Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2017 жылы қазақстандықтарды жылатқан 10 оқиға

2017 жылы жағымды жаңалықтармен қатар қайғылы оқиғалар да қатар жүрді. Апат айтып келмейді. Еліміздің әр өңірінде күн сайын болып жатқан төтенше жайттар хабарланып жатыр. Осы орайда Stan.kz сайты оқыс оқиға салдарынан мерт болған, өз өмірін құрбан етіп, өзгені арашалаған, тағдырдың жазуымен басына төнген қиындықты жеңе білген жандардың оқиғасын еске салады.

1.Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласының тұрғыны Жәмила Байсерікованың өмірінде болған жағдайдан бүгінде республика жұртшылығы құлағдар.

Екі бүйрегі бірдей істен шығып, қанды тазартатын гемодиализ аппаратының көмегімен ғана өмір сүріп жатқан қызға жылы сөзімен, тілек-дұғасымен және қаржысымен жәрдемдескен жандар жүздеп, тіпті мыңдап саналады. Таяуда Жәмилаға батысқазақстандық Абзал Әділов есімді азамат (суретте Жәмиланың анасы Құрманкүл Құлмырзаевамен бірге) бір бүйрегін берген болатын. Сол аралықта Жәмилаға бірнеше күрделі операциялар жасал­ған еді. Қазір оның жағдайы жақсы, бүгінде дәрігерлердің бақылауында тиісті ем-домын алып жатыр.

2014 жылдың желтоқсанында 25 жастағы Жәмиләнің қос бүйрегі қатар істен шыққан. Содан бері бойжеткен аптасына 3 рет 4 сағаттан гемодиализ аппаратына таңылып жүрді. Көптен күткен ота Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығында жасалды.

Қайырымды жігіт Жәмилә Байсерікова туралы теледидардан көрген. Жәмилә мен Абзал тағдырдың жазуымен танысып, 3 ай бойы мұң-мұқтажын бөлісіп, бір отбасыдай болып кетті. Жамиләнің анасы Құрмангүл Қалмырзаеваның айтуынша, 3 жыл ішінде көп қиындық көрген.

«Қызымның қан қысымы 220-дан түспей қойды. Бір күнде 3 рет жедел жәрдем шақырған кез болған. Дәрігерлер бүйрек ауыстырса, үміт бар деген соң, барлық телеарнадан көмек сұрай бастадым. Донор табылмады. Бүйрек берем деген ағайынның қан тобы сәйкес келмеді. Жападан жалғыз жүр едім, Абзал келгелі көзіміз ашылды», – деді анасы.

Жәмилә мен Абзал Шымкентте толық медициналық тексеруден өтті. Сөйтіп, араға 3 ай салып, қазанда көптен күткен ота жасалды. Абзал мен Жәмила ауруханадан шықты. Қазір ол гемодиализге барып жүрген жоқ. Тамақ ішіп, ақырын өздігінен қозғала бастады. Қызының бетіне күлкі жүгіргенін көрген ана да бақытты.

2.Алматылық бойжеткен жол апаты салдарынан екі аяғынан айырылды.

16 маусым күні Алматы қаласында әл-Фараби даңғылының бойында екі жеңіл көлік және бір автобустың қатысуымен болған жол апаты кезінде екі қыз ауыр жарақат алған еді. Зардап шегушілердің бірі Екатерина Парафиева екі аяғынан айырылған.

Екатерина тізгіндеген көлік Әл-Фараби даңғылының бойындағы ашық люкке түсіп, дөңгелегі жарылған. Ал, ол жол ортасына тоқтаған бетте, автобуспен басқа Toyota соқтығысқан. Сөйтіп, сол жеңіл көлік тоқтап тұрған машинаға барып ұрылыпты. Екі ортада келіншектер қысылып қалған. Олар ауыр жарақаттар алған. Тіпті, Екатеринаның екі аяғын кесуге тура келді. Бүгін сол Toyota-ның жүргізушісі де сотта куәгер ретінде жауап берді. Анықталғандай, ол сол кезде телефонмен сөйлесіп келе жатыпты.

Екатерина Парафиева ауыр жағдайы бастан өткергенімен жігері жасыған жоқ. Керісінше қайырымдылық шараларына, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуды бастады. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша үміт сыйлап, күресуге кеңес беріп келеді.

3. Павлодар облысында 12 жастағы мектеп оқушысы қарындасын құтқарып, ерлікпен қаза тапты.

