Сарапшылар 2025 жылы доллар көтеріліп, тұрғын үй мен көлік қымбаттайтынын болжады
2025 жылы Қазақстан халқының шығыны арта түседі. Себебі келесі жылы жаңа Салық кодексі қабылданады, сәйкесінше салық мөлшерлемесі өседі. Сонымен қатар үй мен көлік қымбаттайды, доллар бағамы көтеріледі дейді мамандар. Ел экономикасындағы бұл өзгерістер халықтың жағдайына әсер етпей қоймайды. Stan.kz тілшісінің “2025 жылы қаржы тұрғысынан қандай өзгерістер болады?” деген сұрағына экономистер Арман Бейсембай мен Қуанышбек Дүйсенов жауап берді.
Экономистер Арман Бейсембай және Қуанышбек Дүйсенов. Фото жеке архивтерінен
Жаңа Салық кодексі қабылданады
Экономистердің сөзінше, аумалы-төкпелі уақытта Қазақстанның экономикалық жағдайын нақты болжау қиын. Дегенмен қазіргі жағдай негізінде белгілі бір болжамдар айтуға болады. Арман Бейсембай келер 2025 жылдың ең басты экономикалық өзгерісі жаңа Салық кодексі болады деп отыр.
“Міндетті түрде болатын және экономикаға әсер ететін өзгерістің бірі – жаңа Cалық кодексі. Әзірше онда не жазылатыны, қандай өзгеріс болатыны белгісіз. Қорытынды нұсқаны ешкім білмейді, әлі талқылану сатысында. Жаңа салық кодексінде не болатынын келесі жылдың ортасына таман ғана біле аламыз. Дегенмен бір нәрсені айта аламыз. Бұл салық кодексі жағдайымызды кемітпесе, жақсартпайды. Салық мөлшерлемесі артатыны, салық көбейетіні анық. Мемлекеттің басқа қолдан келер шарасы жоқ. Бәлкім, салық бүкіл халық үшін өспейтін шығар, бірақ нақты бір топтар үшін артатыны анық”, – дейді ол.
Сонымен қатар ол шағын және орта бизнес үшін жасалған жеңілдіктерді қысқарту белсенді түрде талқыланып жатқанын атап өтті.
“Бір жағынан бұл өзгерісті құптаймын, себебі дәл осылай көмектесе берген де жөн емес шығар. Оның үстіне кәсіпке арналған жеңілдіктерді бәрі ала алмайды, қандай да бір бөлігі ғана пайдасын көреді. Бұл жеңілдіктер бюджеттен бөлінеді, сондықтан бәріне тең бөлу үшін қысқартқан да дұрыс болар. Әзірше, салыққа қатысты қандай өзгерістер болатынын білмейміз, әзірше шамалап болжай аламыз”, – деді экономист Арман Бейсембай.
Инфляция деңгейі жоғарылайды
Экономист Қуанышбек Дүйсенов келесі жылы инфляция деңгейі қаншаға дейін көтерілуі мүмкін екенін айтты.
“2025 жылды макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде қарастырсақ, Ұлттық экономика министрлігінің болжамы бойынша, 2025 жылы ЖІӨ-нің нақты өсімі 5,6% деңгейінде болады. Алайда кейбір сарапшылар бұл көрсеткішті 4,7% деңгейінде бағалап отыр. Меніңше, деңгейі осы екі көрсеткіш айналасында болады. Ал инфляция кейбір сарапшылардың пікірінше, 2025 жылы 6,9% деңгейінде болады. Бұл бұрынғы болжамдардан жоғары. Меніңше, бұл көрсеткіш те осылай жоғары болуы мүмкін”, – деп қосты ойын экономист.
Доллар бағамы көтеріледі
Экономист Арман Бейсембай тіпті доллар 500-ден сәл төмен түссе де, ол бұл бағамды сақтап қалады дегенге сену қиын екенін айтты. 500 болып біраз уақыт тұра алмайды, көбіне 500-ден жоғары бағам сақталады деп болжады ол.
“Өз басым шамамен 510-520 болып тұрады деп топшылаймын. Пессимистік тұрғыдан алғанда 550-ге дейін жетуі ғажап емес, ал дағдарыс жағдайына ұшырасақ, онда бағам 580-ге жетеді. Біздің экономикамыз сыртқы факторлардың әсерінен де өзгереді. Қытай, Ресей, Еуропа одағының және АҚШ-тың экономикасы қандай болса, біздікі де соған сай өзгеріске ұшырайды. Жағдай тұрақты, жайлы болса, бізге де қорқыныш жоқ. Осы елдерде қандай да бір жағдай болса, ол тізбектеліп келіп біз сияқты кішкентай мемлекетке әсер етпей қоймайды. Егер олардың жағдайы нашар болса, Қазақстанға әсері екі есе байқалады”, – дейді маман.
Ал Қуанышбек Дүйсенов Қазақстан экономикасы сыртқы және ішкі өзгерістерге тәуелді, сондықтан бұл мәселеде тұрақты болжау жасау қиын дейді.
“Мұнай экспорттан түсетін табыстың басым бөлігәне тең. Егер Brent маркалы мұнай бағасы 75-80 доллар деңгейінде қалса, теңгенің тұрақтылығына қолдау болады. Алайда баға төмендесе, ұлттық валютаға қысым күшейеді. Баға 100 доллардан асса, доллар бағамы шамамен 480-490 теңге деңгейінде болуы мүмкін. Ал мұнай құны 60 доллардан төмендесе, бұл көрсеткіш 520-540 теңге аралығына жетуі ықтимал”, – деп бөлісті маман.
Оның сөзінше, бұл мәселеге әсер ететін екінші фактор – АҚШ-тың қаржы саясаты. Федералдық резервтік жүйе пайыздық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстаса, дамушы елдерге қаржылай қысым түседі.
“Инвесторлар АҚШ активтерін таңдаса, теңге бағамына кері әсер ететіні анық. Сонымен қатар алтын-валюта резервіне келсек, Ұлттық банк резервтерді 35-40 млрд доллар деңгейінде ұстап отыр. Бұл бағамды уақытша тұрақтандыруға мүмкіндік береді, бірақ ұзақ мерзімде бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. Одан тыс, егер үкімет инфляцияны 6-8% деңгейінде ұстай алса, теңгеге қолдау болады. Алайда қымбатшылық жалғасса, ұлттық валютаға қысым күшейеді. Сонымен келер жылы доллар бағамы шамамен 480-510 теңге деңгейінде болуы мүмкін. Бірақ сыртқы нарықтардағы тұрақсыздық және мұнай бағасының өзгеруі бұл болжамды өзгертуі ықтимал. Теңгенің ұзақ мерзімді тұрақтылығы үкіметтің инфляцияны бақылауда ұстау қабілетіне байланысты”, – дейді Қуанышбек Дүйсенов.
2025 жылы не қымбаттайды?
Экономистер Қазақстан импортқа тәуелді ел болғандықтан, мұнда бәрі міндетті түрде қымбаттайды деп отыр.
“Бізде өзіміз шығаратын ештеңе жоқ. Тіпті бірдеңе өндіріп шығарып жатсақ та, олар да шетелден импортталатын құралдар мен материалдардан өңделеді. Тіпті бір өнімнің импорт арқылы келген материалының үлесі – 65-80%. Ал смартфон, гаджет сияқты техникаларда бұл көрсеткіш – 100%. Оның үстіне бұл тауарлар доллармен сатып алынады. Әрине, бұл жағдайдың бәрі халыққа ұнамайды, оның жағдайын тұрақтандырмайды. Бұдан құтылатын да жол жоқ. Сөзсіз 2025 жылы біраз нәрсе қымбаттайды”, – дейді Арман Бейсембай.
Экономист Қуанышбек Дүйсеновтың болжамынша, азық-түліктен бөлек, мына санаттағы өнімдер мен қызметтер қымбаттауы мүмкін:
- Электр энергиясы тарифтері өседі. Бұл инфрақұрылымды жаңарту мен шығынына байланысты. Газ, көмір және жанармай бағасы да әлемдік нарықтағы өзгерістер мен ішкі сұраныстың артуына байланысты қымбаттауы мүмкін.
- Су, жылу және электр энергиясының тарифтері де өсуі мүмкін. Себебі, инфрақұрылым шығынының артуы бұл сегментке қысым түсіріп отыр.
- Импорттық киім бағасы 10-15%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Себебі теңгенің құнсыздануы және логистика шығындарының өсуі бағаға әсер етеді.
- Көлік бағасының өсуімен қатар, қосалқы бөлшектер мен жанармай құю қызметтері де қымбаттайды.
- Импорттық дәрі-дәрмек бағасы валюталық тәуелділікке байланысты өседі.
