Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2020/21 футбол маусымындағы Чемпиондар лигасының финалы туралы не білу керек?

Күллі әлем жанкүйерлері әр жылдың мамыр айын тағатсыздана күтеді. Себебі, ай соңына таман Чемпиондар лигасы (ЧЛ) дейтін алпауыт турнирдің финалдық матчы ойналады.

Биыл 29 мамырда өтетін Чемпиондар лигасының финалында "Манчестер Сити" мен "Челси" кездеседі. Нағыз ағылшын финалы болмақ. Пеп Гвардиолла жаттықтыратын клуб өз тарихында тұңғыш рет осы мәртебелі турнирдің финалисті атанып отырса, "Челси" екінші мәрте чемпион атану мүмкіндігіне ие. 

Лондондық ұжым алғаш рет финалға 2008 жылы шығып, жеңе алмады. Екінші рет 2012 жылы шығып, драмаға толы матчта мюнхендік "Бавариядан" басым түскен еді. 

2020/2021 жылғы Чемпиондар лигасының финалы Португалиядағы "Драгау" стадионында өтеді. Финалға испан төрешісі Антонио Матеу Лаос қазылық жасайды. Матчқа әр команданың 6 мың жанкүйері ғана келіп, стадионнан тамашалай алады. Финал әу баста Стамбұлдағы Ататүрік атындағы Олимпиялық стадионда өтуі тиіс болған. Алайда Түркияда коронавирус індетінің өршуіне байланысты УЕФА соңғы сәтте шешімді қайта өзгертуге мәжбүр болды. 

Букмекерлік кеңселер "Манчестер Ситиді" финалдық матчтың фавориті деп санайды. Гвардиола командасының жеңісі (қосымша уақыт пен пенальти серияларын ескере отырып) 1,45 коэффициентімен бағалануда, яғни команданың жеңіске жетуі 65% ықтималдылықты құрайды.

Чемпиондар Лигасының финалына арналған басқа да коэффициенттерді 1XBet веб-сайтынан көріп, өзіңіз де болжам жасаңыз

Қос команда финалға қалай жетті?

 

Манчестер Ситидің" Чемпиондар лигасындағы ең үздік көрсеткіші сонау 2006 жылы болған. Сол кезде "Сити" турнирдің жартылай финалына дейін жеткен еді. Ал былтыр ¼ финалда "Лионнан" жеңіліп тауы шағылған.

Осы маусымда команда С тобынан бірінші орынмен шығып, 1/8 финалда менхенгладбахтық "Боруссияны" 4:1, ¼ финалда дортмундтық "Боруссияны" 4:2, ½ финалда ПСЖ-ны 4:1 есебімен жеңіп, финалға еркін шықты. Рияд Марез бен Ферран Торрес 4 голдан соғып, команданың үздік бомбардирі атанды. 

"Челсидің" Чемпиондар лигасындағы ең үздік көрсеткіші материал басында айтқандай 2012 жылдың еншісінде. Сол жылы финалға дейін фаворит болып жетіп, финалда да айқын басымдылық танытқан "Баварияны" жеңіп сенсация жасап еді. Ал былтыр сол "ескі жау" – "Бавариядан" 1/8 финалда жеңіліп, турнирді ерте тәмамдаған. 

Осы маусымда Е тобынан бірінші орынмен шықты да, 1/8 финалда мадридтік "Атлетиконы" 3:0, ¼ финалда "Портуды" 2:1, ал жартылай финалда мадридтік "Реалды" 3:1 есебімен жеңіп, финалист атанды. Командадағы үздік сұрмерген – Оливье Жиру. Ол маусым басталғалы 6 гол соқты. 

Финал жайлы деректер

Мамырдың соңы, маусымның басы футбол спектаклдеріне толы болайын деп тұр. Чемпиондар лигасының финалына дейін (29 мамыр) үш күн бұрын, яғни, 26 мамырда Еуропа лигасының финалы ("Вильярреал" – "Манчестер Юнайтед") өтеді. 29 мамыр – ЧЛ финалы. Ал 11 маусымда футболдан Еуропа чемпионаты басталады. 

ЧЛ финалы Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі 01:00-де басталады. Кездесу Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. 

Финалды қабылдайтын "Драгау" стадионы "Порту" клубының аренасы. Бұл спорт аренасында 2004 жылы Еуропа чемпионатының финалы, ал 2019 жылы УЕФА ұлттар лигасының финалы өткен. 

Биылғы Чемпиондар лигасының жеңімпазы ұзындығы 73,5 сантиметр, салмағы 7,5 келі болатын қалқан кубокты төбесіне көтереді. Осынау трофейді жасап шыққан автор Юрг Стадельманн кубок туралы "бәлкім, бұл ғажайып өнер туындысы емес шығар, алайда бәрі де соған қол жеткізгісі келіп тұрады" дейді. Жеңімпаз келесі жылғы Чемпиондар лигасы турнирін бірден топтық кезеңнен бастау мүмкіндігіне ие болмақ. 

