Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның елшіліктері шетелдіктерге ЖСН беруді тоқтатады

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның елшіліктері шетелдіктерге ЖСН беруді тоқтатадыФото: gov.kz

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның елшіліктері, консулдықтары және басқа да шетелдегі мекемелері шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін беруді тоқтатады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің мәліметінше, шетел азаматтарына ЖСН беру жөніндегі қолданыстағы пилоттық жобаның мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.

“2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның шетелдегі мекемелері шетел азаматтарына ЖСН бермейді”, – делінген елшілік хабарламасында.

Сонымен қатар, Қазақстанның уәкілетті мемлекеттік органдары шетел азаматтары үшін eResidency бағдарламасын енгізді. Бұл бағдарлама Қазақстанға келмей-ақ, онлайн форматта мемлекеттік қызметтер мен сервистерді алуға мүмкіндік береді. Оның ішінде ЖСН көрсетілген цифрлық ID-картаны алу да бар.



“Бағдарлама шетел азаматтарына Қазақстанда ресми цифрлық мәртебе алуға мүмкіндік береді. Бұл мәртебе елдің бизнес мүмкіндіктері мен онлайн сервистеріне қол жеткізуді қамтамасыз етеді”, – деп хабарлады елшілікте.

Атап айтқанда, eResidency бағдарламасы мыналарды қамтиды:

- ЖСН көрсетілген цифрлық ID-картаны алу;

- Қор нарықтарына, криптобиржаларға қол жеткізу, қазақстандық нөмірі бар eSIM алу;

- Электрондық цифрлық қолтаңба мен сақтандыру қызметтерін рәсімдеу;

- Қазақстандық карталарды пайдалана отырып, банктік шоттарды онлайн ашу;

- Салықтық резиденттік алу және барлық төлем сервистері бойынша эквайринг мүмкіндігі.

Шетел азаматтарына ЖСН алу мәселелері бойынша eresidency.gov.kz ресми сайтына жүгіну ұсынылады. Онда барлық толық әрі өзекті ақпарат берілген.

Еске салсақ, 2026 жылдан бастап Қазақстанда паспорт жасату қымбаттайтынын жазғанбыз. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 31 Желтоқсан, 2025 21:00