Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2025 жылы Қазақстан қандай танымал тұлғалардан айырылып қалды?

Коллаж: Stan.kzКоллаж: Stan.kz

2025 жылы Қазақстан елге еңбегі сіңген, білім мен ғылымда, өнер мен әдебиетте ойып орын алған біраз тұлғаларынан айырылды. Олардың қатарында жазушылар Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, ақын Күләш Ахметова, ғарышкер Талғат Мұсабаев және ғалымдар мен мәдениеттанушылар бар. Stan.kz қазақстандықтардың жүрегінен орын алған, биыл өмірден өткен танымал тұлғаларды түгелдеп, еске алады.

Жазушы Мұхтар Мағауин

2025 жылы 9 қаңтарда Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы Мұхтар Мағауин 85 жасқа қарған шағында дүниеден өтті. Жазушы соңғы жылдарын АҚШ-та өткізген еді, сондықтан жазушыны жерлеу рәсімі Америкада өтті.

Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылғы 2 ақпанда Семей облысы Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын 1965 жылы бастады. "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі болды. Кешқұрым атты тұңғыш әңгімесі 1964 жылы "Жұлдыз" журналында жарияланды. "Қобыз сарыны" атты ғылыми монографиясы жарық көрген. Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды.

"Көкмұнар" (роман, 1972), "Бір атаның балалары", "Аласапыран" (тарихи роман-дилогия, 1980-1982), "Ғасырлар бедері" (әдеби зерттеулер), (әңгімелер, хикаят, роман), "Шақан Шері" (роман), "Мен" (ғұмырбаяндық роман-хамса), "Құмырсқа-қырғын" (әңгімелер), "Ұлтсыздану ұраны" (мақалалар) және тағы басқа кітаптары жарық көрген. Еңбектері 27 том болып жиналған. Соңғы жылдары "Шыңғыс хан және оның заманы" атты толайым зерттеу еңбегін жазды. "Аласапыран" тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. (1984). Қазақстанның Халық жазушысы, Түркияның Халықаралық "Түркі дүниесіне қызмет" сыйлығының сахибы.

Мұхтар Мағауин жары Бақытжамалмен төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан жиырма шақты немере, 5-6 шөбере сүйді.

Жазушы Дулат Исабеков

Биыл 21 ақпанда жазушы, драматург Дулат Исабеков 82 жасында дүние салды. Дулат Исабеков 1942 жылғы 20 желтоқсанда, Арыс ауданының Ленин жолы ауылында дүниеге келген. 1966 жылы ол Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.

Дулат Исабеков ұзақ жылдар бойы түрлі редакцияларда аға ғылыми редактор, бөлім меңгерушісі, бас редактор, бас директор қызметтерін атқарған. Алғашқы әңгімесі "Жолда", "Замандастар" атты жинақта 1963 жылы жарияланды. "Бекет" (1966), "Ащы бал" (1969), "Мазасыз күндер" (1970), "Қара шаңырақ" (1973), "Тіршілік" (1975) повестер мен әңгімелер жинақтары, "Қарғын" (1980) романы басылды.

Тандаулы повестері "Екі жиырма" (1983) деген атпен жарық көрді. Бірқатар шығармалары орыс тіліне аударылып, "Полынь" (1978), "Отчий дом" (1979), "Смятение" (1986), "Новоселье в старом доме" (1986) деген атпен басылды. Жеке туындылары мажар, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды.

Ғарышкер Талғат Мұсабаев

Ғарышкер Талғат Мұсабаев та биыл 3 тамыз күні 74 жасында дүниеден өтті. Ол – Қазақстанның екінші, Ресейдің 79-ыншы, әлемнің 309-ғарышкері. 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысында дүниеге келген. Саяси қызметінде Мұсабаев Қазақстан Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы (2007–2016) мен сенатор (2017–2023) болған.