Бір қызық дерек – финалдық матчта командалар бес ойыншыдан ауыстыра алады. Егер негізгі 90 минутта жеңімпаз анықталмай, қосымша таймдар ойнатылатын болса, командалар алтыншы ойыншыны алаңға жібере алады. Жалпы, финалға әр команда 23 ойыншы алып келеді.  

Финалдық кездесудің салтанатты ашылу рәсімі бола ма? Әрине, болады. Электронды музыка жанры бойыншы музыкалық продюсер әрі диджей, Happier, Silence және Friends хиттарының авторы америкалық музыкант Marshmello өнер көрсетеді. 

Финалдағы номиналды алаң иесі – "ПСЖ" – "Манчестер Сити" жұбының жеңімпазы болатын болып шешілген. Бұл шешім наурыз айындағы жеребе тастау кезінде анықталған. Сондықтан "Сити" – финалда номиналды алаң иесі болып саналады. Командалар шешуші матчқа өздерінің негізгі спорттық формаларын киіп шығуға құқылы. Алайда киімдері бір-біріне ұқсап қалатын болса, онда номиналды қонақтар ("Челси") экипировканың қосымша комплектісін киіп шыға алады. 

Тарих пен бүгіннің байланысы

Бұл "Манчестер Сити" мен "Челсидің" еурокубоктар аясында 50 жылдан бері алғаш рет кездесуі. ЧЛ финалында ағылшын командалары осымен үшінші рет кездесіп отыр. 2008 жылы Мәскеуде "Челси" тағы бір АПЛ үздігі "Манчестер Юнайтедтен" пенальти сериясында жеңілсе, екі жыл бұрын "Ливерпуль" Мадридте "Тоттенхэмнен" басым түскен еді. 

"МС" бас бапкері Хосеп Гвардиола екі клубпен Чемпиондар лигасын жеңіп алған алтыншы бапкер болуы мүмкін. Ол "Барселонамен" 2009, 2011 жылдары ЧЛ-да жеңіске жеткен еді. "Челси" бапкері Томас Тухель былтыр ПСЖ-мен ЧЛ финалына шығып, "Бавариядан" жеңіліп қалған еді. 

Тухель "Челсиге" келем дегенше бапкер ретінде Гвардиоланы ешқашан жеңіп көрмеген. Ол "Майнц" және дортмундтық "Боруссияны" баптаған кездерінде Гвардиола командаларынан үш рет жеңіліп, екі рет тең ойнаған. Оның командалары 2 гол соғып, 11 гол жіберіп алған. 

"МС"-нің қазіргі құрамының ішінде тек Илкай Гюндоган ғана Чемпиондар лигасының финалына қатысып көрген ("Боруссия" Д қатарында). 2013 жылы дортмундтық "Боруссия" мюнхендік "Бавариядан" жеңілген кезде (1:2) өз командасының жалқы голын осы Илкай соққан. Бұл футболшыда ЧЛ финалында екі команда сапында жүріп гол соққан әлемдегі төртінші ойыншы атанатын мүмкіндік бар. Осыған дейін мұндай жетістікке Велибор Вазович ("Партизан" 1966; "Аякс" 1969), Криштиану Роналду ("Манчестер Юнайтед" 2008; "Реал" 2014, 2017) және Марио Манджукич ("Бавария" 2013; "Ювентус" 2017) жеткен. 

"Челси" қорғаушысы Тьяго Силва былтыр ПСЖ-мен финалда ойнады. "Ақсүйектердің" тағы бір ойыншысы Матео Ковачич те финал көрген футболшы. 2017, 2018 жылдары "Реалмен" финалға шықты. Алайда қосалқы құрамда отырды. 

Бір чемпионатта ойнағандықтан қос команда бір-бірімен жиі кездеседі. Биылдыққа олар төрт рет кездесіп, үш мәрте "Челси", тек бір рет ғана "МС" жеңіске жетті. 

"Челсидің" қосалқы қақпашысы Вилли Кабальеро кезінде "Сити" сапында 48 ойынға қатысқан (2014-2017 ж). "Ситидің" аңыз шабуылшысы Серхио Агуэро мен Кабальеро 2018 жылы аздаған уақыт Аргентина құрамасы сапында бірге ойнады. 

Финалда ойнауы мүмкін болжамды құрам

Финалды бірінші минуттан бастайтын негізгі құрам ойыншылары матч басталардан санаулы минут бұрын ғана жарияланады. Соған қарамастан ойыншылардың маусым бойғы көрсеткіштеріне және қос команданың ұстануы мүмкін ықтимал тактикаларын зерттей отыра, болжамды құрам жарияланады. 

Қос команданың болжамды құрамы мынадай: 

"Манчестер Сити": 

Эдерсон, Уокер, Стоунз, Рубен Диаш, Зинченко, Бернарду Силва, Фернандиньо, Гюндоган, Марез, де Брюйне, Фоден. 

"Челси": 

Менди, Кристенсен, Тьяго Силва, Рюдигер, Аспиликуэта, Жоржиньо, Канте, Чилуэлл, Хаверц, Вернер, Маунт. 

Stan.kz
Сәрсенбі, 26 Мамыр, 2021 11:40
Талқылау