2017 жылы атағы аспандап, сәтсіздікке ұшыраған танымал жұлдыздар (фото)
2017 жыл отандық шоу-бизнес өкілдеріне табыс та, сәтсіздік те алып келді. Тауық жылында бірнеше жерлесіміз алыс-жақын шетелді бағындырып, әлемге танылды. Сондай-ақ құздан құлап, сәтсіздікке ұшыраған әртістер де аз болмады. Бұл орайда Stan.kz назарларыңызға 2017 жылы атағы аспандаған әрі сәтсіздікке ұшыраған танымалдар тізімін ұсынады.
Тауық жылы Димаш Құдайбергеннің жұлдызын жақты десек, артық айтқандық болмас. Жыл басында отандасымыз алпауыт ел – Қытайда өткен I am a Singer шоуына қатысты. Өзін жан-жақты көрсете білген Димаш аспан асты еліне ғана емес, бүкіл әлемге танылды. Димаш қарапайым халықтан бөлек, әлемге әйгілі жұлдыздардың өзін мойындатты. Оның даусына әйгілі француз әншісі Лара Фабиан, америкалық даңқты композитор Уолтер Афанасьефф, актер Джеки Чан тәнті болды.
Сондай-ақ, Димаш голливуд жұлдыздарымен бірге бірнеше шараға қатысып, қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Оның еңбегін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та назардан тыс қалдырмады. Ол Димашты Ақордада қабылдап, жеке құттықтады. Бір сөзбен айтқанда, 2017 жылы Димаш Құдайберген әлемді мойындатты. Қазақ эстрадасында әлем танитын алғашқы әнші пайда болды.
Димаштың табысын Алматының кішкентай ғана тұрғыны Данэлия Төлешова қайталады. 11 жастағы жеткіншек Украинада өткен “Голос.Діти” шоуында жеңіске жетті. Данэлия сахнаға шыққан сайын украин халқы мен қазылар алқасы көздеріне жас алып, жерлесіміздің өнерін өте жоғары бағалады.
Бүгінде Данэлияны барша қазақ жұртшылығы, одан қалса алыс-жақын шетелдік тыңдармандар жақсы таниды. Димаш пен Данэлия Қазақстанның нағыз мақтанышына айналды! Бұған дейін мұндай жетістікке бірде бір қазақ әншісі жеткен емес.
2017 жыл Ерке Есмахан үшін де табысты болды. Жыл басында продюсері Баян Мақсатқызымен ат үзіскен әншінің алғашқы жұмысы адам айтса нанғысыз табыс алып келді. Еркенің “Қайда?” әні бір күннің ішінде хитке айналды. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін “Алматыда жоқ-жоқ” деп әндететін болды.
Небәрі 18 миллион тұрғыны бар Қазақстанда алғаш рет әншінің бейнебаяны 50 миллионға жуық қаралды. “Қайда?” әнін қазақстандықтар ғана емес, бауырлас елдер де хитке айналдырып алды. Қырғыз әншілері аталған әнге бейнебаян түсіріп, желіні біраз шулатты.
Бұл жылы Ернар Айдар үшін сынақ жылды десек болатын шығар. Көктем айында әнші ірі жол апатына ұшырап, бір ғажаптың күшімен аман қалды. Автокөліктің күл-паршасы шықты, ал Ернар омыртқасын зақымдап, аяғынан айырылып қала жаздады. Халықтың тілеуінің арқасында болар, әнші бірнеше айдың ішінде қайта аяққа тұрып кетті.
Көп ұзамай оның “Күнім, сен сөнбеші” атты бейнебаяны қазақ елінің назарын аударды. Шынайы оқиғаны арқау еткен хикая ешкімді бей-жай қалдырмады. Бұдан кейін талай қыздың арманы болған сері жігіт шаңырақ көтеріп, отағасы атанды. Көп ұзамай бес жылдық концертін өткізіп, тыңдарманымен қайта қауышты.
Халықаралық додаға қатысқан Рүстем Жүгінісов Димаш пен Данэлияның табысын қайталай алмады. Ол “Жаңа толқын” байқауынан жүлдеcіз оралды. Тек көрермен көзайымы аталымымен марапатталды. Десек те, Рүстемнің есінде 2017 өміріндегі ең маңызды оқиға жылы ретінде қалмақ. Себебі ағайынды Жүгінісовтердің үлкені күз айында шаңырақ көтерді.
Атышулы Баян Мақсатқызының жобалары бұл жылы табысқа кенелді деп айту қиын. 10 жылдық тарихы бар КешYou тобы тауық жылында бірнеше рет құрамын ауыстырды. Алғашқыда квартет болып, жұртты таңғалдырмақ болған топ жақында қайта үштікке айналды.
Топтан нашар тәртібі үшін Сара Амангелді кетті. Сондай-ақ, атышулы топ “Жыл таңдауы” Ұлттық музыкалық жүлдесінде марапатсыз қалды. Табысқа кенеліп үйренген Баян және Бағым Мақсатқызы үшін бұл шынында күтпеген жағдай болды. Мақсатқызы таспалаған “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” кинокартинасының да жаппай ел сынына ұшырағанын айта кетейік.
2017 – қазақ шоу-бизнесінде келіндер жылы болды деседі жұрт. Оның алғашқы себебі – белгілі хитмен Қайрат Нұртас он жыл бойы жұрттан жасырған келіншегін таныстырды. Жай ғана ақ некелі жары емес, актриса ретінде Жұлдыз Әбдікәрімованы танытты.
Жақында киносыншылар Жұлдызды Қазақстанның ең дарынды актрисасы деп атады. Одан бөлек, Қайраттың Жұлдызы Астана әкімі Әсет Исекешовтің қолынан марапатталды. Қайрат пен Жұлдыз басты рөлді сомдаған “Арман” фильмі көпшіліктің көңілінен шықты.
Үш жыл бұрын отағасы атанып, 2017-де үйлену тойын дүркіретіп жасаған Төреғали Қайраттың жолын қуа алмады. Жұрттан жасырған келіншегін көрсетіп, Алматының төрінде бес күн қатарынан концерт берсе де, тауық жылы “Ұлы дала баласы” үшін сәтті аяқталды деп айту қиын.
Төреш жуырда сахнадағы ерсі әрекеті үшін жаппай елден ұрыс естіді. Павлодарда өткен концертте қарияға дерікілік танытып, оны залдан қуып шыққан Төреғали қоғам наразылығын туғызды. Әншінің әндері радиодан алып тасталды, ал Павлодар өңірі оны ресми шараларға қатыстырмайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Төреғалидің әрекетіне жаза қолданатынын айтты.
Материалды көшіріп басу үшін Stan.kz сайтының хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981
Жіберіп алмаңыз:
2017 жылы қазақстандықтардың өмірін жақсартқан 13 адам
Тоқтар Серіков: Шырша тікпеймін, бірақ әлемдік мерекеге қарсы шығуға хақым жоқ
2017 жылы Қазақстан шоу-бизнесіндегі елді шулатқан 7 оқиға
Қызылордалық жігіт ұжымдық кештерде Ақшақар болудың пайдасы мен табысы туралы ашып айтты (фото)