2017 жылы қазақстандықтардың өмірін жақсартқан 13 адам
2017 жыл игі жақсылыққа, қайырымдылыққа толы жыл болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші елімізде мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, үлгі болып жүрген жомарт жандар баршылық. Stan.kz сайты осы жыл ішінде игі ісімен есте қалған жандардың бірқатарын атап өтпек.
Болат Назарбаев Шамалған ауылында баспанасыз жүргендерге үй салып берді. Шамалған ауылында әлеуметтік әлжуаз топтар санатындағы отбасылар мен мүгедек жандар жаңадан салынған 17 жеке тұрғын үйдің кілттеріне ие болды.
Бизнесмен мемлекеттік “Туған жер” бағдарламасы аясында жерлестеріне осындай көмек көрсетіп отыр. Ауылда тұрғызылған 17 үйге 124,5 миллион теңге қаражат жұмсалған. Бұдан бөлек 35 миллион инженерлік коммуникация жұмыстарына берілгені белгілі болды.
Иманғали Тасмағамбетовтің қызы Ақтөбеде жетім балаларға тұрғын үй салып берді. Ақтөбеде қаласында жетім балаларға арналып салынған «Мейірім» жастар үйіне Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетованың өзі арнайы келді. Танымал жас отбасы Ақтөбеге Қазақстанда жоқ жастар үйін салып берді. Құрылыс жұмыстары үшін отбасылық бюджеттен 1,5 млрд қаржы жұмсалған.
«Мұндай орталық Қазақстанда бірінші рет салынды. Бұл Ақтөбедегі біздің алғашқы жобамыз емес. Мүгедектерге көлік пен бірнеше балалар алаңының құрылысын салып бердік», — деді Әсел Тасмағамбетова.
Сондай-ақ, Әсел Тасмағамбетова өз қаражатына Алматыда мектеп ашты. Әсел мен оның “Сәби” қоры 1200 оқушының арманын орындады. Ол 10 блоктан тұратын, жалпы аумағы 11 625 шаршы метр болатын, 1200 оқушыға арналған мектеп ашты.
Депутат көпбалалы отбасыға 3 бөлмелі үй сатып алып берді. «ЮНИСЕРВ» ЖШС бас директоры, БҚО мәслихатының депутаты Нұрғазы Сәтбаев көпбалалы отбасыға баспана сатып алып берді. Ерлі зайыпты Дастан мен Гүлдәурен жеті бала тәрбиелеп отыр. Гүлдәурен – «Алтын алқа» иегері. Дастан ауыл мектебінде күзетші болып жұмыс істейді. Дастанның әкесі Қайырғали Ғұбашев Нұрғазы Сәтбаевқа жағдайын айтып, көмек сұраған. Депутат оның қолын қайтармай Ғұбашевтар тұрып жатқан үйдің жанынан қосымша 3 бөлмелі баспананы сатып алу үшін 600 мың теңге берген.
Тәуекел Мүсілім өзіне берілген оқу грантын мұқтаж жанға сыйға тартты. Талай қыздың арманы болған сері Тәуекелдің қолы ашық, көңілі кең, мәрт азамат болып шықты. Танымал актер, тележүргізушіге Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ректоры тегін оқу грантын ұсынған. Алайда,өзінің болашағын тек өнермен елестетін жігіт бұл грантты мұқтаж жандарға сыйға беруді жөн санапты. Ол туралы Тәуекел тіс жармаса да, сыйлықтың иегері ағынан жарылып, алғысын айтты.
Отандық кәсіпкер тікелей эфир кезінде науқас қыздың еміне 40 мың АҚШ долларын берді. Оқиға «Қазақ радиосының» эфирі кезінде болды. Қыздың еміне қаражат табуға тікелей эфирде шығатын «Жан жылуы» бағдарламасы көмектесті. Науқас балаларға көмек және қайырымдылық ісімен айналысатын кәсіпкерлердің бірі бағдарламаға қоңырау шалған ананың жан айқайына құлақ түрді.
Бағдарламаға Ақмарал есімді әйел хабарласып, 4 жасар қызы Айсәуленің жағдайын айтты. Бүлдіршіннің қос бірдей бүйрегі ауырады, жұмыс істемей қалған. Қазіргі уақытта қыздың өмірі қанды тазартуға арналған құрылғыға қарап тұр. Осы туралы сөз еткен әйел жұрттан көмек сұрады. Эфир барысында тыңдармандардың бірі хабарласып, ананың нөмірін сұрады. Ал кейіннен бейтаныс азаматтың науқас қызға 40 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай көмек көрсететіні белгілі болды. Қайырымдылық жасаған кәсіпкер өз есімін атамауды өтінген.
ОҚО тумасы Тұрымтай Оразалиева ауылына 120 миллион теңгеге спорт кешенін салып берді. Ауылдастарының чемпион болғанын қалайтын азамат өз қаржысынан аянған жоқ. Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының тумасы шаңы көтерілетін алаңда доп тепкен жастарды көріп, соларға ыңғайлы жағдай жасап бергісі келген. Бұл жобаға кәсіпкер 120 миллион теңгесін жұмсапты.
