Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2000 оқушы мектепсіз қалды: Алматы облысында жер сілкінісі кезінде қираған мектептің жөндеуі әлі аяқталмаған

Алматы облысындағы Боралдай ауылының тұрғындары ауылдағы №40 мектепте жөндеудің аяқталмағанына наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Боралдай ауылының тұрғындары аталмыш мектепті ұзақ күткен. 7 жыл бұрын ашылған мектеп 600 балаға лайықталып салынса да, 3 ауысымда 1906 оқушы оқып келген. 

Ауыл тұрғындарының айтуынша, 2016 жылы салынған мектеп биыл наурыз айындағы жер сілкінісінен кейін жарамсыз болып қалған. Жер селкінісі кезінде мектеп қабырғалары опырылып, оқушылар оқу жылының ортасында қашықтан оқуға жіберілген. 

Жергілікті билік ата-аналарға мектепті қыркүйек айына дейін пайдалануға беруге уәде берген. Алайда жаңа оқу жылының басталуына бір ай уақыт қалса да, мектепте құрылыс жұмыстары аяқталмаған. 

“4 баламыз бар. Әкімдіктегілер не ойлап отыр. Ата-аналар шу шығарғанға дейін, бізге ештеңе түсіндірілген жоқ. Балаларымыз қалай оқиды. Бізге балаларды әртүрлі мектептерге бөліп тастайтынын айтты. Бірақ ол мектептердің кейбірі өте алыста. Оларды кім тасымалдайды”, – дейді ауыл тұрғыны Назым Көкбосынова. 

Ауылдың тұрғындарының кейбірі мектептің жөнделуіне қарсы. 

“Мектепті жөндеуге қарсымыз. Бұл мектепті салу барысында өрескел қателер жіберілген. Балаларымызды бұл мектепке жіберуге қорқамыз. Оның үстіне жер сілкінісі болып тұрады. Прокуратура мектепті осындай жағдайда қабылдап алғандарды да тексеріп жатқан жоқ”, – дейді ауыл тұрғыны Бауыржан Әділбек. 

Мектепті жөндеуге бюджеттен 800 млн теңге қаржы бөлінбек. Әкімдік мәліметінше, мектептегі жөндеу жаңа жылға дейін аяқталуы тиіс. 

Алматы облысының әкімдігі жаңа оқу жылы басталғанға дейін жөндеу жұмыстары аяқталмаған жағдайда аталмыш мектептің 1906 оқушысы жақын орналасқан мектептерге тасымалдап оқытылатынын мәлімдеді. 

Оқушылар 4 мектепке бөлінбек: № 17 орта мектепке — 650 оқушы, № 54 орта мектепке — 380 оқушы, № 39 гимназияға — 330 оқушы және № 42 орта мектепке 360 оқушы бөлінеді.

Талқылау