Әулиеге түнеп, екі егіз туған ана, бес дипломы бар, бес тілді жетік білетін қазақ: Оқырман назарына іліккен 2024 жылғы өзгеше оқиғалар
2024 жыл әрі күрделі, әрі қызық оқиғаларымен есте қалды. Оның біразы біздің сайтымыздың назарынан тыс қалмады. Қазақстанда аттың құлағында ойнайтын 84 жастағы әже тұрады. Оған қоса биыл алматылық әйел 50 жасында босанды. Осы орайда 2024 жылы Stan.kz-те жазылған қызық кейіпкерлердің оқиғаларын бір шолып шықтық. Оқырман да бұл әңгімелерді оң бағалап, көп оқыған.
Коллаж: Stan.kz
Бетінде бөртпе пайда болған қазақстандық келіншектің оқиғасы
Айша Жанғабылова туралы бұл мақала сайтымызда 60 мыңнан аса рет оқылған. Қызыл жегінің алғашқы белгілері буындардың сырқырап ауыруынан басталды дейді Айша Жанғабылова. Алғашында созылмалы сырқаттан күдіктенбеген келіншек бойындағы әлсіздікті тұмаудың салдары деп ойлаған. Айша қызыл жегіге шалдыққанын қалай білгенін айтты. Сондай-ақ ревматолог дәрігер Нұридін Талғатұлы Stan.kz тілшісіне қызыл жегінің себептері мен алғашқы белгілері туралы айтып берді.
“Ең алғаш білектерім, саусақтарым сырқырап ауырды. 1,5 жасар баламды көтере алмай қалдым. “Суық тиген болар, басылар” деп мән бермей жүріп қалдым. Сосын иық, тізе, бақайдың буындарына дейін ауыра бастады. Тіпті есікті аша алмай, шәйнекті көтере алмайтындай жағдайға жеттім. Содан кейін күнде қызуым көтерілетін болды. Температура 38-39 градустан түспейтін. Қызуды басамын деп күнде парацетамол іштім. Өйткені мұны тұмау деп ойладым”, – дейді кейіпкер.
Белгілері асқына берген соң терапевт дәрігердің қабылдауына жазылған. Алайда кезек көп болғандықтан дәрігер тек 5-6 күннен кейін қабылдаған.
Фото Айша Жанғабылованың жеке архивінен
"Әулиенің басына түнеп, екі егіз туған маңғыстаулық ана
Әлеуметтік желіде тараған ағайынды егіздердің бірге түскен бейнежазбасы көпшілікті сүйсінтті. Бір үйде екі егіздің болуы желі қолданушыларын таңғалдырған болу керек. Айбек, Нұрбек, Ақниет, Мөлдір, Махаббат есімді ұл-қыздардың анасы Гүлайым Жұмаханқызы Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында егіздердің дүниеге келуі туралы және отбасы жайлы кеңінен тарқата баяндады.
Егіз Айбек пен Нұрбек үйдің үлкені, ортаншысы – Ақниет, кенжесі – егіз Мөлдір мен Махаббат. Гүлайым Жұмаханқызы екі бірдей егіздің дүниеге келуін Алланың күйеуі екеуіне берілген сыйы деп біледі. Бір қызығы, үйдің отанасы әр перзентін көтергенде аян көрген екен. Бұл да бір тарих дейді ол.
“Жақсы сөз жарым ырыс. Менің күйеуім бойдақ кезінде жұмыстастарына екі балам бар дейтін көрінеді. Күйеуім ол кезде тіпті бойдақ жігіт, бала түгілі әйелі жоқ. Сөйтіп араға уақыт салып, екеуіміз шаңырақ көтердік. Алайда алғашында жатырыма біткен бала көп тұрмады, түсік көп болды. Сонда атам қыстың күні Еспембет әулиеге апарып ақ мешітке түнетті. Бірінші Алланың құдыреті, ертесі күні көтергенімді сездім. Менің токсикозым қатты болатын, жүрегім айныды. Сонда жатырыма бала біткенін бірден білдім. Сөйтіп түс көрдім. Түсімде анам балалардың қол арбасына белі алтын шынжырмен оралған егіз баланы салып алып келе жатыр екен. Алайда ол кезде егіз болады деп ойлмағанмын, күйеуім егіз туады деп айта беретін. Жүрегімнің астында тағы екі жүрек соғып тұрғанын 4 айлығында УЗИ-ге барғанда білдім. Аллаға шүкір, қуанышымда шек болмады. Сонда Алладан “Алла, берсең, бердім деп, денін сау қылып берші” деп сұрағанмын. Шүкір жеті айлығында Айбек, Нұрбек деген екі ұлым дүниеге келді. Ұлдарымның есімдерін қайын інім Ақылбек ағалары қойды”, – дейді Гүлайым.
