Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Теңге бағамы вакцинаға тәуелді болады": Қазақстандық қаржы сарапшыларының 2021 жылға болжамы қандай?

2020 жыл жаңалықтарға бай уақыт болғаны рас. Ең ірі өзгерістер экономика саласында орын алды. Әлемдік мемлекеттердің экономикасы қиын-қыстау кезеңді өткеруде. Бұл қашанға дейін жалғаспақ? Келесі жылы бізді не күтіп тұр? Қаржы сарапшыларының 2021 жылға болжамы қандай? Бұл туралы Stan.kz тілшісі мамандардан сұрап білді. 

теңге

Көптеген қазақстандық сарапшылар келесі жылы теңге бағамы қандай болатынын болжап білу мүмкін емес екенін айтып отыр. Оған себеп - Ұлттық банктің жүргізіп отырған түсініксіз саясаты. Сонымен қатар, теңгенің бағамы нарықтық болмауы да нақты болжам жасауға қиындық келтіреді екен. 

Мәселен, Еуразиялық даму банкі 2021 жылға Қазақстанның экономикалық өсімі 4,4%-ды құрап, инфляция деңгейі 5,3%-ға дейін баяулайтынын айтып отыр. Әлем мемлекеттерінің мұнайға деген қызығушылығының қайта артуына байланысты алдағы жылы доллардың орташа бағамы 423,8 теңгені құрайды. Бұған қоса, баяндамада айтылғандай, коронавирусты 2021 жылы ауыздықтауға келмесе, ел экономикасы одан сайын күйреуі әбден мүмкін. 

Банктің есебіне сәйкес, келесі жылы әлемдік экономиканың баяу қалпына келуіне орай мұнай бағамы бір баррелі үшін 41 долларды құрайтын болса, АҚШ доллары 423,8 теңге емес, 486 теңгеге шарықтап кетуі ғажап емес. 

Мақсат Халық

UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халық келесі жыл коронадағдарыстың салдарымен күресуге арналады деген пікірде.

Дағдарыс кемінде екі-үш жылға жалғасады

2021 жылы биыл орын алған коронадағдарыстың салдарын көретін боламыз. Мәселен 2019 жылы бізде жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,5%-ды көрсетті. Соңғы жылдар үшін бұл рекордты көрсеткіш болған еді. Бірақ пандемияға байланысты ЖІӨ мүлдем құлдырап кетті: тамызда бұл көрсеткіш минус 3%-ға дейін түсіп кеткен еді. Дегенмен жыл соңына қарай экономиканың қайта аяққа нық басуына орай, бұл тенденция тежеледі деген ойдамын. Дағдарыстың айқын көрінісі ретінде осыны айтуға болады. Алдағы уақытта тежелу процесі жалғасын табады деген ниеттемін. Менің болжауымша, осы жылы айтып отырған ЖІМ индексі минус 2%-дың айналасында болады. 

Қазақстанның экономикалық ауқаты бірден қалпына келмейді 

Салыстырмалы түрде қарасақ біздегі жағдай айтарлықтай қорқынышты емес. Бірақ мұның өзінде арқаны кеңге салып отырудың қажеті жоқ. Сондықтан 2021 жыл коронавирустың салдарымен күресуге кетеді деп сенімді түрде айта аламын. Әрине, Қазақстанда бәрі бірден қалыпқа келе салмайды. Мәселен, биыл аурудың кесірінен қаншама адам ажал құшты, олардың көбі еңбек жасындағы азаматтар еді. Экономикалық тұрғыдан да алып қарасақ та, бұл - орны толмас жағдай. Себебі олар ел әлеуеті үшін әлі де еңбек сіңіруге қабілетті азаматтар еді. Сондықтан олардың орнын бір жылда толтыруға болады деп айту - әбестік.

2021 жыл Қазақстанды экономикалық жандануға алып келеді

Экономикалық циклдың төрт фазасы болады: дағдарыс, тоқырау, депрессия, экономикалық жандану. 2021 жыл Қазақстан үшін жандану кезеңі болады деген үміттемін. Дағдарысты осы жылы көрдік, депрессия фазасы білінбей өтіп кетсе екен деймін. Келесі жылы экономикалық жандану фазасына қарай өтсек деген ойдамын. Ол үшін де мемлекет дағдарысқа қарсы стратегиясын нақты жүзеге асыру барысында нақты әрекеттер жасаы қажет. Біз осы дағдарысты, депрессияны сезбей қалуымыздың бір себебі бар: ұлттық қорымыздың болуы. Төлемдер мен жалақылардың үзілмей төленуі халықтың қиын-қыстау кезеңді сезбей өтуіне әкелді. Биыл үкіметтің қабылдаған шаралар өте орынды. Егер осы жұмыстар өз жемісін берсе, келесі жылы біз жандану фазасына өтеміз.