Талғат Мұсабаев екі рет "Мир" орбиталық станциясында және бір рет Халықаралық ғарыш станциясында (ХҒС) болды. 1991 жылғы 1 қыркүйекте ХҒКК шешімімен ол ғарышкер-сынаушы қызметіне тағайындалды. Осыдан кейін үш ғарыш сапарын жасады. 1994 жылғы 1 шілдеден 4 қарашаға дейін "Союз ТМ-19" кемесінің және "Мир" орбиталық кешенінің бортинженері ретінде ЭО-16 бағдарламасымен алғашқы ғарыш сапарын жасады. Ұшу барысында екі рет ашық ғарышқа шықты. Ұшу ұзақтығы 125 тәулік 22 сағат 53 минут 36 секунд болды.

Талғат Мусабаев ғарышқа Қазақстан туын алғаш рет алып шықты және орбитаға Құран кітапты жеткізген ең алғашқы және әзірге жалғыз ғарышкер.

Екінші ғарыш сапарында Талғат Мұсабаев "Союз ТМ-27" кемесінің және "Мир" орбиталық кешенінің командирі қызметін атқарды. Ұшу 1998 жылғы 29 қаңтарда басталып, 25 тамызда аяқталды, бес рет ашық ғарышқа шықты. Талғат Мұсабаевтың үшінші ғарыш сапары 8 күнге созылды: 2001 жылғы 28 сәуірде басталып, 6 мамырда аяқталды. Бұл жолы ол "Союз ТМ-32" кемесінің командирі болды. Сол сапарда Талғат Мұсабаев және оның экипажы ғарыш туризмінің дәуірін ашты, экипаж құрамында алғашқы ғарыш туристі болды.

Ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы

Абайтанушы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы 2025 жылы 11 қаңтар күні дүниеден озды. 94 жыл өмірінде ғалым Абай Құнанбайұлының өмірін, оның ақындық зертханасының жайы, ақын мұрасының рухани нәр алған қайнар көздері, ақынның мұрасының шығыспен байланысы, моралі – бәрін зерттеді, бірнеше ғылыми еңбектер жазды. Абай шығармаларын жаңа қырынан талдап, ондағы айтылмай келген шығыстық мәселелер мен танылмай келген ойларды, шығыстық термин сөздерді заман талабы тұрғысынан жаңаша қорытып, ғылыми айналымға түсірді.

Мырзахметұлы кеңестік кезеңде-ақ патшалық Ресейдің Қазақстанда жүргізген миссионерлік саясаты негіздерін әшкерелеп, қазақ жеріндегі топонимдер мен антропонимдердің саяси-әлеуметтік сырларын ашып, қоғамдық ой-санаға ықпал етті. Абайтану мен мұхтартанудың ғылыми негізді қарым-қатынасын зерттеді.

Мекемтас Мырзахметұлы 1930 жылғы 9 мамырда қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Майтөбе ауылында дүниеге келген. Ғалым қазақ қоғамында ашаршылық туралы тағдырлы әңгімелерімен де танымал. Ашаршылық жылдары ғалымның анасы сегіз айлық қызы мен төрт жарым жасар Мекемтасты алып, басқа ауылға қарай жолға шыққан. Тау мен тастың арасынан өтіп, ауылға жақындаған тұста қасқырларға тап болып, анасы шарасыздықтан қызын қасқырларға қалдырып, ұлын аман алып қалған.

Ақын, журналист Күләш Ахметова

Махаббат пен нәзіктіктің ақыны, журналист, аудармашы Күләш Ахметова биыл 14 қарашада 79 жасында дүние салды. Ақын ғұмырында қазақ қыздарының сезімдерін өлеңге айналдырды. Оның нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін шығармалары туған елді сүю, адалдық, достық, махаббат сезімдерін арқау етеді.

Күләш Ділдәқызы Ахметова 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстан, Талас ауданы, Киров ауылында дүниеге келген. 1978 жылы "Сен менің бақытымсың" атты кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. 2006 жылы "Құт" кітабы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. "Болашақ" поэмасы үшін К.Симонов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері болды.

Талас аудандық "Ленин жолы", республикалық "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, "Жалын" баспасының поэзия бөлімінде редактор болған.
Ахметова өлеңдері орыс, украин, белорус, өзбек, башқұрт, қырғыз және тағы басқа тілдерге аударылған. Сонымен қатар ол А.Межиров, Н.Ислам, Э.Межелайтис өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалады.