Фото отбасының жеке архивінен
Бес дипломы бар, бес тілді жетік білетін қазақ Жапония ғылымын дамытып жүр
Қазақстандық Есбол Сартаев мектеп бітірген соң 3 елде, 4 түрлі университетте білім алған. Бес тіл мен төрт түрлі мамандықты меңгерген. Сеулде Оңтүстік Кореяның ең үлкен банкінің бірінің бас кеңсесінде, Кореяның Қазақстандағы елшілігінде жұмыс істеген. 42 жастағы азамат 7 жыл Оңтүстік Кореяда тұрған. Кейінгі 6 жылы Жапонияда өтті әлі де сонда тұрады. Бүгінде медицина ғылымдарының докторы Нагасаки университетінде жұмыс істейді. Жақында Есбол Сартаев туралы желіде "Қазақстан оған лайық жұмыс ұсынбаған" деген ақпарат тарады. Stan.kz тілшісі бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін Есбол Сартаевтың өзінен сұрады.
"Лайық орын таппай жүргенімде шетелдік компания қайта жұмысқа шақырды"
Желідегі пабликтерде тараған ақпаратта "Қазақстанға келгенде бұл кісіге лайық жұмыс ұсынбапты, тіпті университетке оқытушы етіп алмапты. Есесіне Жапония жақсы маманды бағалап отыр" деген сөйлемдер болды. Дегенмен Есбол Сартаев бұл ақпаратты жартылай жоққа шығарды.
"Бұл онша шындыққа жанаспайды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жұмыс істедім. Жұмыс берді, бірақ дәрежесі төмендеу болды. Себебі ол кезде доктор дәрежесі жоқ еді. Оған қоса менің салам басқа, Қазақстанда зерттеу жасауым қиын. Тіпті ондай мамандық та жоқ. Мен білім алған сала бойынша Жапонияда мүмкіндік көбірек", – деп бастады ол әңгімесін.
Есбол Сартаев Қазақстанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Тұран университетінің бакалаврын бітіріп, Оңтүстік Кореяда магистратура, Жапонияда тағы бір магистратура және докторантура бойынша білім алған. Барлығы 17 жыл бойы 4 елде оқыған.
Фото Есбол Сартаевтың жеке архивінен
Емшектегі баласын тастап шетелде үй тазалаушы болып орналасқан әйел бұрынғыдан 10 есе көп табады
Қазақстаннан шетелге жұмыс істеуге кеткендердің қатары жыл сайын толықпаса, азаймай отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетінің мәліметінше, 2023 жылы 194 мың қазақстандық өзге елге табыс табуға кеткен. Солардың бірі – 3 баласын елде қалдырып, Германияда еңбек етіп жүрген Айткүл Сармұрзаева. Жалғызбасты ананың айтуынша, жат жұртта жалданып, күніне 50 мың теңге нәпақасын тауып жүрсе де, жұмыстың оңайы жоқ. Ол Stan.kz тілшісіне неліктен балаларын қалдырып, шетел асуға мәжбүр болғанын және Еуропадағы күнкөрісі туралы баяндап берді.
Әлеуметтік желіде Айткүл Сармұрзаеваның үш баламды тастап шетелге кеттім деген видеосы қызу талқыға түскен еді. Келіншек өзіне айтылған сынға жауап беріп, адал жолмен ақша тапқанын, балаларын асырап отырғанын айтып ағынан жарылған.
