолдануға негіз туындаған сол күнтізбелік жылы пайдалануға болады.
Салықтық шегерімдерді салық агенті (жұмыс беруші) арқылы немесе егер жұмыс беруші оларды қолданбаған жағдайда, жеке тұлғаның өзі қолдана алады.
Шегерімдерді пайдалану үшін міндетті түрде растайтын құжаттар болуы және заңнамада белгіленген тәртіп сақталуы қажет.
Салықтарға қатысты толық ақпаратты 1414 нөмірі арқылы алуға болады.
"Аяғыма оқ тиіп, кестіруге мәжбүр болдым": Сынаққа сынбаған Паралимпиада чепионы Ербол Хамитов жайлы не білеміз?