2023 жылы елдің назарын аударған қандай атышулы сот істері өтті?
2023 жылы қазақстандықтардың назарын аудатарлық үлкен сот процестері өтті. Бұл процестердің көпшілігі 2022 жылдың алғашқы айында болған Қаңтар оқиғасына байланысты және содан кейінгі өзгерістерден кейін жалғасты. Кейбір сот процестері әлі де жүргізіліп келеді. “Мемлекетке опасыздық жасаған” Мәсімов, тұңғыш президенттің құдасы мен басқа да шенеуніктер түрмеге тоғытылды. Stan.kz ақпарат агенттігі өтіп бара жатқан жылдың маңызды сот шешімдерін назарға ұсынады.
“Билікті күшпен басып алмақ болған” Мәсімов
Өткен жылдың ең үлкен сот процестері 2022 жылдың Қаңтар оқиғасына байланысты. Биыл 24 сәуірде сот "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", "билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдаланды" деп айыпталған Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті 18 жылға бас бостандығынан айырған.
Сондай-ақ Мәсімовтің орынбасарлары – Әнуар Садықұлов 16 жылға, Дәулет Ерғожин 15 жылға, Марат Осипов 3 жылға сотталды. Садықұлов "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", "билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдаланды" деп, Ерғожин "билікті күшпен басып алмақ болды", "билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдаланды" деп ал Осипов "билікті немесе лауазымдық өкілетті асыра пайдаланды" деп айыпталды.
Бұл іс "өте құпия" түрде қаралды. Отырыстарда не айтылғаны белгісіз себебі БАҚ өкілдері қатыстырылмады. Билік сот процесі кезінде ұлттық қауіпсіздікке зияны тиетін деректер айтылады деген еді.
Төртеуі де генерал әскери шенінен және мемлекеттік наградаларынан айырылды. Одан бөлек, мемлекетке 10 миллиард теңге және 24 миллион доллар өндірілген.
Сонымен қатар, ҰҚК Мәсімовке қатысты "пара алды және мүлікті заңдастырды" деген айыппен тергеуді жалғастыруда.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 5 қаңтарында елдегі дүрбелеңге байланысты Мәсімовті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы қызметінен босатты. Сол жылдың 8 қаңтарында ҰҚК Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұстағанын хабарлады.
Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Қайрат Сатыбалдыұлының інісі Самат Әбіш атқарған. Оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қабылданған. Олбір ғана бап – "қызмет өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша күдікке ілініп отыр.
Қаңтардан кейін қозғалған сең һәм Қайрат Сатыбалдының соты
Қайрат Сатыбалды 2022 жылы наурызда Дубайға ұшпақ болған жерінен ұсталды. 2022 жылы қыркүйекте сот Қайрат Сатыбалдыны алты жылға соттаған. Оған "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ірі көлемдегі қаржысын жымқырды деп айып тағылған.
Қайрат Сатыбалды 2022 жылы наурызда қамауға алынған. Оған "Алдау немесе сенімге кіру арқылы мүліктік зиян келтіру" және "Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ұрлау" баптары бойынша айып тағылды. Сатыбалды "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан 40 млрд теңге қаржы жымқырды деген күдікке ілінген. 2022 жылы қыркүйекте сот оны алты жылға бас бостандығынан айырды.
Қазір түрмеде отырған Қайрат Сатыбалдыға қатысты салықтан жалтару және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру сияқты өзге эпизодтар бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, 51 жастағы Қайрат Сатыбалды "Kaspi.kz" АҚ негізгі акционері болды. Ол әр жылдары мемлекеттік қызметте істеді. 2000 жылдары Астана қаласы (қазіргі Нұр-Сұлтан) әкімінің орынбасары, "KazakhOil" компаниясының вице-президенті, "Қазақстан темір жолы" компаниясының бірінші вице-президенті болды. 2010-2015 жылдары президенттіктен кетсе де, билікке ықпалын сақтауға тырысқан ағасы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясында хатшы болды.
Сатыбалдыдан кейін кейін оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да сотталды. Астана соты экс-президенттің немере інісінің бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыны жеті жылға бас бостандығынан айырды. Ол "адам ұрлау" (125-бап) және "өзінше билік ету" (339-бап) баптары бойынша айыпталған.
Сот үкіміне сәйкес, Гүлмира Сатыбалды кәсіпкер Тұрсен Алагөзовке 6,6 млрд теңге ақша өндіріп беруге тиіс. Сатыбалды кәсіпкерге моральдық өтемақы ретінде 1 млн теңге беруге де міндеттелді.
