Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Porsche, BMW, Cadillac: Қаржы агенттігі БЖЗҚ-дан ақша жымқырған "тіс дәрігерлерінің" қымбат көліктерін көрсетті (видео)

қымбат көлік афмФото: Қаржы мониторингі агенттігі

Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару ісі бойынша күдіктілер иемденген мүліктерді көрсеткен бейнеролик жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін Атырау облысында зейнетақы жинақтарын заңсыз шешіп алудың ауқымды схемалары әшкереленген еді. Қаржы мониторингі қызметкерлері "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-дан қаржыны заңсыз алу үшін жалған медициналық құжаттар рәсімдеумен айналысқан бес ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін анықтады.

Бұл схеманы жүзеге асыру үшін күдіктілер Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және өзге қалаларда 30-дан астам "стоматологиялық клиниканы" ашқандай көрсеткен.

Алайда бұл медициналық мекемелер тек қағаз жүзінде болған:

•    ғимараттары мен жабдықтары болмаған
•    білікті қызметкерлері жоқ
•    басшылары мен құрылтайшыларының медициналық білімі болмаған.

Жалған медициналық құжаттарды рәсімдегені үшін күдіктілер зейнетақы жинақтарынан шешілген қаражаттың 10-20%-ын өздеріне алып отырған.

Видеодан скриншот

"Фиктивті клиникалар мен 226 дроппер арқылы 200 миллиард теңгеден астам қаржы шығарылды. Салымшылардың ақшасына күдіктілер құны 600 миллион теңгеден асатын 15 элиталы автокөлік, сондай-ақ коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған", – деп мәлімдеді қаржы мониторингі агенттігі.

Айта кетейік, қаржы мониторингі ұсынған кадрларда күдіктілердің осы қылмыстық іс аясында сатып алған элиталы көліктері мен жылжымайтын мүліктері көрсетілген.


Шығын 1,2 миллиард теңге: Елімізде әлеуметтік төлемдер арқылы алаяқтық жасаған шенеуніктер мен есепшілер ұсталды


4 автокөлік, 4 пәтер мен жеке үй: Перизат Қайраттың мүлкі аукционда сатылады


Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында қаржы мониторингі агенттігі мен прокуратураның бірлескен тергеуі барысында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 200 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз шешкен ұйымдасқан қылмыстық топтар әшкереленді. Олар жалған стоматологиялық клиникалар мен құжаттарды пайдаланып, зейнетақы жинақтарын шешіп алу схемасын жүзеге асырған. Заңсыз алынған қаражатқа элиталы көліктер, жылжымайтын мүлік және зергерлік бұйымдар сатып алынған. Тергеу жалғасып жатыр, күдіктілердің мүлкі тәркіленіп, бірнеше адам қамауға алынды.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 22 Қыркүйек, 2025 11:20
Талқылау