Келесі жылы көптеген ұйымдар жаппай банкротқа ұшырауы мүмкін

Кәсіпкерлер мемлекет тарапынан салықтық, коммуналдық жеңілдіктер мен тиімді несие берілсе ғана компаниялар аман қалады. Басқа жағдайда компаниялардың көбі құрдымға кетеді. Өз кезегінде бұл іскерлік белсенділіктің төмендеуіне алып келеді. Аталмыш үрдіс экономиканы дамытпайды, керісінше, әлсіретеді. Соның салдарынан жұмыссыздық өршиді. Артынша халықтың төлем қабілеттілігі түседі, кедейлік деңгейі артады. 

Әлеуметтік мақсаттарға бөлінген ақша арада талан-тараж болып, жемқорлардың қолына түссе, халық мемлекетке сенімін жоғалтады. Ал бұл елдің болашағын бұлыңғыр етуі мүмкін. Сондықтан атқарушы биліктің қолында үлкен жауапкершілік тұр. Осы қаражаттың діттеген жерге жетуі, жұмыссыздық, кедейлік орын алмауы мен халықтың төлем қабілетінің түсіп кетпеуіне баса назар аудару қажет.

Келесі жыл төл теңгенің өзгеруіне алып келетін жаңалықтарға бай болмақ

Бір айта кетерлігі, Pfizer вакцинасының шығуы нарықтағы жағдайды өзгертті. Бұл мұнайдың тоғыз пайызға қымбаттауына септігін тигізді. Және теңгенің нығайюына да ықпал етті. Бұл соңғы уақыттағы жақсы тенденциялардың бірі деп айтсақ болады. Көріп отырғанымыздай, вакцина теңгенің бағамына әсер етіп отыр. 

Теңгеге, валюта бағамына ықпал етуші макроэкономикалық факторлар көп. Сыртқы факторларға мысал ретінде Байденнің инагурациясын айтуға болады. Байден Ресейге қарсы тағы санкция жариялайтын болса, рубль құнсызданады. Ол біздің теңгемізге зиянын келтіреді. 

Әлемдегі тұрақсыздықтар тағы бар. Қарабақтағы оқиға, Беларусь пен Қырғызстанның ішкі қырқыстары Қазақстанның экономикасына жағымсыз ықпал жасайды. Тағы бір айта кетерлігі, Байденнің жасыл экономиканы дамытамын деп айтқаны тағы бар. Жасыл экономика мен тұрақты даму қолға алынса, мұнай дәуірі аяқталады. Бұл әрине біз үшін қиынға соғатынын айтпаса да белгілі. 

Ішкі жүйеде сайлау алды кампаниялар, Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемені 9%-да қалдыруы бар. Пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы теңгенің өтімділік деңгейінің көтерілуіне әсер ететіні түсінікті. Инвестор қаражатты теңгемен ұстауға тырысады. Депозиттердің де, құнды қағаздардың белгілі бір дәрежеде пайыздық көрсеткіші жоғары болады. Бұл теңгеге оңтайлы әсерін тигізуде. 

Қаражатты қазірден бастап шетелдік валютада жинай беру керек

Шетелдік валюта әрқашан да беделді болып қалмақ. Себебі біздің теңгеміз инфляцияның, басқа да факторлардың әсерінен дәлізден шығып кетіп отыр. Теңгеге қарағанда шетелдік валюта тұрақты болып қала бермек. Сондықтан ұзақ мерзімде ақша жинаймын десеңіз, оның көп бөлігін шетелдік валютада сақтаған дұрыс. Доллар, еуро, швейцариялық франк болсын, рубль тіпті юань алып қойғандар да табылады. Баламалы құралдарға көңіл бөлген дұрыс. Тіпті, алтынға да инвестиция жасау болады. Десек те теңгемен де ақша қалдырып қойған дұрыс. Шетелдік валюталарға қарағанда теңге бүгінгі күні қолданатын қаражатыңыз болып есептеледі. 