Актриса Дариға Тілендиева

Биыл 11 наурызда актриса, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Дариға Тілендиева 79 жасында өмірден өтті. Дариға Тілендиева 1946 жылғы 4 тамызда Алматы облысында дүниеге келген. Ол жастайынан "Қазақфильм" киностудиясында курстардан өтіп, 1980 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған.

Кинодағы алғашқы рөлін "Қазақфильм" киностудиясы түсірген, Ілияс Жансүгіровтің аттас поэмасының желісімен қойылған "Құлагер" фильмінде ойнаған. 1967 жылдан бері "Қазақфильм" киностудиясының актрисасы болды. "Тризна" (1974), "Алпамыс мектепке барады" (1977), "Жау, тоғызыншы ұлдан қорық" (1984), "Қоштасқым келмейді" (1992), "Жамбыл" (1993) және тағы басқа фильмдерге түскен.

Кейін жары музыкант, сазгер Нұрғиса Тілендиев өмірден өткен соң Н.Тілендиев атындағы Халықаралық қоғамдық қордың президенті болды.

Нұрғиса Тілендиев пен Дариға Тілендікеліні 1967 жылы Алматыдағы киностудияда танысқан. Сол сәтте аты әйгілі музыкант жас қызды бірден ұнатып, сезімін білдірген. Көпшілікке танымал "Куә бол" әні – композитордың сүйген жарына арнаған ең алғашқы туындысы.

Ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбай

Ақын әрі сазгер Исраил Сапарбай 2025 жылы 18 шілдеде 85 жасына қараған шағында дүние салды.
Исраил Сапарбай 1941 жылы 15 мамырда Өзбек КСР-нің Самарқан облысындағы Кушрабад ауданында туған. Ол 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. "Ауылдан келген ару", "Әмір-Темір", Абай-Тоғжан", "Сыған серенадасы", "Махаббат мейрамы" пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.

Исраил Сапарбай шығармалары қатарында "Аққу арман" (1976), "Раушан ғұмыр" (1978), "Бозқараған" (1980), "Қызыл-жасыл дүние" (1984), "Жүрегіме ұя салған қарлығаш. Өлеңдер" (1986), "Қызыл жел. Өлеңдер" (1998), "Ғашықтың тілі. Өлеңдер", "Махаббат пен Ғадауат. Өлеңдер" кітаптары бар.

Жазушы, этнограф Болат Бопайұлы

Биыл 18 наурызда этнограф, жазушы Болат Бопайұлы дүниеден озды. Болат Бопайұлы Қазақстан жазушылар одағының, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, қазақ ұлттық салт-дəстүр, әдет-ғұрып акедемиясының акедемигі болды. Этнограф соңғы күндеріне дейін қоғамда салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын тоқтатпады. Баспасөз беттерінде және онлайн басылымдарда оның жазған мақалалары мен айтқан түсіндірмелері қалды.

Болат Бопайұлы 1960 жылы 1 қаңтарда Қытай Халық Республикасы Алтай аймағы, Көктоғай ауданында дүниеге келген. Жоғары білім алған соң Шынжаң өлкесіндегі оқу-ағарту ісіне атсалысты. Алғашқы шығармалары сол жақта жарық көрді. Қазақстанға оралған соң этнография саласына үлес қосып, кітаптар жазды. Этнографтың қазақ этнографиясына байланысты "Қазақ мінезі", "Қазақ кәдесі", "Қазақы түс жору", "Бастаудан бақиға дейін", "Қазақтың гүл мәдениеті", "Қазақ наурызнамасы", "Қазақ аспан есебі" сияқты оннан астам кітаптары бар.

Болат Бопайұлы Қазақстан жазушылар одағының, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, қазақ ұлттық салт-дəстүр, әдет-ғұрып акедемиясының акедемигі болды. Ол қазақ халқының этнографиясы тақырыбына 30 шақты кітабын арнаған.