Павлодар облысында Ефремовка жалпы орта білім беру мектебінің 6-сынып оқушысы Азамат Жолдасбек қарындасын құтқарып қалып, өзі ажал құшты.

21 мамыр күні таңертең Азамат алты жастағы інісі Алдиярмен бірге мал бағуға кеткен. Кешке үйге келгенде анасы әзірлеп қойған тамақтан бас тартып, қарындасы Инабатпен бірге ауылдың шетіндегі көлге өздері қолдан жасаған ағаш қайықты жіберіп келуге рұқсат сұрап, кетіп қалған. Қастарында көрші үйдің балалары  бірге болған.

Мал су ішетін тоқтау судың жағасында жатқан екі метрлік бетон цементке Инабаттың аяғы тайып, құлап кеткен. Азамат болса, дереу арғы жағынан суға секірген. Ол өзінің қарындасын жиекке лақтырып жіберген де, өзі жағаға шыға алмай қалған. Бергі жақта қалған үш бала бар дауыспен көмекке шақырғанмен ешкім таба алмаған. Даша жағада суға тұншығып ессіз жатқан Инабаттың кеудесін қағып, суды шығара бастаған. Ол сол кезде теледидардан көргендегідей әрекет еткенін айтады. Әбден шошып қалған балалар Алдиярдың анасына жүгіріп келіп, оның суға батып кеткенін айтқан. Өкінішке орай, оқиға орнына жеткенде баланың денесі бірден табылмады. Бұған қоса, көбі жүзуін білмейтінін айтып, суға түсуден бас тартқан. Сол сәтте Дашаның әкесі келіп қалып, Азаматтың денесін жағаға алып шыққан.

Азамат төрт пен беске оқитын әрі ақылды бала болатын. Қазақ-түрік лицейіне түсуге құжаттарын тапсырып қойған. Аман болса, биыл сонда білім алатын еді. Азаматтың жасағаны үлкен азаматтардың қолынан келе бермейтін іс. Бұл үлкен ерлік. Ол өзінің қарындасын ажалдан арашалаймын деп өз жанын қиды.

4. Атыраудағы қалыңдық өлімі

Ақтөбелік студент қызды 5 ай бұрын атыраулық жігіт алып қашып кеткен. Алайда қыз белгісіз себептерден көз жұмған.

Прокурор Ернат Сыбанқұловың айтуынша, қайғылы оқиға 6 қараша күні болған. Полицияға ер адам хабарласып, сарайда келінінің асылып қалғанын айтқан.

Өзге болжамдарға сәйкес, бойжеткен былтыр күзде ғаламторда Атырау тұрғынымен танысқан. Екеуі Ақтөбеде кездесіп, үйленетін болып шешеді.Жігіттің айтуынша, қыз келісімін берген. Атырауға келген соң ұлдың ата-анасы сол үйде бірге тұруына рұқсат береді. Олар оқиға болғанға дейін азаматтық некеде тұрып келген.

Жігіттің айтуынша, оның телефонынан қыз “Жаным, кешір мені” деп хат жазады. “Неге?” деп сұрағанда “Жай” деп жауап берген. Сәлден соң әкесі хабарласып, қыздың көз жұмғанын айтқан.

Осы уақыт аралығында жігіттің өзге қызбен некеде екені белгілі болды.

«2014 жылы өзге қыздың жүкті екенін білген соң екеуі ресми түрде некеге отырған. Алайда бірге тұрмаған. Олардың бір қызы бар», – дейді прокурор.

Күйеужігіттің айтуынша, марқұм қыз оның бұл жайынан хабардар болған. Алайда ол туралы арада ұрыс болмапты. Қазіргі уақытта іс прокуратура бақылауында.

5. Алматыдағы егіздер өлімі

Алмтыда екі баланың денесі жалдамалы пәтердегі тоңазытқыштан табылды. ата-анасы ертесі күні ұсталды. Олардың тірі қалған тағы бір баласы бары белгілі болды. Ата-анасы егіз балаларын өлтірген күні үлкен баласын көшеге тастап кеткен.

Күдіктілер егіз сәбилердің жылап мазасын алғаны үшін өлтіргенін айтқан.

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тоңазытқыштан табылған егіздердің ата-анасына қатысты үкім шықты.