"Мен сіздерге демалып жатырмын, қыдырып жүрмін деп айтып тұрған жоқпын. Қолымды қараңыздаршы, күс-күс. Аптаның 7 күнінде де үй тазалаймын. Демалыс жоқ. ...Иә, балаларым елде қалды. Жан, жүрек, ұйқы тыныш емес. Бір емес, екі дипломым бар. Соған қарамастан, жат елде жұмыс істеуге мәжбүрмін. Сіздер алып жүрген 80 мың теңге айлықтың, мұнда 10-15 есесін тауып жүрмін. Себебі мұнда еңбегіміз адалынан бағаланып, ақымыз желінбейді. Мысалы, бүгін 7 сағат істеп, 50 мың теңгеден аса таптым. Мұны сіз Қазақстанда 15 күн істеп табасыз", – деді Айткүл Сармұрзаева видеодағы жауабында.
Фото Айткүл Сармұрзаеваның жеке архивінен
Қазақ отбасыға келін боп түскен ару не үшін қазақы менталитет жақын екенін түсіндірді
20 жастағы алматылық Мария Ахметова бүгінде TikTok желісінде көпшіліктің көзайымына айналған. Қазақ отбасыға келін болып түскен орыс ұлтының аруы бүгінде желі арқылы қолданушыларға қазақ тілін үйретіп жүр. Ол ет асып, бауырсақ пісіріп, сәлем салатын сыйлы келін ғана емес, сонымен қатар өзін елінің нағыз патриоты санайды. Ару баршаны қазақ тілінде сөйлеуге, қателіктен қорықпауға шақырады. Мария Stan.kz тілшісіне не үшін қазақ тілін үйретіп жүргенін, қазақы дәстүрге сіңісуі туралы қызықты оқиғаларын бөлісті.
Мария Қазақстанды кең байтақ жерімен, өз менталитетімен, сұлу да көрікті табиғатымен ерекше жақсы көретінін алға тартты.
“Алматыда туып өскендіктен осы қаланы ерекше жақсы көремін. Жалпы қазақы менталитет жаныма жақын. Біздің елдің адамдары ең мейірімді, ең тәрбиелі, ең бауырмал халық. Сондықтан Қазақстан мен үшін мықты әрі бірлігі берік мемлекет”, – дейді ару.
Фото Мария Ахметованың жеке парақшасынан
50 жасында босанған қазақстандық келіншек
Алматы тұрғыны Назгүл 50 жасында екінші перзентін дүниеге әкелді. Келіншектің айтуынша, бұл сәбиін ұзақ күткен. Бірнеше ЭКО сәтсіз аяқталғанына қарамастан Назгүл 19 жылдан кейін Томирис есімді ханшайымды дүниеге әкелді. Ол 25 жасынан бастап ЭКО жасатқан. Онысы екі рет сәтсіз аяқталып, тек үшіншісінде тұңғыш баласына жүкті болған. Ол Stan.kz тілшісіне суррогат анамен болған келеңсіз жағдай туралы және жүктіліктің қалай өткенін айтып берді. Бұл сұхбат 40 мыңға жуық рет оқылған.
“Баламды 32 жасымда босандым. Ұлым үнемі өзінің жалғыз екенін айтып, бауыры болғанын қалайтын. Сөйтіп ЭКО жасатудан жалыққан жоқпын. Алайда алтауы сәтсіз аяқталды. ЭКО жасатып жүріп болмаған соң суррогат ана жалдадым. Оның шығынын өтеп, келіскен қаражаттың жартысын төледім. Суррогат ананың денсаулығын тексерттік. “Барлығы жақсы, ЭКО жасатуға болады” деді. Кейін эмбрион салуға дайындалып, отаға жарты сағат қалған кезде суррогат ананың бір анализі дұрыс болмай қалды. Дәрігерлер ол әйелдің бала көтере алмайтынын айтты”, – дейді Назгүл.
Кейіпкеріміздің айтуынша, ол келісіп қойған суррогат анаға алдын ала жарты ақшасын беріп қойған. Алайда ол жүкті бола алмайтынын білген соң қаражатты қайтарудан бас тартқан. Ақшадан да, суррогат анадан да айырылған Назгүл дел-сал күйге түскен. Сонда дәрігер суррогат анаға салыну керек болған эмбрионды өзіне салуды ұсынды.
