Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2024 жылы қазақстандықтар қандай танымал тұлғалардан айырылып қалды

2024 жылы халқымыз бірнеше адамнан айырылып қалды. Ғылым мен өнерге үлес қосқан, халыққа еңбегі сіңген адамды соңғы сапарына шығарып салды.Оның ішінде спортшылар мен саясаткерлер, әнші-актерлер және өз саласының үздігі болған жандар бар. Stan.kz биыл бақилық болған жандардың тізімін жасап, марқұмдарды еске алады. 

Жұмабай Шаштайұлы (1950-2024)

12 наурызда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист-жазушы Жұмабай Шаштайұлы 74 жасында өмірден озды.

Жұмабай Шаштайұлы "Коммунизм жолы", "Лениншіл жас", "Социалистік Қазақстан" газеттерінде, "Жалын" журналында жұмыс істеді, "Заман Қазақстан" және "Қазақ әдебиеті" газеттерінің бас редакторы болды.

Ол – "Жала мен нала", "Жыр жолбарыс", "Біздің заманның Аяз биі", "Жаңғырық" кітаптарының авторы. Кеңестік кезеңде жазылған, бірақ сол кездегі биліктің сынына ұшыраған "Қызыл қар" романының соңғы жарияланған туындысының 2020 жылы тұсауы кесілді. 

 Вячеслав Ершов

Ершов

29 қаңтарда Вячеслав Ершов өмірден өтті. Ол 2006 жылғы Азия ойындарының чемпионы, әлем чемпионаттарының қатысушысы, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы болды.

2013 жылдың сәуір айында зілтемірші әйгілі қазақстандық спортшы, екі дүркін әлем чемпионы Майя Манезамен шаңырақ көтерген. 2013 жылы тамызда ауыр атлеттер отбасында ұл, 2021 жылдың тамыз айында қыз дүниеге келді.

Ғани Қалиев (1938-2024)

Қазақстан ғалымы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ғани Қалиев 86 жасында қайтыс болды.

Ғани Қалиев еліміздің саяси өміріне де белсенді араласқан. ҚР Жоғарғы кеңесі мен парламент мәжілісінің депутаты және "Ауыл" партиясының экс-төрағасы болған.

Ғани Қалиев 1938 жылы жылы 19 шілдеде Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Белбасар ауылында туған. Мансабын Алматы халық шаруашылығы институтында (қазіргі Қазақ экономика университеті) оқытушы болып бастаған.

  • 1968-84 жылдары Қазақтың ауыл шаруашылық экономикасы және оны ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, сектор, бөлім меңгерушісі, институт директорының орынбасары, директоры (1988-96);
  • 1984-88 жылдары Қазақ қой өсіру технология ғылыми-зерттеу институтының директоры;
  • 1991-96 жылдары Қазақ ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының президенті болды.
  • 1999 жылдан парламент мәжілісінің депутаты лауазымын атқарды.

Оның басшылығымен Агроөнеркәсіптік кешеннің Ведомствоаралық ғылыми-техникалық кеңесі құрылды.

Төрегелді Шарманов (1930-2024)

Қазақстандағы тағамтану академиясының президенті, белгілі нутрициолог Төрегелді Шарманов 95 жасында дүниеден өтті. 

Ол 1930 жылы 19 қазанда Қарағанды облысы Ұлытау ауылында дүниеге келген.

Төрегелді Шарманұлы Шарманов – кеңестік және қазақстандық мемлекет қайраткері, ғалым, нутриоцолог-гигиенист, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ұлттық ғылым академиясының академигі, тағамтану академиясының президенті.

Төрегелді Шарманов денсаулық сақтау министрлігін 12 жыл басқарып, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жүйесін құрды.

Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін ең жоғары дәрежелі "Еңбек ері" белгісінің иегері атанды. 2005 жылы адүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең жоғары құрмет дәрежесі – Леон Бернард сыйлығы берілді, оны әлем тарихында небәрі 29 адам алған.

Мұрат Әуезов (1943-2024)

Мұхтар Әуезовтың ұлы Мұрат Әуезов 81 жасында бақилық болды. 

Мұрат Әуезов – көрнекті қоғам қайраткері, белгілі шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты. Ол 1943 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Меркі ауылында дүниеге келген.

