Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2015 жылы бірқатар лауазымды тұлғалар істі болды

Теңге құнсыздануынан бөлек,  2015 жылы бірқатар лауазымды тұлғалар істі болды

1234

Бұл буралы 31 арна хабарлады.

Әуелі қызметінен босатылып, аяқ асты үй қамаққа алынған ЭКСПО-ның басшысы Талғат Ермегияевтен басқа,  айыпталушылар орындығына экс-премьер бастаған тағы жиырма бір шенді отырған еді. Бір жыл бойы тергелген қылмыстық іс ақыры сотқа жетіп, бес айдан кейін мәселенің нүктесі  қойылды. Сотты басынан аяғына дейін қадағалауда ұстаған Қарағанды облысындағы тілшіміз Мейрамгүл Салқымбаева  «Менің 2015 жылым» айдары аясында аты – шулы соттарды еске түсіріп көрген еді.

Қарағанды шенділерінің былығын әшкерелеу биыл емес, былтырғы жылы басталған еді. Ақыры таяқтың ұшы, экс-премьер Серік Ахметовке де жетті. Бірінен соң бірі сұрақ астына алынып, он сегіз шенеунік ұзақ мерзімге түрмеге қамалған. Сөйтіп, тоғыз ай үй қамақта отырып, алғашқы сот отырысына кісенсіз  келген Серік Ахметов желтоқсанның он бірі күні он жылға бас бостандығынан айырылды. 338 томдық қылмыстық істің тобықтай түйіні экс-премьер мен оның сыбайластары мемлекет қаржысын жеп, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған деп үкім шықты.

Өздеріне тағылған кінәларды «жала» деп, соңғы сөздерінде Нұрсұлтан Назарбаевтан  кешірім сұрап, «Президентке адалмыз» деп ақталса да, судья Исламхан Есенбаев фигуранттардың әр қайсысына жаза кесті.

ҚР экс-премьер министрі Серік Ахметов 10 жыл; Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев 5 жыл; Қарағанды қаласының бұрынғы басшысы Мейрам Смағұлов 3 жыл; Анатолий Ессе 7 жыл және өзгелері төрт және үш жылдарын темір тордың ар жағында өткізетін болды. Ал бұрынғы премьерге қарсы сөйлеген Ғұмар Рақымжанов, Думан Нұрбаев пен Әлжан Ақмолдаев сот залынан босатылды.

Жемқорлыққа жол берді деген күдікке биыл ЭКСПО-ның бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев та ілікті. Аса ірі көлемде ақша жымқырды деген айыппен бірден 10 адам қамауға алынған болатын.  ЭКСПО-ға бөлінген 4 миллиард 200 миллион теңгені қалтасына басты деп күдіктелген Талғат Ермегияев тек үй қамаққа алынды. Осымен үш рет кейінге шегерілген бұлтартпау шарасының мерзімі тағы да ұзартылды.

Тиісті он жылдың тек үш жылын ғана қатаң режиміндегі колонияда өтеп, шартты түрде босатылған Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасының басы биыл да дауға қалған еді. Тек бұл жолы Серік Баймағанбетов айыпталушы орындығынан арызданушыға айналды. Колония қызметкерлерінен «жәбір көрдім» деген экс-басшы түзету мекемесімен тағы соттасқан болатын.

Әзірге Талғат Ермегияев пен өзге күдіктілер айыптау қорытындысымен танысып жатқан көрінеді. Сондықтан соттың қашан басталатыны белгісіз. Ал Серік Ахметов бастаған тағы он бес шақты шенеуніктің қорғаушылары сотқа кері шағым түсіруге қамданып жатыр. Бірақ, қалай болғанда да, бастарына қара бұлт үйірілген шенділер Жаңа жылды түзету мекемесінде қарсы алатын болды.

Талқылау