Фото отбасының жеке архивінен
Кәріс ұлтына тұрмысқа шыққан атыраулық қыз не үшін қазақ жігіттерінен бас тартты
Өзге ұлт өкілінің етегінен ұстаған қазақ қызының аты-жөні – Ғайни Әлжанова. Атырау қаласында туып өскен арудың ұлты – қазақ, діні – мұсылман. Қаршадайынан ата-әжесінің тәрбиесін көрген ол 18 жасқа толғанда Алматыға оқуға түсіп, дәл осы алып шаһарда кәріс жігітімен танысқан. Ғайни Әлжанова 3-курс оқып жүргенде қосымша табыс табу үшін дәмхананың SMM менеджері ретінде жұмысқа кіреді. Ал дәл сол кафе басшыларының бірі Артур Ли есімді кәрісі жігіті екен. Бұл кездесуде қыз әлгі ер адамды бірден іштей ұнатқанын ашық айтты.
"Ең бірінші көрген кезде "мына жігіт менікі болады" деп ішімнен айтып қойғанмын. Қазір күлкілі. Себебі мен қойған мақсатыма жеткендеймін. Ең алғаш танысқан кезде кәріс деп ойламадым. Біздің қазақтарда да Артур деген есім бар ғой, қазақ екен деп ойладым. Қай жүзден екенін, руын бірінші сұрадым. Сол кезде ол "төртінші жүзденмін" деді, яғни "төртінші жүз – кәріспін" дейді. Кәріс екенін сол кезде білдім. Бірақ үйлену туралы ұсынысын қабылдадым. Бір жыл көңіл жарастырып жүріп, үйлендік. Ұзату тойым өтті, Алматыда үлкен тойымыз болды", – дейді Ғайни.
Ал атыраулық арудың ата-анасы мен ата-әжесі кәріс күйеу баланы басында жат санап, жақынырақ қабылдай алмаған көрінеді.
"Артурмен жүріп жүрген кезде менің ата-анам "кәріс" деп, қатты ұнатпаған. "Ой, қазақ жігіті табылмады ма?" деді ата-әжем. Достарымнан да біраз сөз естіп жүрдім. "Ол кәріс қой, мұсылман емес. Олар сүндеттелмейді" деп айтатын. Кейін бәріне үйрендім. Барлығына мән бере берсең, ешкім сен үшін өмір сүріп бермейді. Ұлттың жаманы болмайды, адамның жаманы болады. Сондықтан мен өз таңдауыма еш өкінбеймін. Кейінгі жағдайларды естіп жатырмыз. Қазаққа тұрмысқа шығып, таяқ жеп жүрген қазақ қыздары қаншама", – дейді атыраулық ару.
Фото отбасының жеке архивінен
Аттың құлағында ойнайтын 84 жастағы әже
Әлеуметтік желіде аттың үстінде еркін шапқан 84 жастағы әженің әрекеті қызу талқыланды. Көптің назарына іліккен кейуана Алматы облысы Ұзынағаш ауылының іргесінде тұрады. Егде жасқа келсе де, шапшаң қимылдайтын қария алғаш рет құпиясын ашық айтты.
Tiktok-та трендтен түспей тұрған әженің аты-жөні – Худий Ханахайқызы. 15 құрсақ көтерген ананың 40 немересі мен 60 шөбересі бар екен. Оның аттың үстінде еркін шапқан видеосы аз уақытта бір миллионға жуық қаралым жинаған. Қартайған шақта жылқының жалынан ұстаған қарияның қандай құпиясы бар?
"Қымыз ішемін, шұбат ішемін, жылқының етін жеймін, қойдың сорпасын ішемін. Негізі жас күнімнен атқа мініп өстім. Бала кезден атқа құмармын, атпен шапқан кісімін. Сол кезден бастап әлі күнге дейін жасыма қарамай атқа мініп жүремін. Қыз күнімде қыз қуу ойынына қатысып, көкпарға да ілесіп жүретінмін. 60 жасқа келгенше қыз қууға қатыстым. Қазір бір балам қойшы ауылда қой бағады. Соған барамын, сол кезде атқа мініп, қой қайырып келемін. Ұл-қыздарым қасымда. Жылқыға деген құмарлық әкемнен дарыған қабілет деп білемін. Қазір немерелерім көкпар тартып жүр", – дейді 84 жастағы Худий Ханахайқызы.
