Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

200 млн теңгеге орнатқан қоқыс жәшіктері түкке жарамай қалды

200 млн теңгеге орнатылған еуропалық үлгідегі қоқыс контейнерлерінің пайдасынан зияны көп болып шықты. Тұрмыстық қалдықтың астында қалудан қауіптенген талдықорғандықтар осылай деп дабыл қақты. Былтыр ғана қойылған 300-ге жуық жәшік құр қаңсып қалған. Ал оның маңы дер кезінде тазаланбағандықтан, айналаны қауіпті кеміргіштер жайлап алыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.  

қоқыс

Содан сескенген әлеумет ертең қандай да бір індет тарайды ма деп үреймен өмір сүруге мәжбүр.

№1 әскери қалашықтағы жерге қазылған контейнерлер өткен жылдың наурызында орнатылған. Осы уақытқа дейін қолданысқа берілмепті. Бірақ, тұрғындар қоқыс тастауға болмайтыны туралы ескертуді де елеп жатқан жоқ. Жәшіктердің іші тұрмақ, айналасына қалдықтарды үйіп тастаған. Ал, иісі қолқаны қабады. Күн ыстықта, терезе ашу мүмкін емес, дейді жақын маңда тұратындар.  

"Сасиды ғой. Сасиды, әрине. Құрттайды. Мынаны алмаса, сасып, құрттап кетеді. Қолмен тиедік", - дейді қала тұрғыны Зоя Шалтаева. 

Жәшіктердің айналасы қоршалғанымен, оны ескеріп жатқан жан жоқ. Үйлерінен шыққан қалдықты жұрт көрінген жерге тастап кетуде. Санитарлық нормалар сақталмағандықтан, айналасында егеуқұйрық пен тышқан қаптап жүр. Тұрғындар бұлай жалғаса берсе, эпидемиялық ахуал ушығып кетуі ықтимал екенін айтады. 

"Жағымсыз иіс мұрынды жарады. Оған қоса, тышқан, егеуқұйрық, ит-мысық қаптап жүр. Қауіпті. Осы жерде балаларымыз ойнайды. Солар үшін алаңдаймыз", - деді қала тұрғыны Виктор Туришов. 

Жалпы, Талдықорған бойынша, 135 аулаға дәл осындай 270 контейнер орнатылған. Алайда, оның тең жартысы ғана тазаланады. Оған бар-жоғы арнайы 4 техника қызмет көрсетеді. Ал қалған жәшіктер қаңырап бос тұр. Пайдалану үшін келісімшарт жасалуы керек екен. 

"Толып кетіп жатыр. Уақытылы алынбайды дегендей біраз өзекті мәселелер бар. Яғни пәтер иелерінің кооперативі біздегі тұрғын үй қызметі мердігер мекемесіне келіп, құжаттарға қол қойып, келісімшартқа отыруы керек. Содан кейін келісімшартқа сәйкес, жұмыстарын атқара береді", - деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мейір Нұрғалиев. 

Ал пәтер иелері кооперативімен тұрғындар арасында келісімшарт қашан жасалатыны әзірге белгісіз. Егер бұл шаруа ұзаққа созылса, жұрт сасыған иістен жақын арада құтылмайтын сыңайлы.

Талқылау