Сот шешіміне сәйкес, күдікті Гильмутдиновты 20 жылға бас бостандығынан айырды, ал анасы Алла Волченко 18 жыл өмірін темір тордың ар жағында өткізеді. Екеуі де маскүнемдіктен емделеді.

Гильмутдинов сотта кінәсін толық мойындап, өкінетінін жеткізді, Алла Волченко үлкен ұлы – екі жасар Равильге қатысты ата-ана құқығынан айырмауды сұрады.

Сот үлкен ұлды әкімдік жанындағы қамқоршылық органдарына беруге қаулы шығарды.

6. 11 жасар Балғынбек тоққа түсіп екі қолынан бірдей айырылған.

Әлеуметтік желіде қос қолынан бірдей айырылған 11 жасар бала мұңын айтты.

Бүлдіршін абайсызда тоққа түсіп қалып, дәрігерлер амалыздан екі қолын бірдей кесуге мәжбүр болған.

Бұл қайғылы оқиға осыдан екі жыл бұрын Маңғыстау обылсынының Бейнеу ауданында орын алған болатын. Ауылдағы трансформатрдың айналасында ойнап жүрген 11 жасар Балғынбек тоққа түсіп, екі қолынан айырылған.  Ауыр жарақаттың салдарынан дәрігерлер жарамсыз болып қалған екі қолын кесіп тастауға мәжбүр болды.

“Балаң тоққа түсіп қалды дегенде, мерт болды екен деп қорқып кеттім. Оны екі қолын салбыратып екі жағынан ұстап әкеле жатты. Жедел жәрдем қызметін шақырттық. Дәрігерлер екі қолын кеспесе, ауруы асқындап кететінін айтқан соң амалсыз көндік”, – дейді анасы.

Өңірдің бокс саңлақтары жеткіншек тұратын Бейнеу ауданына арнайы барып, оның жігерін жаныды. Балғынбек Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовпен өз үйінде жүздескеніне қуанды. Сондай-ақ, есімдері елге мәлім чемпиондардың «Маңғыстау» бокс клубының атынан жасаған қаржылық көмегі мен ағалық қамқорлығына дән риза.

7. Шахандағы қайғылы оқиға

Қарағанды облысының Шахтинск қаласында 1 қаңтар күні тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып түсті.  Тез арада оқиға орнына ТЖД құтқарушылары жетіп, тұрғындар эвакуацияланды.

Тұрғын үйдегі үйінді астынан алғашқыда бір адамның мәйіті шығарылды, кейін екінші тұрғынның денесі үйінді астынан табылды

Оқыс оқиға салдарынан барлығы 9 адам, үш ер адам, үш әйел, үш бала, қайтыс болды. “Шахтинск қаласы, Шахан ауылындағы төтенше жағдайдан зардап шеккендерге көмектесу қоры” жылу қазандығы жарылуы салдарынан қаза тапқан тоғыз адамның отбасыны бір миллион теңгеден бөлді.

8.Павлодарда апалы-сіңлілі екі оқушы қызды трамвай қағып кетті.

7 қыркүйекте Павлодарда трамвай екі оқушыны қағып өтті. 10 жасар Махаббат Масғұт сол жерде көз жұмса, сіңлісі Марал ауруханаға жеткізілген. Қайғылы оқиғадан соң Павлодар жұрты жатақхананы паналап келген марқұм қыздың отбасына 20 миллион теңгеден асатын қаржы жинап, Екібастұз қаласынан жабылып үш бөлмелі пәтер алып бергенін айта кетейік.

Ал екі миллионнан астам жиналған ақшаны Шынар марқұм қызының құрметіне шұғыл отаға мұқтаж балалардың отбасына аударып берді.

9. Қытайдағы қазақ оқушының шығармасы жұрттың жүрегін елжіретті.

Қытайда WeChat желісі арқылы қазақ баланың жазған шығармасы кең таралып кетті. Ол шығарманы үйге берген тапсырма ретінде жазған

Мұғалімі күз туралы бір шумақ өлең жазып келуге және жапырақ туралы шығарма жазуға тапсырма береді.

Қазақ бала шығармасында жапырақ арқылы анасына деген махаббатын суреттеген.

Баланың есімі кім екені белгісіз. Оның шығармасы мынадай мазмұнға сай:

Жылдам ғұмыр уақыт өтті зымырап,

Әп-сәтте алтын түске енді күзгі бақ.

Жапырақтар жыр парағым секілді,

Жер бетіне құлап жатыр судырап.