Әлеуметтік желіге жылқы мінген әженің видеосын жүктеген немересі екен. Алғашқыда таңырқай қараған жұрт кейуананың бұл әрекетіне тамсанса, кейбір адамдар егде жастағы қарияға түрлі жағымсыз пікір жазып, сынаған көрінеді.
Фото Худий Ханахайқызының жеке архивінен
Мақатаевтың інісі ақиық ақынның қандай адам болғанын айтты
9 ақпан – Мұқағали Мақатаевтың туған күнінде шыққан мақалада оның інісі бұрын-соңды ел естімеген тың деректерді бөлісті. Дәрубай Әбдисаев есімді 72 жастағы ер адам өзін Мұқағалидың інісімін деп айтады. Ақиық ақынның жарқын бейнесі оның әлі күнге дейін есінде. Ол бұл сұхбатында Мақатаевпен туыстық қарым-қатынасы туралы баяндап берді.
"Жалпы, тоқетерін айтқанда, Мұқағали екеуміз ағайынды кісілердің балаларымыз ғой. Қазақтың ішінен шыққан, аты аңызға айналған Хангелді батырдың ұрпағымыз. Хангелді батырдан Қойбас, Түке деген ұлдар туады. Қойбастан Мұқағали тарайды, ал енді Түкеден Райымбек, Райымбектің бір баласынан мен тараймын. Білетін адам біледі, ұғатын адам ұғады, мені "Мұқағалидың інісі" деп ел айтсын. Ата жолын қуғанда інісімін. Мұқағалиды кішкентай кезден көріп өстім. Қасиетті Қарасаз ауылында Мұқағали ағамыз бен әкем-шешем көп жыл көрші тұрды. Ертелі-кеш кездесіп қалған кезде амандасып, туысқандық міндетімізді атқарып жүрдік. Мұқағалидың үлкен ұлы – Жұлдыз менімен жасты. Бос уақытта асық ойнап, ләңгі теуіп, жастық шақты өткіздік", – дейді Дәрубай Әбдисаев.
Коллаж: Stan.kz
Жасанды жаңбыр арқылы Аралды сумен толтырамын деген ғалым
Арал теңізінің жойылып бара жатқанына алаңдайтынын жеткізген “жаңбыр адам” лақап атымен танылған Алтай Айнабек теңізді жаңбыр суымен толтыратынын айтып, желіні дүр сілкіндірді. Алайда оның идеясы қазақстандықтар арасында түрлі пікір тудырып жатыр. Осы орайда Stan.kz тілшісі одан сұхбат алып, кейбір сұрақтардың жауабын білді.
Алтай Айнабек – Біріккен Араб әмірлігінде тіркелген International Center of Climate Change Technologies мекемесінің басшысы. Халықаралық климат технологиялары саласының тәжірібиелік маманы, әрі сарапшысы. Сондай-ақ ол – климатты басқару жүйесінің авторы. “Жаңбыр адамның” осы салада 8 жылдық тәжірибесі бар екен. Айтуынша, климатты басқару жобасын жетілдіріп келе жатқанына 7 жылдай болған.
“Аралды құтқарудың кешенді жоспары” атты жобамызды алғаш рет 2017 жылы Қызылорда облысы басшыларына көрсеттік. Одан бері климат басқару жүйесін едәуір дамыттық деп айта аламыз. Жалпы Аралдың климаты ғасырлар бойы қалыптасқан. Оның үстіне Арал тартылған соң ол жерге мүлдем басқа климат орныққан. Біз соны өзгертуге тырысып жатырмыз. Қазір температура біршама түсіп, жауын-шашын едәуір артты. Климат үйрене келе түйдек бұлттарды жинау жеңілдей түседі. Жоғарыда айтқандай, материалдық техникалық база күшейіп, Аралдың тарихи табанына жауын тиген кезде су тіптен көбейеді”, – дейді Алтай Айнабек.
Фото: Алтай Айнабектің Instagram парақшасынан