Актер Қайрат Кемалов

2025 жылдың 17 шілдесінде қазақстандық кино және театр актері Қайрат Кемаловтың қайтыс болғаны белгілі болды. Актер 68 жаста еді. Қайрат Кемалов кеңестік-қазақстандық кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол қазақстандықтарға "Қазақ хандығы" сериалындағы Керей хан ролімен танымал.

Қайрат Кемалов 1958 жылғы 8 қаңтарда Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде туған. 1978 жылдан бастап ол М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет етті. 1980-1983 жылдары және 1985-1994 жылдары С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актеры, ал 1990-1995 жылдары Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актеры болды. Ал 1995 жылдан С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының артисі болды.

"Қазақ хандығы. Алмас қылыш" фильміндегі Керей ханның рөлі үшін "Үздік ер рөлі" номинациясы бойынша "Тұлпар" ұлттық киносыйлығын алды. 2022 жылы ол "Қорқыт ата" Халықаралық Түркі әлемі кинофестивалінің жеңімпазы атанды – оған Қазақстандағы ашаршылықтың 100 жылдығына арналған "Ақ боз үй" ("жалғыз киіз үй") көркем фильміндегі үздік ер адам рөлі үшін сыйлық табыс етілді. Онда Қайрат Кемалов бидің рөлін ойнады. 2024 жылы актер "Парасат"орденімен марапатталды.

Ақын, жазушы Темірхан Медетбек

2025 жылы 9 мамырда ақын, жазушы Темірхан Медетбек 80 жасында дүниеден өтті. Ол Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институты филология факультетінде оқыған. 1968-2002 жылдары Радио мен телевидениеде, түрлі газет-журналда, шығармашылық ұйымдарда қызмет атқарған. Қазақстан Жазушылар Одағында екінші хатшы, "Ақиқат" журналының бас редакторы болды.

Алғашқы жыр жинағы "Жанымның жас құрағы" деген атпен 1970 жылы жарық көрді. Оннан астам өлең жинақтары жарияланып, оқырмандар мен сыншылардың жоғары бағасын алды. Медетбек Темірхан көптеген кітаптардың авторы. Оның "Жанымның жапырақтары", "Сапар алдында", "Алыс шақырымдар", "Мәртебе", "Әуедегі толқындар", "Дауыс", "Көгершін қауырсындары", "Аңқа кептірген аңызақ", "Сырым бар саған айтатын", "Тағдырлы жылдар жырлары", "Көк түріктер сарыны" жыр жинақтары мен "Менің Абайым", "Баба дәстүрдің мұрагері кім?", "Сегіз қырлы сексен сырлы әлем бұл" атты сан кітаптары жарық көрген.

Өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар, тілдеріне аударылған. Өзі де Пушкин, Лермонтов, Якоб Колас, Янка Купала, Леся Украинка, Радован Загович, Бодлер, Верхарн, Пабло Неруда, Незвал, Еркін Вахидов сияқты ақындардың өлеңдерін, сонымен қатар Генрих Белдің "Иесіз үй" романы мен Владимир Набоковтың бірнеше шығармаларын аударған.

Қоғам қайраткері, ғалым Жабайхан Әбділдин

Биыл 3 желтоқсан күні ғалым, мемлекет қайраткері Жабайхан Әбділдин 92 жасында дүниеден өтті. Ол – кеңес және қазақстандық қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор. Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері. Жабайхан Әбділдин Қазақстандағы диалектикалық логика мектебінің негізін салушы.

Ол 1933 жылы 16 ақпанда Павлодар облысында дүниеге келген. 1954 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-экономика факультетін бітірген. Еңбек жолында Қазақ КСР ғылым Академиясының философия және құқық институтында, ҰҒА философия институтында, ғылым академиясында, Кеңес-қытай достығы қоғамында, Президент әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлімінде, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде түрлі басшылық қызмет атқарған.

