20 мың теңгеден басталады: Нұрболат Абдуллиннің концертіне билеттер неге қымбат
Нұрболат Абдуллин осыдан 4 жыл бұрын алғаш рет Алматыда және Нұр-Сұлтанда үлкен концерт берді. Әнші биыл тыңдарманымен қайта қауышпақ. Бұл жолы өнер иесі 30 адамнан тұратын ансамльбен ән айтып, халықты таңғалдырмақ. Тек оның бұл ойы тыңдарманның қалтасына салмақ түсіретін түрі бар. Себебі концерт билетінің құны 20 мың теңгеден басталады екен. Билеттің неліктен қымбат тұратынын әнші Аман Тасығанға берген сұхбатында түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бұл жерде сарапшылар жұмыс істейді. Концертімді ұйымдастырып жатқан команданың басында Назгүл Қарабаллина мен өзімнің менеджерім Жасұлан Шаденов тұр. Ол кісілер есептейді. Мен тек шығармашылық жұмыспен айналысамын", – деген Абдуллин билет бағасына өзі жауап бермейтінін айтты. Әйтсе де, қымбат болуының кей себептерін түсіндірді.
"Қазір сарайға кіруге болатын халықтың үлесі 60 пайыз. 2500 орын болса, 1500 адам кіреді. Менің артымда сүйемелдейтін ансамбльдің бағасын ашық түрде айтып кетейін. Осы концертте ойнағаны, дайындығы, барлығы 7 млн теңге тұрады.
Сарайды екі күнге аламыз, себебі залды бір күн бұрын дайындаймыз. Екі күнге 3 млн теңге береміз", – деген Абдуллин үлкен сарайларда концерт беру пайда әкелмейтінін ашық айтты.
Сөзінше, олардың мақсаты кеткен шығынды билет арқылы жабу ғана.
"Бұл жерде көлік не үй алатындай жағдайға келмейді. Көрерменіме шығармашылық есеп беру. Барлығын төмен бағада сатайын десем, мына жақта дүнием құлдырайды. Менің продюсерім жоқ, өзімді өзім сүйреп келе жатырмын",- – деді әнші.
Айта кетейік, Нұрболат осы сұхбатында әнші жұбайын неге сахнаға шығармайтынын түсіндірген еді.