Гүлмира Сатыбалды “рейдерлік” және “адам ұрлау” күдігімен 2022 жылы 16 наурызда ұсталған. Тергеу болжамынша, 2020 жылы маусым-қыркүйек аралығында ол жергілікті кәсіпкер Тұрсан Алагөзовті Galanz bottlers компаниясындағы 45 пайыз акциядан бас тартуға мәжбүрлеген. Кәсіпкерге моральдық-психологиялық да қысым жасалғаны да айтылды.
Тергеу болжамынша, Сатыбалды сонымен бірге компаниядан Maxi чай тауарлық белгісін шығарып, Maxi Bottlers'ке беріп, оны Айгүл Мекешованың атына рәсімдеген. Мекешованың алдына “компанияны дефолттық жағдайдан құтқару” міндеті қойылған, ол міндетті орындаған соң компанияны “Сатыбалдының сенімді тұлғаларының” атына аударуға мәжбүрлеген. Былтыр Мекешованың айыпталушымен келісімге келгені хабарланған.
Гүлмира Сатыбалдымен бірге оның қарамағында істеген Мәди Батыршаев пен Рашид Өтебеков те сотталды. Тергеу болжамынша, олар “адам ұрлау” және “бизнесті тартып алуға” көмектескен. Сот Мәди Батыршаевты – жеті жыл, Рашид Өтебековті бес жылға соттады. Сотталушылар қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді.
Маусым айының соңында Гүлмира Сатыбалды екінші рет сотталды. Бұл жолы ұрлық бойынша. Ол Қызылордада жылу желілерін салу кезінде 440 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деп айыпталған. Бұдан бұрын Астанада 5 мамырда шыққан үкім ескеріліп, соңғы үкімге сәйкес 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаевтың сотталуы мен қайта босауы
2023 жылы айыптау үкімі Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы, олигарх Қайрат Боранбаевқа оқылды.
Биыл қыркүйекте Астана қаласының апелляциялық соты Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, алты жылға соттап, жалпы режимдегі колонияға жіберген. Оның алдындағы сот оны "ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемденді", "қылмыстық жолмен алынған ақшаны жымқырды" деп танып, 8 жылға соттаған. 2023 жылдың қыркүйек айының ортасында Боранбаев өз кінәсін мойындап, мүлкін мемлекет шотына аударып, тергеумен белсенді түрде ынтымақтаса бастады. Осыдан кейін оның жазасы 6 жылға қысқарды.
Тағы бір айдан кейін мемлекет қазынасы олигархтың миллиардтаған теңгесімен толықты, сот түрме жазасын шартты жазамен ауыстыру туралы шешім қабылдады. Боранбаев мемлекетке 90 миллиард теңгенің мүлкін аударды, сонымен қатар Білімді қолдау қорына 30 миллиард теңге төледі. Мемлекет меншігіне қайтарылған нысандар мен активтер арасында Астанадағы қонақ үй кешені, фитнес-орталықтар, мұнай өндіру компаниясы, Қазақстанның батысындағы мұнай кеніші бар.
Қайрат Боранбаев бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасындағы адамдар қатарына кірген. Оның қызы Әлима Боранбаева экс-президенттің жиен немересі Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шыққан. 2016 жылдан бері Боранбаев Қазақстанның ең бай 15 адамының қатарына енді. 2021 жылы оның байлығы 590 миллион долларға бағаланған.
Соттан қашып құтыла алмаған Күдебаев
Қаңтар оқиғасына байланысты сотталғандардың арасында Алматы облысы полициясының экс-басшысы Серік Күдебаев та бар. Оған билікті асыра пайдаланды және азаптады деген айып тағылған.
Биыл көктемде сот процесі жүріп жатқанда Серік Күдебаевтың елден шығып кетіп, сотқа келмегені мәлім болған. Кейін Күдебаевты Түркиядан ұстап әкелген. Қазақстанның шекара қызметі "Серік Күдебаев Қырғызстанға тау арқылы өтіп кеткен" деген.
28 сәуірде Серік Күдебаев Қаңтар оқиғасынан кейінгі азаптаулар кезінде қызмет өкілетін асыра пайдаланды деген айыппен 10 жылға сотталып, мемлекеттік наградалары мен полиция генерал-майоры шенінен айырылған.