Жабайхан Әбділдин диалектикалық логиканың өзекті мәселелерін зерттеуге арналған ғылыми еңбектерін қалдырған. Солардың қатарында нақты ұғым, бастама мәселелерін терең зерттеп, олардың философиялық тарихы тұрғысынан негізделген диалектикалық анықтамасын жасады. Оның басқаруымен диалектикалық логиканың категорияларын, заңдарын, принциптерін жан-жақты зерттеуге арналған ұжымдық монографиялары жарық көрді. Осы зерттеулердің нәтижесінде “Диалектикалық логика” аталатын 4 томдық еңбегі дүниеге келді. Мұнда диалектаның логикалық функциясы анық дәлелденіп, категорияларының ғылыми жүйесі жасалды, әрі олар қазіргі жаратылыстану ғылымдарының методологиялық мәселелерімен ұштастырылған.

Журналист Диас Ахметшәріп

Биыл 22 мамырда журналист Диас Ахметшәріп дүниеден өтті. Ол – спорт журналистикасында 25 жылдан астам еңбек еткен танымал журналист. Диас Ахметшәріп сонымен қатар "Qazsport" телеарнасының тұңғыш директоры болды.

Еңбек жолын 1997 жылы Қазақ радиосының репортері болып бастаған. Ұзақ жылдар бойы "Хабар" агенттігі мен "Қазақстан" телеарнасында спорт журналисі, "Қазспорт" мемлекеттік телеарнасының тұңғыш директоры, Insport телеарнасының бас редакторы болып қызмет атқарды. Олимпиада және Азия ойындарының, Әлем чемпионаттарының спорт шолушысы болған.

2003-2007 жылдары Спорт және туризм істері агенттігінің баспасөз қызметінің басшысы, баспасөз хатшысы, 2010-2012 жылдары "Астана-СК" корпоративтік қорының қоғаммен байланыс департаментінің директоры, 2012-2013 жылдары Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының кеңесшісі, Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Жазушы, драматург Әкім Тарази (Әшімов)

Биыл 22 сәуірде жазушы, драматург Әкім Тарази 91 жасында дүниеден озды. Ол 1933 жылғы 9 қыркүйекте Алматыда дүниеге келген. Әшімов 1957 жылы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. 1968 жылдан бері ол Жазушылар одағының мүшесі болды. 1956 жылы Әшімов еңбек жолын бастаған. Жамбыл облысының Шу ауданында мұғалім (1956–1958), "Ара" журналында фельетонист (1958–1959), "Қазақстан пионері" газетінде жауапты хатшы (1962–1970), Қазақфильм киностуциясында сценарийлік редакциялық алқа мүшесі, бас редактор болды.

Әкім Таразидің Құйрықты жұлдыз (алғашқы кітабы, 1966) повесі, Үлкен ауыл (1968), Асу-асу (1970), Көкжиек (1980), Басынан Қаратаудың (1984) повес-әңгімелері, Қыз махаббаты (1982) пьесалар жинақтары, Бұлтқа салған ұясын (1978), Тасжарған (1980), Кен (1986), Жаза (1998), Шер (2000), Махаббат жыры (2001), Қиянат (2002) сияқты кітаптары жарыққа шыққан. Сонымен қатар жазушы Күлмейтін комедия (1966), Жақсы кісі (1968), Жолы болғыш жігіт (1972), Қос боздақ (1985), т.б. пьесаларын, Тұлпардың ізі (1964, реж. М.Бегалин), Арман-атаман (1965, реж. Ш.Бейсенбаев), Қараш-Қараш оқиғасы (1972, реж. Б.Шөмшиев) және тағы басқа ¬фильмдерінің сценариін жазған.

Мәдениет қайраткері Ғалым Доскен

Филолог, әдебиет сыншысы, режиссер, сценарист Ғалым Доскен де биыл 11 қарашада 66 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол – қазақ мәдениеті мен журналистикасына көп үлесін қосқан азамат.

Ғалым Доскен – 1960 жылы 19 шілдеде дүниеге келген. Филолог, әдебиет сыншысы, режиссер, сценарист болған. Ол Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған. "Қазақстанның республикалық телевидение және радио корпорациясы" ЖАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары (2001-2002) болған. "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясы" АҚ басқарма төрағасы (2002-2006), "Ел" продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі (2007 жылдан бастап) қызметтерін атқарған. Осы жылдары телеарнада "Күлтөбе", "Үзеңгі жолдас", "Ақжүніс", "Алтын сақа", "Шынның жүзі", "Мезгіл" сынды бағдарламалар көрерменге жол тартты. Кейіннен "Ел" продюсерлік орталығының көркемдік жетекшісі болды.

