Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2017 жылы Қазақстан шоу-бизнесіндегі елді шулатқан 7 оқиға

2017 – Қазақстан шоу-бизнесінде келіндер жылы болды деседі жұрт. Себебі дәл осы тауық жылында белгілі хитмен Қайрат Нұртас 10 жыл бойы жұрттан жасырған әйелін көрсетті.

Артынша Төреғали Төреәлі некелі жарын халыққа таныстырды. Үш жыл бұрын отағасы атанған ол үйлену тойын тек 2017-де жасады.

Алайда шоу-бизнес әлемінде даулы оқиғалар да көп болды. Бұл ретте Stan.kz назарларыңызға 2017 жылы Қазақстан шоу-бизнесіндегі елді шулатқан 7 оқиғаны ұсынады.

Жыл басы әнші, продюсер әрі кәсіпкер Қыдырәлі Болмановтың дауынан басталды. Естеріңізде болса, былтырғы жылы Қарақат Әбілдина күйеуіне тоқал алып беруге дайын екенін айтты. Көпшілік Қарақаттың сөзін қызу талқыға салды, әншіні сынағандар көп болды. Ал көп ұзамай Болманов тоқал алу туралы тақырыпты Қарақатқа әдейі қозғатқанын мәлімдеді. Болманов осылайша ел назарын өзіне аударып, жер дауын шешпекші болыпты. Болманов “тоқал алатынымды естісе, жұрт жаппай мені талқылап, жер мәселесін ұмытады” деп ойлаған. Алайда мұны естіген жұрт Қарақаттың жарын сынға алып, тіпті мазақ қылды.

Жыл басында дизайнер Жадо мен Меруерт Түсіпбаеваның соттасқаны ел есінде. Атақты сәнгер атышулы әншінің стилін сынға аламын деп дауға қалған еді. Ашуға мінген Түсіпбаева дизайнерді “шошқаға” теңеп, масқаралаған-ды. Аңдамай айтылған сөз үшін Жадо Меруертті сотқа берді. Алайда бірнеше сот отырысына созылған процессте әншінің кінәсі дәлелденбеді. Ақырында қос тарап бір-бірінен кешірім сұрап, татуласты.

“Гламур для дур” Атышулы Дәурен Айдарқұлов пен КешYou-дің экс-әншісі Ақбота Сейітмағамбеттің махаббаты дәл осы фильмнен бастау алған-ды. Алғашқыда қарым-қатынастарын жасыруға тырысқан жұп 2017 жылдың наурыз айында отбасын құрғандарын жария етті. Ақбота ақ жаулық киген суретін жариялап, келін атанғанын растады. Ал жаздың басында Ақбота Дәуренге ұл сыйлады. Алайда бұл шаңырақтың ғұмыры ұзаққа бармады. Қыркүйек айында Ақбота Дәуренмен айырылысқанын мәлімдеді.

Дәурен мен Ақботаның тағдырын әнші Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғали қайталады. Мамыр айында Айқынның Жұлдызды ұзатып алып бара жатқан видеосы желіде тарап, елді шулатқан еді. Айқын бұл ақпаратты жоққа шығарып, видеоның сериалдан алынғанын айтып ақталмақшы болды. Дегенмен жұрт бұған сенбеді. Себебі Айқын сөз еткен телехикая жарыққа шыққан соң әншінің өтірігі ашылып қалды. Қыркүйек айында БАҚ-та Айқын мен Жұлдыздың ұлды болғаны жайлы ақпарат пайда болды. Жақындарының сөзіне сенсек, Айқын өзіне ұл сыйлаған Жұлдызға продюсер болып, Жаңа жылдан кейін жеке әнші ретінде таныстырмақшы.

Жуырда БАҚ-та Мақпал Исабекованың отбасылы азаматпен қарым-қатынасы туралы ақпарат пайда болды. Сенімді дереккөзіне сүйенсек, Мақпал отбасылы әзілкеш Дидар Жексековпен көңіл қосқан, тіпті ойнас жасаған. Елдің өсегіне қалса да, Мақпалдың өзі бұл ақпаратқа қатысты ләм-мим деп жауап бермеді. Әнші қаз қалпынша тіршілігін жалғастыруда.

Отбасын тастап, Баян Мақсатқызымен көңіл қосқан соң Тұрсынғали Алагөзовтің балаларымен де ара-қатынасы бұзылған. Бір жыл бойы мұны жасыруға тырысқан кәсіпкер жуырда журналистерге ағынан жарылып сұхбат берген еді. Ол балаларымен мүлдем араласпайтынын мойындай отырып, олармен ара-қатынасын қалыпқа келтіргісі келетінін айтты. Алагөзовтің қызы Әмина тегімен қоса әкесінің де есімін өзгертіп алыпты. Бірақ кәсіпкер балаларына еш ренжімейтінін, тіпті оларды түсінетінін айтып, ағынан жарылды.

Төреғали Төреәлінің сахнадағы ерсі әрекеті бүкіл қоғамды тікесінен тік тұрғызды. Жасы бар, кәрісі бар, халық жаппай қарияны концерттен қуған әншіні сынға алды. Тіпті, ел ағалары мен қоғам белсенділері, журналистер қауымы “Төреғалиді сахнадан алыстату керек, мәдениетсіздікке тоқтау салар кез келді” деп дабыл қақты. Ал Павлодар өңірі бұдан былай Төреғалиді мерекелік шараларға қатыстырмайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, танымал радио басшысы бұдан былай Төреғалидің әндерін насихаттаудан бас тартатынын айтты. Әншінің өзі болса болған жайды түсіндіріп, кешірім сұрады. Алайда қоғамның әншіге деген өкпесі әлі басылмаған.

Материалды көшіріп басу үшін Stan.kz сайтының хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981

Жіберіп алмаңыз:

Мақпал Жүнісова: Төрешті мен үшін кешіріңіздерші, халқым

Төреғалидың әкесі отандық продюсерді “атып өлтіремін” деп қорқытқан

Қайрат Нұртастың хит әніне композиторлар таласып қалды

Айсәуле Бақытбек: Төреғалиді сынап, оған өлең арнау нағыз “колхоздың” ісі

 

 

Талқылау