Тергеу материалдарына қарағанда, Күдебаев Қаңтар оқиғасы кезінде "полиция департаментінің ғимаратын тастап кеткен және азаптауларды ұйымдастырған".
Күдебаевтың жазасына тергеу кезінде елден қашқаны үшін тағы алты ай қосылды. Үкім шыққанға дейінгі қамауда отырған мерзімі ескерілгендегі жаза мерзімі 10 жыл 3 айға шықты.
Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алғандардың соты
Биыл жұртшылық үшін маңызға ие бірнеше іске байланысты сот шешімі шықты. Солардың бірі қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алғандар ісі. Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл іс бойынша бес айыпталушыға үкім шығарды.
Қортындылай келе Әйгерім Тілеужанова – 4 жылға, Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шілібаев, Жанайдар Кәрменов - 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға "тәртіпсіздік ұйымдастыру", "ғимаратқа шабуыл жасау", "көлікті айдап кету", "тонау" баптары бойынша айып тағылған. Айыпталушылар үкіммен келіспеген.
Сонымен қатар, бұған дейін Алматы әуежайы желілік полиция бөлімінің бұрынғы бастығы Талғат Тәліпов қаңтар оқиғасы кезінде билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылған болатын. Судья оған 5 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазым атқару құқығынан, сондай-ақ 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, полиция подполковнигі атағынан айырды.
Кәрім Мәсімовтің інісі Нұрлан Мәсімовтің соты
Ал Кәрім Мәсімовтың інісі Нұрлан Мәсімовке аса ірі көлемде пара алды, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденді немесе талан-таражға салды, мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өтті деген айып тағылды.
Сот оның мүлкін тәркілеп, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады.
Сот Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімовті "Пара алу", "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу", "Шекараны заңсыз бұзып өту" баптары бойынша кінәлі деп таныған. Айыпталушы өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.
Соттың айтуынша, Мәсімов құны 607 млн теңге болатын техникалық қаруларды жеткізу үшін компаниямен келісім-шарт жасасып, өзі 400 млн теңге алған. Заттарды жеткізетіндер конкурссыз алынған. Компания қару-жарақты үстеме баға көрсетіп, 180 млн теңгеге әкелген.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің немере інісі, 48 жастағы Нұрлан Мәсімов Павлодар облысы полиция басқармасының басшысы қызметінен былтыр қаңтар ортасында босатылған еді. Ол мекемені 2019 жылдың қарашасынан бері басқарды.
2021 жылы Қазақстан президенті Тоқаевтың қаулысымен Нұрлан Мәсімовке "полиция генерал майоры" шені берілген еді. Судья үкімінде Нұрлан Мәсімовті "полиция генерал майоры", "Айбын" атақтарынан айырды. Былтыр сәуірде Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланған. Кейін шілдеде оның Ресеймен шекарада ұсталғаны хабарланды.
Экс-мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының соты
Қазақстанның бұрынғы мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға сотталды. Оған Астанадағы Ұлттық музейдің директоры болған кезеңде 221 миллион 411 мың 730 теңге бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды. Қаржы жымқыру "Алтын адамның шеруі" көрмесі кезінде жасалған.
Бұл іс бойынша айыпталған Алмаз Нұразханов, Азамат Көшенов және Айым Сәдуақасова 7 жыл түрме жазасын алды. Сот үкімі бойынша олар өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналыса алмайды. Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы соңғы сөзінде өлім жазасына кесілсе де, кез келген жазаға келісетінін жеткізген.
“Қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекетсіздік көрсетті” деп айыпталған бұрынғы қорғаныс министрінің соты
2023 жылы наурызда бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға сотталды. Ол "қызмет бабын асыра пайдалану" бабы бойынша кінәлі деп танылды. Іс құпия деп танылған.
Мұрат Бектанов ісі әскери сотқа берілгені былтыр қазанда белгілі болған. Әуелі Бектанов "қызметтік міндетін орындамау" бабы бойынша күдікке ілінгені айтылған. Кейін ол "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша күдіктіге айналды. Тергеу органдарының болжамынша, Қаңтар оқиғасы кезінде елде төтенше жарияланған шақта Бектанов "заңсыз бұйрықтар беріп", "әскери стратегиялық нысандарды қорғаусыз қалдырған".
Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев Мұрат Бектановты қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекетсіздік көрсетті деп сынаған. Ол қызметінен босатылып, Қорғаныс министріне "қызметтегі әрекетсіздігі үшін" қатысты тергеу басталды. Сонымен қоса бас прокурор Берік Асылов "Төтенше жағдай кезінде Бектанов анық заңсыз бұйрықтар беріп, стратегиялық нысандарды әскери қорғаусыз қалдырды" деп мәлімдеді. Ол бұрынғы Қорғаныс министрінің елдегі конституциялық тәртіпті қалпына келтіру бойынша шара қолданбағанын атап өтті.
Саяси белсенді Жанболат Мамайдың соты
Биыл сәуірде Мамай Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", "билік өкілін қорлады", "жалған ақпарат таратты" деген айыптар бойынша алты жыл шартты жаза кесілді. Онлайн режимде өткен сот отырысында судья 34 жастағы Жанболат Мамайды жалған ақпарат тарату, билік өкілін қорлау және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру қылмыстарына айыпты деп танып, бұған дейін прокурор сұраған мерзімнен алты ай кем жаза кесті.
Алты жыл шартты түрде бостандығынан айыру жазасына қоса сот Мамайға сонша мерзімге қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына, әлеуметтік желіні пайдаланып хабар таратуына тыйым салды. Бұған қоса, сот шығынын өтеуге міндеттеді.
Билік Мамайды былтыр 25 ақпанда қамауға алды: бастапқыда Алматыда Тәуелсіздік монументі алдында өткен Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 15 күнге қамады. Кейін оны "билік өкілін қорлау" және "жалған ақпарат тарату" баптары бойынша күдікті ретінде тергеу изоляторына ауыстырды. Бірнеше айдан соң Мамайға "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген тағы бір айып тағылған.
Бұрынғы депутат Нұржан Әлтаев 10 жылға сотталды
Астана соты 2023 жылы 21 қарашада мәжілістің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаевты 10 жылға бостандығынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салу туралы үкім шығарды. Сот Әлтаев "аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін айыпты" деп тапты.
Сот Әлтаевтан "заңсыз алынған мүлік ретінде" 50 миллион 116 мың 20 теңге, сараптамаға тағы 840 теңге өндіріп алуға үкім кескен. Одан бөлек Әлтаев "жәбірленушілерге өтемақы қорына" 83 340 теңге төлеуі керек.
Нұржан Әлтаев "Атамекен" ұлттық палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтің ісі бойынша күдікке ілінген. Тергеу орындарының дерегінше, Әлтаев "Мырзахметовтің мемлекеттік тапсырыстар алуына септескен". 2003 жылы мамырда сот Абылай Мырзахметовке "мемлекет мүлкін жымқырды" деген айыппен бес жыл шартты жаза кесіп, мүлкін тәркілеуге үкім еткен.
45 жастағы Нұржан Әлтаев "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясынан алтыншы шақырылымдағы Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болған. 2020 жылы Қазақстанда мерзімінен бұрын мәжіліс сайлауы өтер алдында оппозициялық партия құратынын мәлімдеген. Осыдан кейін "Нұр Отан" партиясынан шығарылып, депутат мандатынан айрылған. Кейін ол "партия құруға билік кедергі келтірді" деп бірнеше рет мәлімдеген.
Аты әлемге әйгілі марафоншы Жыланбаевтың сотталуы
2023 жылы 29 қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының жетекшісі, белсенді Марат Жыланбаевты 7 жылға бас бостандығынан айырды. Ол "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" және "экстремизмді қаржыландырды" деп айыпталған.
Жарты жылға жуық уақыттан бері Астананың тергеу абақтысында отырған, биыл жазда қамауда отырып 60 жасқа толған Марат Жыланбаевтың ісі бойынша сот қазан айының аяғында басталған.
Марат Жыланбаев Қазақстанда биыл көктемде өткен парламент сайлауына тәуелсіз кандидат болып тіркелуге талпынып көрген. Оппозициялық белсенді интернетте краудфандинг жариялап, сайлауға түсу жарнасын төлеуге қаржы жинаған. Бірақ билік оны "сайлауалды науқанды ерте бастап, заң талабын бұзды" деген айыппен сайлаудан шеттеткен.
60 жасағы Марат Жыланбаев Гиннес рекордтар кітабына жеті рет енген супермарафоншы ретінде дүйім жұртқа белгілі адам. Ол 2016 жылдан бері Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ол құрған автократиялық билік режимін, кейін Назарбаев президенттіктен кеткенде орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқару жүйесін сынап келе жатқан белсенді ретінде танылды. Үкіметті сынап бейбіт қарсылық акцияларына қатысқан Жыланбаев бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған.