Германияға тікелей рейс: 2025 жылы Қазақстанда қандай әуе бағыттары ашылады
Қазақстанның көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров елімізде жаңа әуе рейстері ашылып, қосымша ұшақтар сатып алу жоспарланып отырғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: t.me/PR_AirAstana
Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылы Қазақстанда 10 ірі әуе рейсі ашылады.
“Биыл 22 жаңа әуе бағыты ашылған еді. Келер жылы 10 әуе рейсі іске қосылады деп жоспарлап отымыз. Оның ішінде Будапешт, Мюнхен пен Рим бар. Сондай-ақ келесі жылы 18 ұшақ сатып алу жоспарда бар. Биыл 10 ұшақ сатып алған едік”, – дейді Мақсат Қалиақпаров.
Ал ішкі рейстерге келер болсақ, ел ішіндегі рейстердің ашылуы қаржыландыруға байланысты дейді.
“Сондай-ақ ішкі рейстерді, негізінен туристік бағыттарды дамытуды жоспарлап отырмыз. Бұл рейстерге субсидия беріледі. Әкімдіктер өз өтініштерін жібереді, қаржы көздерін анықтағаннан кейін қосымша бағыттарды ашамыз. Бізде халықаралық және ішкі рейстерді ашуда ешқандай қиындық жоқ. Мұндағы бір мәселе – қаржыландыру”, – дейді вице-министр.
Осы ретте Air Astana Германияға жаңа әуе бағытын ашты. Енді жолаушылар Алматы–Франкфурт рейсімен діттеген жеріне жетеді.
“Жаңа маршрут Астана мен Оралдан Франкфуртқа ұшатын рейстермен қатар жүзеге асады. A321LR ұшағы Алматы–Франкфурт рейсімен 2025 жылдың 1 маусымынан басталып, аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері ұшады. Ұшу кестесі тікелей рейстердің де, транзитті жолаушылардың да ыңғайына қарай ойластырылған. Алматыдан 01:30-да ұшып, Франкфуртқа 06:55-те келіп қонады. Қайтар рейс 08:30-да ұшып, Алматыға 18:55-те келеді”, – деп мәлімдеді Air Astana.
Әуе компаниясының мәліметінше, эконом-класс билеттерінің барып-келу минималды құны алымдарды қосқанда 288 мың теңгеден басталады. Билеттерді әуекомпанияның ресми сайтынан, сату кеңсесінен, брондау және ақпарат орталығынан, сондай-ақ аккредиттелген агенттіктерден сатып алуға болады.