Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қорқынышты емес": 20 жаста мектеп мұғалімі болудың артықшылығы мен кемшіліктері

Ұстаздық - ұлы мамандық. Жауапкершілігі мол қызметті қазіргі жастардың таңдай қоюы екіталай екені жасырын емес. Педагогикалық мамандыққа түссе де өз еркімен емес, ата-ананың қалауымен немесе ұтып алған гранты күйіп кетпесі үшін түсе салатыны тағы бар. Бірақ алғыр ойлы жастарымыздың арасында дәл осы қызығы мен шыжығы мол жұмысты таңдап, қазір сабақ беріп жүрген небәрі 20 жастағы мамандарымыз бар. Stan.kz тілшісі мұғалімдіктің мың машақатымен танысып жүрген жастардан сұхбат алып қайтты. 

жас мұғалімдер

20 жастағы Сезім Бахытжанқызы былтыр оқуын бітірген соң, мектепке қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жұмысқа тұрған. Қазіргі таңда №73 мектеп-гимназиясында 6-7 сынып оқушыларына сабақ береді. 

"20 жаста мұғалім болу қатты қорқынышты емес. Ең бірінші өзіңе сенімділік керек және мамандығыңды жақсы біліп, оқушыларды түсіне алсаң, жастың ешқандай кедергісі жоқ. Артықшылығы мамандық жолында мол тәжірбие жинап, сол сфераға ертерек сіңісіп кетуге мүмкіндік береді", - деген Сезім жас кезден мұғалім болудың кемшін тұстары да бар екен айтады.

"Осы жаста мұғалім болудың қиын тұстары сізді ересек кісі ретінде қабылдамайды. Сіз білім беруден бұрын өзіңіздің тәртібіңізге үйретуге көбірек күш саласыз. Моральдік, физиологиялық тұрғыдан үлкен шыдамдылықты талап етеді", - дейді Сезім Бахытжанқызы. 

Еркеназ Мұсаева 21 жасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанып үлгерген. Алатау ауданындағы №169 мектеп-лицейінің жас маманы Еркеназ мұғалімдікпен бірге магистратураны да қатар алып жүрген жайы бар. 

"Басында мұғалім болу оңай, сыныпқа кіріп білгенімді үйретем де шығамын, 40 минут өтеді де шығады" деп ойладым. Сөйтсем мүлде олай емес, терлеп тұрып жұмыс істеуге тура келді", - деген ол оқушы жанын түсіне алу керек екенін олармен тіл табысудың оңай еместігін айтып қалды. 

Оның айтуынша, жас кезден мұғалім болғанның кемшілігі әлі де болса жастық оттан шыға алмай, жауапкершілікті сезінбей тұрасың дейді. Алғаш жұмысқа кіргенде әріптестері тарапынан жақсы қолдау болғанын айтады. 

Биыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистрі атанған 22 жастағы Қондыбай Медет оқумен қатар жұмысты да қатар алып жүрген жас маман. Алматы білім басқармасына қарасты №33 мектеп-лицейінің директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалімдік қызметін атқарады. 

Мұғалім болып істеу аса қиындық тудырмады деген ол қазіргі таңда мектепте ер азаматтардың ұстаздық етуі сиреп кеткеніне қынжылатынын жеткізді. Мектептегі оқушыларға ер азаматтың тәртібі керек екенін, бірақ қазіргі жігіттер бұл саланы таңдай бермейтінін айтады. 

"Ер жігіт болған соң, мектептегі қызық та, қиын оқиғалар басымыздан өтіп тұрады. Жоғары сынып қыздарының арасында жас ер мұғалімдерге сезімін білдіріп жататын жағдайдар болады. Бірақ оқытушы мен оқушы арасында ондай сезім болмайтынын айтып түсіндіріп мәселені шешуге болады", - дейді жас маман. 

"Қазіргі таңда мұғалім мәртебесін көтеру қолға алынып жатқанына қуаныштымын. Осы жылдан бастап президентіміз Тоқаев мұғалімдер айлығын 25% көтеруінің өзі осы салаға деген көзқарастың жақсарғанын көрсетеді және мамандыққа деген жастардың қызығушылығын арттырады", - дейді Қондыбай Медет. 

Жас мұғалімдердің жұмыстағы қызықтары мен мамандық туралы ойларын видеодан тамашалаңыздар. 

 

 

Дайындаған: Жанна Мәлік, Сәкен Құлман 

 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 10 Ақпан, 2020 11:25
Талқылау