Арман Бейсембаев

Халықаралық брокерлік топтың сарапшысы, қаржыгер Арман Бейсембаев келесі жылдың экономикалық дамуына әсер ететін дүние вакцина екенін алға тартады

Экономиканың ертеңі - вакцинаға тәуелді болады

Келесі жылы Қазақстан экономикасын аяққа тік тұрғызу үшін қадамдар жасалады. Қазір коронавирус пандемиясы аяқталуға жақын қалды, оған нешетүрлі вакциналардың дайындалуы мысал бола алады. Біздің ел вакцинаға 15-ші болып кезекте тұр. Оның себебін айтпаса да түсінікті. Алғашқы кезекте оң нәтиже көрсеткен екпе батыстағы мемлекеттерге, содан кейін ғана бізге келеді. Айтып отырғаным - Pfizer вакцинасы. Ресейдің вакцинасына сенім жоқ. Өйткені ғалымдардың өзі күдіктеніп отыр. Сонымен қатар, Ресей қажетті мөлшерде вакцина шығаруға қауқары жоқ екенін айтуда. Бұл дегеніміз Қазақстандағы шектеулер біразға дейін сақталады деген сөз. Бұл экономикалық дамуды тежейді, басқа елдердің соңында қалуына алып келеді. 

Дей тұрғанмен қазір қарасақ мұнай өсіп жатыр, бұл тенденция келесі жылы да жалғасады. Мұнай бағасының өсуі бізге тиімді. Жылдың басында ОПЕК ұйымының отырысы болады. Алдын ала болжам бойынша жиналыста шектеулерді азайту туралы талқыланбақ. Бәлкім, бұдан кейін де мұнай бағамының өсуі байқалады. 

Коронадағдарыстың арты одан едәуір қауіптірік дағдарысқа ұласуы мүмкін

Меніңше, Батыс елдерінің 2020 жылы жасаған жұмыстарының келесі жылы салдары міндетті түрде байқалады. Мысалға алып қарасақ, АҚШ ақша басып шығарып, халыққа таратты. Мемлекет ішіндегі ақша көлемі артты кетті. Олардың бұл ісі негізі өздері үшін өте қауіпті. Егер АҚШ ақша айналымын реттей алмаса, коронадағдарыстың арты тағы бір дағдарысқа ұласуы ғажап емес. Бұл дағдарыстан әсіресе, банк секторы зардап шегеді деп айтуға болады. Сипаты жағынан бұл дағдарыс 2008 жылғы құлдырауға ұқсас болуы мүмкін. Қаржы сарапшылары ФРЖ-ге сеніп отыр. Бірақ егер олардың өзі ұстап қала алмаса, инфляция 100%-дан асып кетуі мүмкін. Енді бұл Қазақстанға қалай әсер ететінін өзіңіз ойлап көріңіз. Америкада бұлай болса, қазақстандықтар бір мезетте кедейге айналады. Пандемияның кесірінен біз адамзат бұрын-соңды болмаған оқиғаларды бастан кешірді. Бірақ ең қорқынышты болжам тек осы ғана. Десек те бұл сценарийді де сызып тастауға болмайды. Келесі жылы жағдай қалай өрбитінін болжауымыз керек. 

Қазақстандықтар 42 500 теңгелік әлеуметтік жәрдемақының қыспағына түседі 

Қазақстанда төтенше жағдай енгізіліп, табыстары тоқтағандарға 42 500 тағайындалатыны жарияланған соң, тұрғындар ақша алуға жаппай ағылды. Менің ойымша, үкімет басындағылар сонша адам келгенде сасып қалған секілді. Бұл бізде көлеңкелі бизнестің өршіп тұрғанын аңғартты. Бірақ осының арқасында енді мемлекеттік органдар бақылауды күшейтеді. Жәрдемақы алғандарға санақ жүргізіп, оларды тіркеп, соңдарынан түсе бастайды. Ресми емес жұмыс істейтіндердің жағдайы белгілі болды. Өздерін жұмыспен қамтығандарға енді салық салына бастайды. Өйткені бюджеттегі қаражат айтарлықтай азайды, оның орнын толтыру керек дегендей. Қазір бұл үрдіс басталып та кетті. Бүгінде ұйымдардың жұмысы назарға алына бастады. Келесі жыл бұл жеке тұлғаларға да жетеді. Бір жағынан алып қарасақ, әрине бұл экономика үшін жақсы, алайда халықтың қыспаққа алынатыны тағы бар. Қалай болғанда да, 2021 жылы біз 42 500 теңгелік әлеуметтік жәрдемақының осындай салдарын да көреміз.  

 

Дайындаған Дидар Халық

Талқылау