2023 жылдан бастап Қазақстан мектептерінде латын графикасы енгізіледі
Еліміздің орта білім ошақтарында 2023 жылдан бастап латын графикасы енгізілмек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қазақстанда жаңартылған білім мазмұнына көшу 100 пайыз аяқталды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық өңір толықтай бейнебақылау орнатылып және 99 пайызы жылы әжетханамен қамтылды. 2023 жылдан бастап кезең-кезеңімен 12 жылдық білім беруге көшу жоспарланып отыр. Ол үшін ауқымды жұмыс істеліну қажет. Оның ішінде мемлекеттік стандартты, оқу бағдарламасын және үлгілік оқу жоспарларын қайта жаңартуымыз тиіс. Математика, информатика және тіл пәндері басымдық беріледі. Сондай-ақ, Қазақстан тарихы мен Дүние жүзі тарихы пәні бойынша бірыңғай оқулық болады. 2023 жылдан бастап латын графикасын енгізу жоспарланып отыр", - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтіп жатыр. Жиында министрліктің 2020 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен 2021 жылға қойылған міндеттері талқылануда.
Сондай-ақ, алқа отырысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысып жатыр.