- Жеке медициналық қызметтер, әсіресе заманауи технологияларды қолданатын салаларда қымбаттай түседі.
- Жеке мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу ақысы инфляцияға байланысты көтерілуі мүмкін. Кәсіби курстар мен IT саласындағы оқытулар да қымбаттайды.
Тұрғын үй мен көлік 10-15% қымбаттайды
Экономист Қуанышбек Дүйсеновтың сөзінше, 2025 жылы жылжымайтын мүлік бағасы өседі деп айтуға болады. Негізгі себептері – құрылыс материалдарының қымбаттауы, инфляция және ірі қалалардағы жылжымайтын мүлікке сұраныстың артуы. Алматы, Астана сияқты урбандалу деңгейі көп қалаларда тұрғын үй бағасы шамамен 10-15% көтерілуі мүмкін.
“Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары сұранысты одан әрі ынталандырады, бірақ халықтың табыс деңгейі бұл өсімді толық көтере алмауы мүмкін. Шағын қалалар мен ауылдарда баға тұрақты немесе аз ғана өзгеріссіз қалады. Элиталық үйлерге сұраныс баяу болғандықтан, бұл сегментте баға өсімі бәсеңдейді”, – дейді ол.
Ал көліктің қымбаттауына импорттық баж салығы, теңге бағамының тұрақсыздығы және логистикалық шығынның артуы факторлары әсер етеді.
“Көліктің қымбаттауы жыл өткен сайын заңдылыққа айналып бара жатыр. Жаңа көліктердің бағасы 10-15%-ға дейін қымбаттауы мүмкін. Әсіресе, импорттық көліктерде бұл өсім айқын байқалады. Сонымен қатар екінші нарықтағы танымал көліктерге сұраныстың жоғары болуы олардың бағасын 5-10%-ға арттыруы ықтимал. Электромобильдер сегментінде баға тұрақты қалуы мүмкін, себебі бұл нарықтағы бәсекелестік артып келеді. Бірақ оған қарамастан бензинмен жүретін көліктердің бағасы жоғары деңгейде сақталады”, – деп қосты қаржы маманы.
2025 жылы халықтың қаржылай жағдайы қандай болады?
Қуанышбек Дүйсеновтің айтуынша, 2025 жылы халықтың қаржылық жағдайына әсер ететін бірнеше негізгі фактор бар. Ең төменгі жалақы 85 000 теңгеден тағы көтерілсе де, инфляция нақты табыстың өсуін тежейді.
“Әсіресе, орта және төмен табысты отбасылар үшін негізгі шығындарды жабу қиын болуы мүмкін. Жоғары білікті мамандардың табысы IT, логистика және энергетика салаларында өседі деп болжанады. Инфляцияны 6-8% деңгейінде ұстау жоспарланғанымен, азық-түлік, коммуналдық қызметтер және жанармайдың қымбаттауы халық шығынын арттырады. Кредитке тәуелділік сақталады, ал несие алу құны базалық мөлшерлеменің жоғары болуына байланысты қымбаттайды. Ірі қалаларда өмір сүру деңгейі жоғары болса, ауылдық аймақтарда экономикалық қиындықтар сақталады. Мемлекеттік әлеуметтік қолдау бағдарламалары халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, бірақ бұл шаралар инфляция қарқынына сай емес деп айтуға болады.
Экономистің болжамынша, жұмыссыздық ресми түрде 4,8-5% деңгейінде қалады, бірақ кейбір аймақтарда бейресми жұмыссыздық мәселесі өзекті болады.
“Жалпы несиелік қарыздар халыққа қысым жасап отыр. Табысы төмен халық арасында микрокредиттерге тәуелділік артуы ықтимал. Жалпы айтсақ, қымбатшылық пен несиеге тәуелділік жағдайды қиындатуы мүмкін. Келер жылы, нақты табысты арттыру және инфляцияны бақылау үшін мемлекеттік реформалар қажет”, – деп түйіндеді Қуанышбек Дүйсенов.
Бұл ретте Арман Бейсембай келер жылы болатын қаржылай өзгерістерге дайын болу мүмкін емес екенін айтты.
“Табыс көзін іздеңіз, ақшаны өзіңізге салыңыз, табысыңызды өсіру мүмкіндіктерін қарастырыңыз, квалификацияңызды көтеріңіз. Келесі жылы болатын қаржылай өзгерістерге дайын болу мүмкін емес”, – деп қорытындылады экономист.