1965 жылы М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын филолог-шығыстанушы мамандығы бойынша бітірді.

КСРО Ғылым академиясының әлем әдебиеті институтында диссертация қорғап, әдебиет теориясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты атанды. Қазақстан Журналистика Академиясының толық мүшесі.

Мұрат Әуезов "Қазақфильм" киностудиясында бас редактор (1981-1987), Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасының басшысы (1988-1990), Қазақстандағы "Мир" телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі (1990), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Кеңес президиумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы (1990), Ұлттық кітапхана директоры (2003-2006) секілді жоғары қызметтерді атқарған.

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған кезде елді өзгертуге белсене атсалысты. Парламент депутаты болды, сонымен қатар әдеби зерттеулермен айналысты, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш елшісі қызметін атқарды.

Көркемдік процестің теориясы мен практикасы бойынша 200-ден астам жарияланымның, сондай-ақ "Уақытты байланыстырушы жіп" (1972), "Иппокрена. Уақыт құдықтарын аралау" (1997) және "Қайта оралу үшін кету" (2002) сияқты танымал монографиялардың авторы.  

Ол 2007 жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы қорды басқарып келді. 

Торғын Тасыбекова (1938-2024)

Кеңестік және қазақстандық актриса, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Торғын Тасыбекова 18  маусым күні 85 жасында дүниеден өтті.

Торғын Тасыбекова 1938 жылы 15 тамызда Алматы облысы, Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы №12 орта мектеп-гимназиясын, одан кейін Алматы консерваториясының актерлік факультетін бітірген.

1961 жылдан бастап консерваторияны бітіргеннен кейін М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында актриса болып жұмыс істеді. Ол көптеген басты рөлдерді сомдады, шетел, орыс, қазақ классикасы мен қазіргі авторлардың пьесаларында лирикалықтан драмалық және комедиялық жанрдағы кейіпкерлердің тамаша образдарын жасады.

Тасыбекова қазақтың халық әншісі Майра туралы "Ән қанаты" (1966) фильмінде басты әйел рөлін сомдады. Ол сонымен қатар "Домбырасының үні рас еді", "Төзгісіз балалар", "Махаббат оазисі" және т.б. телефильмдерде ойнады.

Өмірбек Байгелді (1939-2024)

3 сәуірде Қазақстан сенатының бірінші спикері, саяси қайраткер Өмірбек Байгелді 85 жасында дүниеден озды. 

Өмірбек Байгелді 1939 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол 1996-1999 жылдар аралығында сенат төрағасы болды. Ал жалпы сенатта барлығы 16 жылдан астам қызмет еткен.

Сонымен қатар ол Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, Жамбыл облыстық әкімшілігінің басшысы, Президенттің кеңесшісі болып қызмет атқарды. 

1992 жылдан бері Қазақстан Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі және 1998 жылдан бері Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясының академигі болды.

Айдос Садық (1968-2024)

Қазақстандық оппозиционер, “Бәсе” арнасының негізін салушы Айдос Садық көз жұмды. 

Оған 18 маусымда Киевте көлігінде отырған кезде белгісіз біреу оқ атып, қастандық жасаған еді. Содан бері ол ауруханада жатты. Киев уақыты бойынша 2 шілде сағат 3-те ол жан тапсырды.

Айдос Садықты атты деген екі күдікті кейін ұсталады. Бір қызығы – олардың бірі Қазақстанда екен. Алайда марқұмның әйелі Наталья Садық олардың ісі қылмыс болған жерде тергелуге тиіс деп санайды.

Бас прокуратура “Қастандық” бойынша қылмыстық іс қозғады. Алайда Наталья Садық тергеу Қазақстанда жүрсе, әділдік орнамайды деп қорқып, күдіктілерді Украинаға экстрадициялауды сұрады.

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайға пікір білдіріп, дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы бұл оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бергенін жеткізді. 

Айдос Садықов 2014 жылдан бері Киевте тұрады және Қазақстанның қазіргі билігін, оның ішінде қазіргі ел президентін қатты сынаған. Ол 2022 жылдың қаңтарында болған Қазақстандағы наразылық акцияларын белсенді түрде қолдаған еді. Желідегі арнасында Айдос Садық "Кремль агенттері" туралы видео жариялаған. 2023 жылы Айдос Садыққа іздеу жарияланған еді.

