Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылы қоғамдық тамақтану орындарында баға қалай өзгермек

Фото: Unsplash.comФото: Unsplash.com

2026 жылы Қазақстанда жаңа 16% деңгейіндегі Қосылған құн салығы (ҚҚС) іске қосылады. Ал бұл 2025 жылғымен салыстырғанда 4% жоғары. Мұндай өзгеріс азық-түлік пен қоғамдық тамақтандыру орталықтарындағы бағаға да әсер етері сөзсіз. Stan.kz ақпарат агенттігі елде Қосымша құн салығының өсуіне орай, 2026 жылы қоғамдық тамақтану орталықтарында тағамдардың бағасы қаншалықты өзгеретінін анықтап көрді.

Рестораторлар клубы қауымдастығының болжамынша, баға 7–12% жоғарылауы ықтимал

Ал Қазақстандағы Рестораторлар клубы қауымдастығының Қаржы директоры Ирина Маратқызының сөзінше, жаңа жылда Алматыда тамақтану орындарындағы бағалар орта есеппен 7–12% жоғарылауы мүмкін.

"Мекеменің форматы мен орналасқан жеріне байланысты тамақтар мен сусындар Алматы бойынша орта есеппен шамамен 7–12% қымбаттауы мүмкін. Сиыр еті мен ет тағамдары, импорттық өнімдер, тауарлар, азық-түлік және тағы басқасы қымбаттайды. Өнімдер құнының өсуіне импорт пен логистика шығыны, қызметкерлердің жалақысы, жалға алу ақысы, коммуналдық төлемдер және салық жүктемесі әсер етеді. Әр мейрамхана шешімді өзі қабылдайды. Қалауынша "жай ғана көтере салуға" болмайды, себебі бәсекелестік жоғары. Сондықтан көп мекеме әзірше бағаларды ұстап тұр және қонақтарын жоғалтып алмау үшін оларды өте сақтықпен ғана көтеріп жатыр", – деп пікір білдірді Ирина Маратқызы.

Stan.kz 10 шақты тамақтану орталықтарына хат жіберіп, келесі жылы тамақтар бағасы қалай өзгеретінін сұрап көрді. Дегенмен біраз кафе, асханалар баға қалай құбылатыны әлі беймәлім, уақытында шаралар қабылданады деп отыр.

Асханалар мен дәмханалардың өздері не дейді?

"Тағам" асханалар желісі қазір қызметтеріміздің құнын арттыру жоспарда жоқ екенін хабарлады.

“Нарықтағы жағдайдың тұрақсыз екенін байқап отырмыз. Қызметтеріміздің өзіндік құнына әсер ететін факторлар – азық-түлік сатып алу, ғимараттарды жалға алу, логистикалық шығындар және басқа да негізгі шығыс баптары сыртқы жағдайларға байланысты өзгеруі мүмкін", – деп жауап берді "Тағам" асханалар желісінің өкілі.

Coffee BOOM желісі де бізге берген жауабында азық-түлік пен сусындардың бағасын өзгерту туралы шешім қабылданбағанын хабарлады.

"Жалпы тамақ өнімдерінің құнына макроэкономикалық және салалық факторлар әсер етуі мүмкін. Болуы ықтимал өзгерістердің мерзімдері мен параметрлері туралы шешім қабылданғанда, тиесілі ақпарат мүмкіндігінше белгіленген тәртіппен және Қазақстан заңының талаптарына сай тұтынушыларға жеткізіледі", – деп мәлімдеді Coffee BOOM желісінің басшылығы.

Ал Bayurdaq жедел ас желісі тағамдарға қоспасыз таза ет қолданылатындықтан, тағамдардың бағасы тікелей еттің құнына байланысты деп отыр.

"Bayurdaq тағамдары 90% таза ет өнімдерінен тұрады. Сондықтан тағамдардың бағасы тікелей еттің құнына тәуелді. 2025 жылы тек сиыр етінің бағасы қаңтар-желтоқсан аралығында 30% қымбаттады. Ал ресторанда тағамдар бағасын пропорционалды түрде қымбаттату мүмкін болмайды. Бізде 2025 жылы бағалар тек 10% жоғарылады", – деп жауап берді басшылық біздің сауалымызға.

