Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үкіметтің отставкасы, Алматыдағы лай көшкіні мен Бишімбаев ісі: Ақпан айы несімен есте қалды

Ақпан ең қысқа ай болғанына қарамастан бірнеше маңызды оқиғалар болып, саяси және әлеуметтік жаңалықтар орын алды. Stan.kz тілшісі қыстың соңғы айында болған еліміздегі және әлемдегі жаңалықтар топтамасын тізіп шықты.

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы

1 ақпанда президенттің бастамасымен қолға алынған "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы бойынша қазақстандық балаларға ақша түсті. Оның шарты бойынша жыл сайын ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы барлық кәмелетке толмағандардың арасында теңдей бөлінеді. 

Биыл 6 миллион 919 131 бала алғашқы төлемді алды. Бағдарламаға 695 миллион доллар бөлінгендіктен, әр баланың есепшотына 100 доллар 5 цент (45 мың теңге) түсті. Дегенмен көпшіліктің арасында бастапқыда уәде етілген 160 доллар неге түспеді деген сұрақ туындады. 

Вице-премьер Тамара Дүйсенованың сөзінше, бұл жағдай еліміздегі демографиялық жарылыспен байланысты екен. Алғашында әр балаға берілетін ақшаны есептегенде, сарапшылар елімізде мұншалықты көп бала дүниеге келеді деп ойламаған.

Айта кетсек, бала 18 жасқа толғанша шотына 3-4 мың доллар ақша жиналады деген болжам бар.

"Жинақты алу үшін бала немесе оның заңды өкілі БЖЗҚ-мен өзара іс-қимыл туралы шарт жасасқан уәкілетті операторлардың біріне (ЕДБ және "Қазпошта" АҚ) хабарласып, банкте АҚШ долларында банк шотын ашуы қажет. Уәкілетті операторға жүгініп,  ақшаны пайдалану мақсатын (тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе оқу ақысын төлеу) көрсете отырып, өтінім береді", – деп атап өтті БЖЗҚ.

Жаңа үкімет құрамы жасақталды

5 ақпанда Қазақстан үкіметі отставкаға кетіп, премьер-министр Әлихан Смайыловтың орнына Роман Скляр премьер-министрдің міндетін уақытша атқарды. 

1 күннен кейін Олжас Бектенов Қазақстанның премьер-министрі болып тағайындалды. Сондай-ақ жаңадан жинақталған үкімет құрамы бекітіліп, 4 министр ауысты. Қаржы министрі лауазымына Мәди Такиев, денсаулық сақтау министрі болып Ақмарал Әлназарова тағайындалды. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, ал төтенше жағдайлар министрі лауазымына Шыңғыс Әрінов келді. Қалған министрлер бұрынғы лауазымдарына қайта тағайындалды.

Алматыдағы лай көшкіні

Алматыдағы Медеу ауданы Тау-Самал шағынауданында 8 ақпанға қараған түні лай көшкіні болып, салдарынан екі үйге зақым келді. ТЖД болжамына сәйкес, үйлер маңындағы құбыр жарылған соң топырақ батпақтанып, опырылып кеткен. 

Лай көшкіні салдарынан қираған үй астынан 40 жастағы ер адамның, 36 жастағы әйел мен 17 жастағы егіз жасөспірімнің денелері табылды. Олардың барлығы бір отбасының мүшесі болған.

Алматы прокуратурасы Медеу аудандық полиция бөлімі қылмыстық істі “Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру, Отпен немесе қауiптiлігі жоғары өзге де көздермен абайсыз жұмыс iстеу арқылы жасалған не ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтіру” бабы бойынша тергеп жатыр.

Қарағанды облысындағы өрт кезіндегі төрт баланың өлімі

23 ақпанда Қарағанды облысы Талды ауылындағы жеке үйден өрт шығып, 4 баланың көз жұмғаны көптің қабырғасын қайыстырды. Ата-аналары бұл кезде көршілерінің үйіне кеткен екен. 

Өрттің жалпы ауданы 10 шаршы метр, үйде тұрмыстық заттар, жиһаздар, терезе және есік блоктары өртенген. Алайда жалынның шығуына не әсер еткені белгісіз.

Көз жұмған балалар 5, 4, 3 және 2 жаста болған. 

Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа жіберілді

Әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деп айыпталып, қамауда отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі ақпанда сотқа жіберілді. Бұл оқиға 2023 жылдың соңынан бері қоғамның қызу талқысында. 

Істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарайды. Жауапты судья – Айжан Кульбаева. 

Бишімбаев “Адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру”, “Материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі” бойынша сотқа тартылады.

Сонымен қатар Бишімбаевтың інісі Байжановқа “Аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу” және “Белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау” фактісі бойынша айып тағылған.

Айта кетсек, Бишімбаевтың ісі сотқа түспестен бұрын адвокаттары сұхбат беріп қоғамда қызу талқыға түсті. Сұхбатта адвокат Назкен Құсайынова Қуандық Бишімбаевтың марқұм әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірдім деп санамайтынын айтып, қылмысты жоққа шығарған болатын. Осыдан кейін Салтанат Нүкенованың ағасы Қуандық Бишімбаевтың әйелін ұрған сәтін жариялаған болатын. 

“Адвокаттар оны ұрмады деп отыр. Алайда бізде оның Салтанаттың денесінің әр жеріне қайта-қайта соққы жасап мен тепкілеген сәті түсірілген видео бар. Медициналық сараптама қорытындысы бар, онда сарапшылар тек басынан кем дегенде 13 соққы болған деген қорытындыға келеді”, - деп жазды Айтбек Амангелді. 

Мәжіліс тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа заңды қабылданды

28 ақпанда мәжіліс тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатаңдататын заңнамаға түзетулерді қабылдады. 

Жаңа өзгерістер денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу, 16 жасқа толмағандарды азғындау және басқа әрекеттерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздеп, жазаны қатаңдатуға бағытталған.

Депутаттар екі заң жобасына – кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер енгізуге, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізуге дауыс берді.

Түзетулер бойынша енді тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК (738 400 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жазасы беріледі.

Ұрып-соққандарға 80 АЕК (295 360 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.

Егер мұндай әрекет кәмелетке толмаған адамға немесе қоғамдық борышын орындап жүрген қызметкерге қатысты жасалса,  2 жылға дейiн бас бостандығынан айыру не шектеу көзделген.

Сондай-ақ жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды. Сонымен қатар жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. 

Бұнымен қоса педофилдер мен бала өлтіргендерге өмір бойына бас бостандығынан айыру енгізіледі.

Геннадий Головкин ұлттық олимпиада комитетінің президенті болды

Геннадий Головкин ұлттық олимпиада комитетінің (ҰОК) президенті болып сайланды.

Осыған дейін бұл қызметті экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, олигарх Тимур Құлыбаев атқарып келген. Алайда оның жұмысына қатысты сыни пікірлерден кейін жаңа басшыны тағайындау мәселесі көтерілді.

14 ақпанда ұлттық олимпиада комитетінің тәуелсіз сайлау комиссиясының отырысында комитет президентіне кандидаттар ұсынылды. Головкиннен бөлек, бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин, ҰОК жалпы мәселелер жөніндегі вице-президенті Данияр Әбілғазин, боксшы әрі спорт және дене шынықтыру комитетінің бұрынғы басшысы Серік Сәпиев, спорт және дене шынықтыру комитетінің басшысы Ербол Мырзабосынов бұл орынға таласты. Нәтижесінде Головкин жеңіп шықты. 

“Маған ҰОК басшылығына ұсыныс түскенде, қазақ спортының дамуына өз үлесімді қосуға рұқсат беру шартымен ғана келістім. Өздеріңіз білесіздер, мен саясаткер немесе шенеунік емеспін. Мен өз ниетімді сөзбен емес, іспен дәлелдеуге дағдыланғанмын. Менің өз көзқарасым бар, көп жылдық халықаралық тәжірибем, ұжымым бар, ең бастысы – барлығын өз елімде жүзеге асыруға деген шынайы ниетім бар екенін айтқым келеді”, – деді ол.

Жер сілкінісінен кейін ақпан бойы алматылықтардың қорқынышы сейілмеді

23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы – 6,7 балл. Содан кейін желіде жер сілкінісі туралы ақпараттар қарыштап, көптің талқысына түсті. 

23 қаңтардан кейін афтершоктар болып, жердің сілкінуі сейілген жоқ. Сейсмологтар 23 қаңтардан 25 ақпан аралығында 8000-нан аса жер сілкінісін тіркеген. Оның 100-ден астамының магнитудасы 5 балдан жоғары болды. Ал алматылықтар оның 20-сын ғана сезді.