Cыншы сонымен қатар "Сәулені күту", "Ұлы дала астаналары", "Маңғыстау қабірлерінің түсі", "Жоғалған жарық хроникасы" және тағы басқа фильмдердің, "Тоғыз құйрықты ақ түлкі", "Сиқырлы флейта", "Билейтін құс" кітаптарының, "Жезтырнақ" балеті либреттосының, аудармалардың авторы.

Актер Асанәлі Әшімов

Асанәлі Әшімовтің өмірі жайлы не білеміз

21 желтоқсан күні кино және театр актері, режиссер, Қазақ КСР халық әртісі, қазақтың Бекежаны Асанәлі Әшімов өмірден өтті.

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында өмірге келген. Оның балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Жастайынан тапшылық пен қиындықты көріп өскен ол 1944 жылы мектеп табалдырығын аттады. Оқуымен қатар еңбекке ерте араласып, қатарластары секілді колхоз жұмысына жиі араласқан. Асанәлі Әшімов 1956–1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде актерлік мамандық бойынша білім алған. Оқу орнын тәмамдағаннан кейін “Қазақфильм” киностудиясына актер ретінде штатқа қабылданған.

Қазақ театрының сахнасында ол 50-ден астам рөлде ойнады. Ол ойнаған әр роль қазақстандық көрерменнің жүрегінде із қалдырды. “Абай” қойылымында Керімді, “Еңлік-Кебек” қойылымында Кебекті, “Қара қыпшақ Қобыланды” қойылымында Айшуақты, “Таңғы жаңғырық” қойылымында Жарасбайды сомдаған. “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” қойылымында Қодар бейнесі, “Көктөбедегі кездесуінде” Иосиф Татаевич рөлі, “Юлий Цезарінде” Юлий Цезарь, “Дон Жуанның думанында” Дон Жуан, “Қан мен терінде” Еламан “Апатында” бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымда көрнекті актердің өрнекті ізі жатыр. Әшімовтің қара шаңырақ сахнасындағы соңғы күрделі жұмысы Г.Гауптманның “Ымырттағы махаббат” драмасындағы доктор Клаузен рөлі болды.

Сонымен қатар ол қазақ киносында отызға тарта кейіпкерді сомдаған. “Ән қанаты” фильмінде Қайменді бейнесін, “Атаманның ақыры” фильмінде Қасымхан Шадияровты экранға шығарды. “Жазушыда” Қаражал кейіпкерін, “Нан дәмінде” директор образын ойнаса, “Сіз кімсіз, К мырза?” фильмінде басты рөлді орындады. Ол “Қыз Жібек” фильміндегі Бекежан рөлі арқылы қазақ қоғамының жадында мәңгі сақталады. Бекежан образы бүгінге дейін көрермен есінде сақталып, қазақ киносының алтын қорындағы мәңгі бейнеге айналды.

Шенеунік Ержан Бабақұмаров

Ержан Бабақұмаров

Алматы әкімінің бұрынғы орынбасары Бабақұмаровтың Астанада кісі қолынан қаза тапты. 

Қайғылы оқиға 29-ынан 30 қазанға қараған түні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Ержан Бабақұмаров кешті достарымен бірге өткізген. Жиналғандар арасында кикілжің туып, ол төбелеске ұласқан. Бабақұмаров алған жарақатының салдарынан қайтыс болды.

Бұл іске қатысты күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды деп хабарланды.

Ержан Бабақұмаров 1969 жылы 2 наурызда Талдықорған облысында дүниеге келген. Саясаттану ғылымдарының докторы.

1996 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары және ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ жауапты хатшы, Мәдениет және ақпарат вице-министрі қызметтерін атқарды. Ол премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры, Мемлекет басшысының кеңесшісі – Президент Әкімшілігінің Талдау және болжау орталығының басшысы қызметтерін атқарды.

Еңлік Сақтан
Жұма, 26 Желтоқсан, 2025 16:45