Дегенмен олар 2026 жылдың алғашқы тоқсанында баға өзгеріссіз қалады деп мәлімдеді.

"2026 жылы наурыз айына дейін бағаларды өзгерту жоспарланбаған. Бауырдақ өнімдерінің барлығы ет тағамдары болғандықтан, еттің қымбаттауы мәзірдегі барлық тағамның бағасына әсер етеді. Шикізат бағасы, ғимаратты жалға алу бағасы өзгерісі, инфляцияға байланысты жалақы мөлшерін реттеу бағалардың өсуіне алып келеді. Дегенмен 2026 жылдың алғашқы тоқсанында баға өзгерісін жоспарламадық, шикізат бағасына динамикада талдағанда ғана болжам жасалады", – дейді Bauyrdaq желісі.

“Сұрақ билікке қойылуы керек, себебі кәсіпкер бағаны мәжбүрліктен өзгертеді”

Қауымдастық басшысы Гүлнәр Нұрғанатқызы да "Қымбаттай ма?" деген сұрақ көбіне рестораторларға емес, билікке қойылуы керек деп есептейді. Ал қоғамдық тамақтану орындары сыртқы және ішкі әсер етуші факторларға қарай әрқайсысы өзі шешім қабылдауға мәжбүр дейді.

“Бұл сұрақ рестораторларға қарағанда, елдегі билікке көбірек қатысты: олар халық тұтынатын тауарлар нарығында бағаны тұрақты ұстап тұра ала ма? Мысалы, биыл тамақтану орындарындағы дайын тағамдардың бағасын 7%-дан 12%-ға дейін көтердік. Бұл – мәжбүрлі қадам, өйткені кәсіпкер өнім мен коммуналдық қызметтердің нарықтағы бағасына ілесіп үлгере алмай отыр. Оған қоса бізде еңбекақы қоры да үлкен екенін ұмытпау керек. Егер доллар бағамын ұстап тұру мүмкін болмаса, онда тек халық тұтынатын тауарлар емес, коммуналдық қызметтер де, әсіресе өндірісі Қазақстаннан тыс жерде орналасқан тауарлардың бәрі қымбаттайды. Олар: балық, қосалқы өнімдер, консервіленген өнімдер және т.б. Өнімдердің қымбаттауы доллар бағамының көтерілуіне, импорт пен логистикаға байланысты. Қызметкерлердің жалақысы да маңызды фактор. Тіпті жалға алу ақысы да валюта бағамына байланған, әсіресе кепілде тұрған немесе әлі толық сатып алынбаған ғимараттарда. Бұған коммуналдық төлем мен салықты қосыңыз. Әр мейрамхана өз шешімін өзі қабылдайды”, – дейді ол.

Алайда қауымдастық басшысы дәмханалар бағаны өз бетінше ғана көтере алмайтынын ескертті. Себебі бәсеке және клиенттен айырылу қаупі тағы бар.

“Бағаны "қалай болса солай" көтеру мүмкін емес, Алматыда бәсекелестік өте жоғары. Қазір қалада шамамен 10 000 қоғамдық тамақтану нүктесі бар. Бұл отыратын орындары бар мейрамханалар ғана емес, донерханалар, чебурекханалар, шайханалар және басқа да форматтар. Сондықтан көп мекеме әзірге бағаларды ұстап тұр және қонақтарынан айырылып қалмау үшін бағаны қатаң сақтықпен көтеріп жатыр. Мейрамханадағы ең қымбат адам – қонақ. Олардың біздің индустрияға қосқан үлесінің арқасында біз де өмір сүріп, жұмыс істеп келеміз”, – деп қорытындылады Гүлнәр Нұрғанатқызы.
Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 31 Желтоқсан, 2025 15:13