Әзизхан Зайыров (1968-2024)

Фото: Жеке парақшасынан 

3 қыркүйекте 56 жасында танымал қазақстандық продюсер әрі режиссер Әзижан Зайыров қайтыс болды. 

Әйелінің айтуынша, жүрегі ауырып, Алматыдағы №7 ауруханаға түскен. Сонда реанимацияға түсіп, сол күйі оянбады.

Әзизхан Зайыров – режиссер, продюсер, сценарист, қоюшы режиссер, қоғам қайраткері, "100 жаңа тұлға" жобасының жеңімпазы.

Зайыров балалар үйінде өскен, 12 жасында екінші топтағы мүгедектік алған. Ол көзі тірісінде өте көп қиналғанын айтып өтті, көшеде түнеп, аштыққа ұшыраған кездері болыпты. 

Оның "Анашым, мен тірімін!" Канн кинофестивалінде Гран-при жеңіп алды. Бұл фильм режиссер Мұхамед Мамырбековпен бірге түсірілген "Шексіз мүмкіндіктер" трилогиясының бір бөлігі болды.

Үсіпхан Сейтімбет (1961-2024)

10 қыркүйекте қазақстандық танымал актер, "Құрмет" орденінің иегері Үсіпхан Сейтімбет дүниеден озды. Оның 63 жасқа келуіне 1 ай қалған еді. 

Үсіпхан Сейтімбет Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы, Игілік ауылында дүниеге келген.

Талантты артист 1990 жылы театрымыздың актерлік құрамына қабылданып, С.Балғабаевтың "Ең әдемі келіншегінде" Абдолла, "Қыз жиырмаға толғанда" драмасында Есімсейіт, Д.Исабековтің "Анасын аңсаған қызында" Смат рөлін сомдап, өнер ошағында 1999 жылға дейін қызмет етті.

Шығармашылық жылдарында театрда 50-ден астам рөлдерді сомдап, "Сүйінші", "Күйеу бала", "Айман-Шолпан", "Алдар көсе" сынды фильмдерге түсті.

"Құрмет" ордені, "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерейтойлық медалі, "Мәдениет саласының үздігі" медалінің иегері.

Одан бөлек 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, сол үшін 2 жылға сотталған. 

Нышан Өмірәлі (1993-2024)

Фото: Параспорт федерациясы

Паратаэквондошы Нышан Өмірәлі 31 жасында 1 қазанда көз жұмды.

Нышан Өмірәлі – Жамбыл облысы Тараз қаласының тумасы. Ол 17 жасынан спортпен айналысып, бүгінге дейін екі дүркін әлем чемпионы, Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар Азия ойындарының және көптеген халықаралық жарыстардың жүлдегері.

Париждегі жазғы Паралимпиада ойындарының 5-орын иегері, екі дүркін әлем чемпионы Нышан Өмірәлінің жол апатынан мерт болды. 1 қазанда сағат 22:15-те "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" республикалық тас жолының 542-шақырымында Түркістан облысынан Тараз бағытында келе жатқан Nissan Maxima көлігінің жүргізушісі түйемен соқтығысқан.

Спортшы кенет Айша бибі ауылының іргесіндегі жолда келе жатқан түйені көреді. Соқтығысудан сақтануға тырысып, күрт бұрылғанымен, басқаруды жоғалтып, көлік аударылып кеткен. Оқиға салдарынан жүргізуші басынан ауыр жарақаттар алып, ауруханаға бара жатқан жолда бақилық болған. 

Құрманай Бақтиярқызы

Фото: Жеке парақшасынан 

Белгілі ақын, сазгер Құрманай Бақтиярқызы 28 қазанда өмірден өтті. 

Ол өмірінің соңында асқазан ауруына шалдыққанын мәлімдеді. 7 рет ота жасатқанын айтты. Тіпті 20 күн комада болған екен. 

Құрманай Бахтиярқызының "Толғанай", "Вокзалда қауышқан қыз", "Жаяу", "Алматының түндері-ай" сияқты танымал әндері бар.

"Алланың Құдіретінің шексіздігіне айқын көз жеткізген сынақ болды. 99/1 пайыз соңғы үмітпен жетінші рет ота жасалды, төрт күн өту керек, сол уақыттан өтсек бәрі артта қалады деген, дәрігердің сөзін естіген достар барлығына дайын тұрған. Мынау жарық дүниені менсіз елестете алмайтын жан досымның сағынып көріскен қуанышы", – деп жазған еді ақын.