Ақтөбелік кәсіпкер анасы рактан қайтыс болған балаларға 2-қабатты зәулім үй салып берді. Бес баланы әжесі бағып отыр. Олар кішкентай тар үйде тұрып келген. Қыста от жағып, суды 2 шақырым жерден тасып ішті. Ал, балалардың анасы 22 наурыз күні көз жұмған.Ол рак ауруынан ұзақ уақыт ауырыпты.
Надежда Никуланың балаларға дәрі алып беретін, мектеп киімін сатып алатын, азық-түлік алатын ақшасы болмаған. Сондықтан жағдайын айтып журналистерден көмек сұраған. Балалардың анасы Валентина көз жұмған соң ақтөбеліктер немересі мен әжесіне қарайлап тұрды. Көктемде кәсіпкердің бірі бұл отбасыға арнап 2 қабатты жаңа үйдің құрылысын бастады. Бүгінде Надежда әжей немерелерімен жаңа үйде тұрады тұрады.
Ақтөбелік кәсіпкер су тасқынынан зардап шеккен отбасыға 3 бөлмелі пәтер алып берді.Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен ақтөбелік отбасыға 3 бөлмелі пәтерді супермаркеттер желісінің иесі, «Анвар» ЖШС директоры Талғат Салфиков алып берді.Он адамнан тұратын отбасы Махамбет ауданында тұрған, олардың үйі пайдалануға келмей қалған еді.
Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Әркімнің қолынан келгенше көмектесіп, кішкентай сыйлығымен де адамның көңілін табуы – игі іс. Осы орайда, айта кетерлік жайт, Сабина Алтынбекованың анасы да мүгедек жандарға S20 бренд футболкаларын сыйлаған еді.
Ақтөбедегі «Жүректен жүрекке» еріктілер тобы мүмкіндігі шектеулі 50 адамды қала сыртына шығарып, демалыс орындарының бірінде тынығуға жағдай жасады. Белгілі спортшы қыз Сабина Алтынбекованың анасы да шараға қатысып, белсенді мүмкіндігі шектеулі жандарға S20 бренд жейделерін табыстап, жастарға сәттілік тіледі.
Ақтөбелік кәсіпкер Шамиль Каспранов жетім өскен жалғызбасты анаға пәтер сыйлады. Жалғызбасты ана Ирина Кудрина 5 жасынан бастап “Алға” балалар үйінде тәрбиеленген. Ирина ата-анасының кім екенін білмейді. Балалар үйінде жүріп қазақ тілін меңгерген. Қазір орыс, қазақ тілдерінде еркін сөйлейді. Ирина өзіне үй сыйлаған кәсіпкерді оған дейін танымаған. «Мейірім» әлеуметтік үйінің ашылуына Иринаны арнайы шақырып, сол жерде пәтер кілтін табыстады. Күтпеген жерден баспаналы болған ананың қуанышында шеек болған жоқ.
ОҚО-да кәсіпкер Рахым Тәңірбергенов 2 млн теңгеге ЭКСПО билетін сатып алып, жағдайы жоқтарға сыйлады. Астана қаласында биыл EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесi өтті. өңірдегі қалталы азаматтар өз қаржыларына билет алып, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектерге және де ардагерлерге сыйлық ретінде тарту етуде. Осындай игі бастаманы қолға алған азаматтың бірі облыс депутаты, түркістандық кәсіпкер Рахым Тәңірбергеновтің жақсылығы айтуға тұрарлық.
Германия азаматы Ақмола облысына жаңа мектеп салып берді. Германиядан тарихи Отанына оралған азамат білім күніне орай 8 млн теңгенің білім ордасын ақмолалықтарға сыйға тартты. Бұл жоба жекеменшік қаржы есебінен іске асырылған. Ақмола облысының тұрғыны, Германия азаматы Александр Лоренца тарихи отанына оралғаннан кейін кәсіпкерлікпен айналысқан. Осылайша өз қаражатына білім ордасын ашуды жөн көрген.
Фото: ekaraganda.kz
«Қарағанды аруы-2017» Екатерина Дворецкая «Таңшолпан» балалар үйіне 500 мың теңге сыйлады. 19 жастағы ару балалар үйіндегі жетім балаларға көмектескісі келетіні туралы байқауда бас жүлдеге иеленгеннен кейін айтқан еді. Екатерина өз уәдесінде тұрып, Тәуелсіздік күніне орай балаларға сыйлық жасады.
«3 жыл бұрын «Таңшолпан» балалар үйіне ерікті ретінде келген едім. Сондықтан ақшалай сыйлықты алғаннан кейін, оны балаларға сыйлауда ұйғардым», – деді Дворецкая.
Тағы да оқыңыздар:
Қазақстандықтар 2018 жылы қанша күн демалады
2018 жылы әлеуметтік көмектің жаңа түрі кімдерге беріледі?