2025 жылы тұрғын үйді басқару және ұстаудың ең төменгі тарифі қымбаттамақ
Келер жылы Алматыда тұрғын үйді күтіп-ұстаудың ең төменгі тарифі өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pexels.com
2010 жылдан бері қолданыста болған ескі нормалар енді өзектілігін жоғалтқан. Сол себепті тариф қымбаттайды.
“Бұрын ең төменгі тариф 1 м² үшін 25 теңге болатын және Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен бір жыл мерзімге белгіленген болатын. Алматыда 2025 жылға арналған кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін ұстауға жұмсалатын шығыстардың ең төменгі мөлшері 1 шаршы метрге 40 теңге мөлшерінде бекітілсін”, – делінген құжатта.
Белгілі болғандай, тұрғын үйді басқару және күтіп-ұстау шығындарына еңбекке, банктік қызметтерге, дератизация және дезинфекция жұмыстарына, сондай-ақ ортақ мүлікті ұстауға арналған міндетті жарналар кіреді.
Соңғы 14 жылда жылына орта есеппен 7 пайыз инфляцияны ескере отырып, жұмыс тобы тарифті қайта есептеді. 2023 жылдан бастап аулаларды күтіп ұстау жергілікті бюджеттен қаржыландырылатынын, ал күрделі жөндеу жұмыстары жеке жинақ шотынан жүргізілетінін ескеру қажет.
Алматыда шамамен 9 мың көпқабатты тұрғын үй бар. Олардың 5500-ден астамында тұрғын үйді күтіп-ұстауға арналған тариф 1 м² үшін 40 теңгеден төмен.
Құжат 5 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында орналастырылған.
Бұған дейін Мәулен Әшімбаев елімізде коммуналдық қызмет тарифтерін өсіру керегін айтқан еді.