Айдос Тоқтарбай (1982-2024)

Фото: Жеке парақшасынан 

Қазанда ел арасында “буынсыз адам” атанған цирк әртісі Айдос Тоқтарбай 42 жасында дүниеден өтті. Оның өліміне қорқынышты трюктары әсер еткені белгілі болды.

“Цирк өнерінде қайталанбас трюктер жасап жүретін Айдос Тоқтарбай құрдасым өмірден озыпты. Өкінішті. Көрген адамның өзі қорқып отыратын қорқынышты трюк ажалына себепкер болыпты. Ақкөңіл, аңқылдаған қайран дос. Сен де көштің бе бұл жалғаннан?! Жаның жәннатта болсын, мейірімі шексіз Алла алдыңнан жарылқасын. Көрмеген көшеңнен қорықпа, бабаларың кеткен жақ. Туыстарына көңіл айтамын”, – деді Бейбіт Сарыбай. 

Айдос Тоқтарбай  "Жұлдызды сәт", "Азия таланттары" сынды байқаулар арқылы танылған еді. 

Соңғы рет Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданы Қарабұлақ ауылына кетіп, өнерден қол үзіп, мал бағуды қолға алғаны айтылған еді. 

Бага Демалыс (1996-2024)

Фото: Жеке парақшасынан 

Алматыда танымал аспаз әрі гастро-кештерді ұйымдастырушы Бага Демалыс 28 жасында бақилық болды. Қайғылы оқиға қазанның 1-інен 2-сіне қараған түні белгілі болды. Әншілердің мәлімдеуінше, ол өзіне қол салған.

Баганың Instagram-дағы соңғы жазбасының астында көбі көңіл айтқан. Таныстары мен достары атап өткендей, Бага Демалыс әртүрлі қайырымдылық жобаларына қатысқан. Ол үйсіз қалған иттерге көмектескен, сонымен қатар атақты адамдар жиналатын түрлі кештер ұйымдастырды.

Ол 6 шілдеде туған күнінде жариялаған жазбасында өзінің шаршағанын және денсаулығы мен психикасына көбірек көңіл бөлгісі келетінін жазыпты. 

"Міне, мен 28-демін! Осыған дейін тапсырыстар мен жобаларды өте көп алдым. Енді денсаулығым мен психикама, яғни өзіме көңіл бөлгім келеді”, – деген ол.

Оның өлімі көпшілікті таңғалдырды. Себебі ешкім оны өзіне қол жұмсайды деп ойламаса керек.

Ибрагим Дәрібаев

Фото: Жеке парақшасынан 

Биыл қазанда 90-жылдардың басында қазақ халқына кеңінен танылған Дәрібаевтар отбасы ансамблінің негізін қалаушы, сазгер Ибрагим Дәрібаев дүние салды. 

"Жас жұбайлар", "Аман бол", "Оқ сияқты", "Нұрлы арман", "Айтшы жаным", "Сендей болмайды", "Сүйгеніме" сияқты танымал әндерді алғаш кассетамен таратқан ансамбль еді.

Гүлнәр Сиқымбаева (1961-2024)

Видеодан скриншот

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Сиқымбаева 5 қазанда 63 жасында дүниеден өтті.

Гүлнәр Сиқымбаева отбасындағы он бес баланың үлкені. Шымкент іргесіндегі Ленгір ауданындағы Майбұлақ таулы ауылында өскен. 1985 жылы Гүлнәр Сиқымбаева "Гүлдерге" қабылданып, танымал ансамбльде өнер көрсеткен. Қазақ, орыс, түрік, тәжік тілдерінде әндері бар. Қырғызстан және Қазақ­стан Рес­публикасының еңбек сі­ңір­ген әртісі. 

Ғафиз Есімов (1947-2024)

Отандық опера саласының көрнекті қайраткері 12 қараша күні 78 жасында о дүниелік болды. 

Ғафиз Есімов – Қазақстанның опера өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті өнер адамы, педагог және режиссер.

Ғафиз Есімов 1947 жылы 9 мамырда Атырау облысында дүниеге келген. Бірінші геолог мамандығын бітірді. Бірақ кейін Алматы консерваториясына түсіп, музыка саласын таңдайды. 1975 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі болды.