Төтенше жағдайлар министрлігі мен Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қалада сейсмикалық жаттығу өткізуді қолға алды. Сейсмикалық жаттығудың негізгі мақсаты – қала тұрғындарының төтенше жағдайларда іс-әрекетке дайындық деңгейін арттыру. Осылайша тұрғындар эвакуация маршруттарын, қауіпсіз орындарды алдын ала анықтап, дабыл чемодандарын дайындайды. 23 ақпанда сейсмикалық жаттығу кезінде сағат 10:08 шамасында жер сілкінді. 

Халық коммуналдық тарифтердің өскеніне наразылық білдірді

Қаңтар айында келіп түскен квитанциялар әлеуметтік желілерде үлкен дау-дамай тудырды. Халық тарифтер бағасының шарықтағанын сөз етіп, наразылықтарын білдіріп жатыр. Олардың сөзінше, жылу, жарық пен су бағасы екі есеге жуық өскен. 

Айта кетсек, бұрынғы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкіметте коммуналдық тарифтер жеті жыл бойы кезең-кезеңмен өсе беретінін айтқан болатын. Тарифтерді қымбаттату бойынша министрлік жоспарына сәйкес, орташа есеппен 20-30% қымбаттау болатыны туралы айтылған. 

Алайда Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақысылықов коммуналдық қызметтердің тарифі әлі де қымбаттайтынын айтты. “Жалақы бір қалыпта тұраған кезде тариф неге үнемі қымбаттай береді?” деген сауалға ол тарифті қымбаттатпасақ, Екібастұздағыдай апат қайталанады деп жауап берген

Мұндай жағдайда тіпті еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде де ешқандай шара қолдана алмайтынын айтып отыр. 

"Жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй шығындарын төлеуді қамтамасыз етеді. Егер белгілі бір отбасының тарифтерге төлем жасауға қалтасы көтермесе, олар осы көмекті тағайындау үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгіне алады. Содан кейін оларға тиісті көмек тағайындалады", - деген болатын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Әлемдегі өзгерістер

Әзірбайжандағы сайлау мен Ильхам Әлиевтің жеңісі

Әзірбайжандағы кезектен тыс президент сайлауында Ильхам Әлиев 92,05% дауыспен жеңіп, қайтадан президент болып сайланды. 

Келесі сайлау 2025 жылдың сәуір айында өтуі керек еді. Алайда Таулы Қарабақ Әзірбайжанның толық бақылауына көшкендіктен, Қарабақ тұрғындары да дауыс берсін деген ниетпен сайлау өтті. 

Бұл – Қарабақ тұрғындарының алғаш сайлауда дауыс беруі, ал Әзірбайжан үшін өте маңызды саяси оқиға.

Ресейлік оппозиционер Навальныйдың өлімі

16 ақпанда Ямало-Ненецкий автономды округінің федералды қылмыстық атқару жүйесі басқармасы ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың көз жұмғаны туралы ақпарат таратты. Ресми ақпаратқа сәйкес ол түзету мекемесінде өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері оның жан тапсырғанын анықтапты.

Оппозиционер 2023 жылы экстремистік ұйым құрып, экстремистік іс-әрекетті қаржыландыру, халықты экстремизмге шақыру, нацизмді жаңғырту айыптары бойынша 19 жылға сотталған еді. Жазасын "Полярлық қасқыр" деп аталатын Ресейдің ең қатал түрмесінде жазасын өтеп жатқан.

Навальныйдың жақындары көпке дейін оның денесі ала алмаған екен. Анасы Людмила оны әлдекімдер бопсалап, түрлі шарттар қойғанын және  Алексей Навальныйдың қайда, қашан және қалай жерленетіні жасырын болуын талап еткенін айтады.

Джо Байден ресейлік оппозиционердің жесірі Юлия Навальнаямен және қызы Дарьямен кездесіп, оларға көңіл айтты. 

Президент Владимир Зеленский Навальныйды "Путин өлтіргені анық" деп мәлімдеді. Ал Еуропа кеңесінің төрағасы Чарльз Мишель оның бостандық пен демократия құндылықтары үшін күресіп, сол жолда құрбан болғанын айтты. Еуропалық Одақ бұл қайғылы өлімге Ресей режимін кінәлады.

Талқылау