«Мен жапырақтарды жек көрем. Өйткені менің анам көше тазалаушысы болып жұмыс істейді. Жапырақтарды сыпырады. Ол күнде сыпырған сайын жапырақтар қайта жерге түсе береді. Жапырақтар анамның маңдайынан төгілген тер секілді. Жапырақ ақын-жазушыларға ұнайтын шығар. Бірақ ол маған ұнамайды. Жапырақтар жерге түспейтін болғанда ғой», – делінген шығарма мәтінінде.

10. Ауыр дертті жеңген қос ғашықтың оқиғасы көпшілікті тәнті етті.

Ауыр науқасқа шалдығып, бірнеше жыл ауруханадан шықпаған құлсарылық 23 жастағы Әнел Мұратова мен оның сүйіктісі, досы 22 жастағы жас жігіт Марлен Нұргасеновтың таңғажайып махаббат хикаясы көпшілікті жылатып та, қуантып та үлгерді.

Әнел 2009 жылы өкпесіне салқын тигізіп алып, ауруханада ұзақ жатады. Ауруы меңдеп, олар анасы екеуі Ақтөбе қаласына тексерілуге барады. Марлен бұл туралы досынан естіп, сонда келді. Сол кезде екеуі қалада қыдырып жүрді. Әнел өзінің ауруы жөнінде оған ештеңе айтпаған. Марлен болса, оны Құлсарыға пойызға шығарып салады. Ал бір жылдан соң Әнелдің бір өкпесін түгелімен алып тастау керек болады. Әнелдің анасы Қарағандының тумасы, ол қызын сонда ота жасатуға апарады.

Марлен мен Әнел Астана, Алматының дәрігерлеріне барады. Сол кезде Алматыға Мәскеуден келген профессор Әнелді тексеруден өткізеді де, Марленге «сен қызды әрі-бері сүйреме, болды, өмір сүруге 30 пайыз мүмкіндігі бар, ешкім оған ота жасау жауапкершілігін алмайды, босқа сүйреп, әлсіретпей, әке-шешесіне апар, дайындала берсін» дейді.

Бұл күндері Әнел күйзелісте болып, қатты қиналды, тек дәрінің көмегімен ұйықтайтын. Марлен жанында болды.

Ақырында Әнелге қарағандыдағы дәрігер Аманжол Темірбаев ота жасауға келіскен.

«Ота үстеліне тек 30 пайыз ғана кепілдікпен жаттым. Бәрі қатты қорықты. Анам: «мүмкін, ойланарсың, жасатпассың, қорқып тұрмын» деп жыласа, Марлен: «жоқ, ота жасалады, мен сенемін, бәрі жақсы болады» деді. Мен де отаға кіретінімді айттым. Өлімді күтіп отырғанша, амал жасап өлгенім артық деп шештім. Нағыз өліп кетіп жатсам, әйтеуір, амал қылды деп айтады ғой. Әрине, қорқыныш болды.

Отаны 3-4 сағаттан артық созуға болмайтын, себебі мен наркозды көтере алмас едім. Кейін маған ота 6,5 сағатқа созылғанын айтты. Біздің сүйікті хирург шығып, бірден Марленді іздеп тауып: «Әнел бәрін жеңіп шықты, тірі қалды» депті. Басқа ешкімге қарамай, өз кабинетін барып, қолдарын екі жаққа созып, креслосына жата кетіпті. Шаршап шыққан ғой… Бәрі қуанып, жылап-сықтап, әбігерге түскен екен. Бір апта реанимацияда жатып, кейін палатаға шығып, біртіндеп әл жинадым. Оңалған соң ұшақпен Атырауға келдік. Дәрігеріммен ақылдасып, рұқсатын алдым. Жайлап бастай бер деді. Ұшақтың ішінде оттегі болады ғой. Аман-есен ұшып келдік», – дейді Әнел.

Бәрін айт та бірін айт! Осыдан 2 жыл бұрын некесін қидырған Марлен мен Әнел қазіргі таңда дүбірлі тойға әзірлікті бастап кеткен. Адалдығымен талай жастарға үлгі болған құлсарылық қос ғашықтың қуанышты хабары бар!

Тағы да оқыңыз:

2017 жылы Қазақстан шоу-бизнесіндегі елді шулатқан 7 оқиға

2017 жылы қазақ қоғамы кімдерден айырылды?

Қазақстанда 2018 жылғы демалыс күндері ауыстырылды

Талқылау