1973 жылдан Қазақ академикалық опера және балет театрының әншісі.

Есімов қонцерттіқ-шығармашылық қызметімен де қазақтың халық әндерін, халық композиторларының әндерін және қазіргі қазақ композиторларының ән-романстарын насихаттауға үлес қосты. Гастрольдік сапармен МХР-да (1978), Германияда (1986, 1987), Румынияда (1984), Филиппинде (1983), Шри-Ланкада (1986) т. б. елдерде болды.

К.Байсейітова атындағы республикалық әншілер байқауы мен М.И. Глинқа атындағы бүкілодақтық әншілер байқауының лауреаты.

Күләш Қажығалиева (1942-2024)

12 қыркүйекте Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актриса Күләш Қажығалиева 82 жасында қайтыс болды.

Ол еңбек жолын 1969 жылы бастады. Ғ.Мүсірепов атындағы театрда қызмет еткен.

"Менің атым – Қожада" Жанар рөлін, "Қызыл сұңқарлар" Мәруар , "Қорқыттың көрі" - Қамқа шеше, "Ш.Айтматовтың "Ыстықкөл трагедиясында” кемпір рөлін, А.Таразидің "Жақсы Адамын" Балзия рөлін,  А.П.Чеховтың "Шағала" фильмінде Полина Андреевна рөлін сомдады.

Баян Имашева (1941-2024)

Қазанда Қазақстанның белгілі актрисасы Баян Имашева дүниеден озды.

Баян Имашева – 1941 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Өнер жолын Қарағанды облыстық драма театрынан бастаған. 1965 жылдан бері Қазақ академиялық драма театрының актрисасы ретінде қызмет атқарды.

Театр сахнасындағы Валя Панфилова (М.Әуезов пен Ә.Әбішев, "Намыс гвардиясы"), Бибіш (М.Мұқашев, "Дала дастаны"), Алма (Е.Домбаев, "Желіккен жеңгейлер"), Бөрте, Нұрғаным (И.Ғайып, "Шыңғыс хан" мен "Мен ішпеген у бар ма?"), Полина Андреевна (А.П. Чехов, "Шағала"), Рахия (Р.Мұқанова, "Мәңгілік бала бейнесі"), Қара кемпір (М.Жұмабаев, "Ғашықтық дерт"), т.б. сынды рөлдерімен жұрт жадында қалды. 

Сонымен қатар ол "Өмір жолы", "Көшпенділер", "Үзілмеген үміт" және т.б. кинотуындыларында басты рөлді сомдаған. 

Баян Мұқанова

Қазақтың белгілі жазушысы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқанованың қызы Баян Мұқанова қайтыс болды.

Баян Мұқанова отбасының ғылыми дәстүрін жалғастырып, саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнады. Ол химия ғылымдарының кандидаты болды, ауыл шаруашылығы институтында сабақ берді.

Әли Серік (2004-2024)

Қазақстанның ең жас әлем чемпионы Әли Серік 24 желтоқсанда мерт болды. Досы арасында жанжал шығып, ол Әлиге пышақ жарақатын салып өлтірді деген күдікке ілінді. Қазір досы уақытша ұстау изоляторында. 

Жігіт Алматыда білім алып, жекпе-жек өнерінің әр түрімен айналысқан. 2016 жылы муай-тайдан Қазақстан чемпионы атанса, бір жылдан кейін кикбоксингтен ел біріншілігінде жеңімпаз атанды.

2021 жылы Әли Серік Қарағандыда өткен NOMAD MMA әлем чемпионатында жеңіске жетті.

Малайзияда өткен муай-тайдан әлем чемпионатында Әли 17 жасында 51 келіге дейінгі ересектер арасында финалға шықты. Финалда ол ирандық Ясер Пормерді жеңіп, муай-тайдан Қазақстандық ең жас әлем чемпионы атанды.

Осыдан кейін ол "Халықаралық дәрежедегі спорт шебері" мәртебесін алды.

2023 жылдың мамыр айында Әли One Championship жекпе-жек лигасымен алғашқы кәсіби келісімшартына қол қойды.

Кикбоксинг, муай-тай және Nomad MMA-дан бөлек, аралас жекпе-жекке де қызығушылық танытқан.

Талқылау