Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2 наурыздан бастап баспана алу үшін міндетті тексеру енгізіледі: Отбасы банк жаңа талапты түсіндірді

Фото: pexels.com

2 наурыздан бастап тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар үшін жаңа талап күшіне енеді: Отбасы банктен үй алу үшін әрбір азамат деректерін алдын ала тексеруден өткізуі керек. Инвентаризациядан өтпегендер баспана бөлу процесіне қатыса алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2026 жылғы 2 наурыздан бастап қазақстандықтар Отбасы банк арқылы тұрғын үй алу үшін міндетті түрде деректерін инвентаризациядан өткізуі тиіс. 

Мәліметтерге сенсек, жаңа талапта тұрғын үй кезегінде тұрған азамат инвентаризациядан өтпесе, кезектен шығарылмайды. Алайда тексеруден өтпеген азаматқа тұрғын үй бөлінбейді, сондай-ақ 2% және 5% мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген несие немесе жалдамалы баспана ұсынылмайды. Осы мүмкіндіктер тек инвентаризация аяқталғаннан кейін ғана қолжетімді болады.

Банк мәліметінше, бүгінде 257 мың адам деректерін тексеруден өткізген. Инвентаризация барысында өтініш берушінің мәртебесі, отбасы құрамы, санаты және тұрғын үйінің бар-жоғы нақтыланады.

Қаржы ұйымы аталған процедура тұрғын үйді әділ әрі ашық бөлуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Яғни пәтерлер кезекке ертерек тұрған және шын мәнінде баспанаға мұқтаж азаматтарға беріледі.

Инвентаризациядан orken.otbasybank.kz цифрлық платформасы арқылы өтіп, жеке деректерді өңдеуге келісім беру қажет. Барлық мәлімет мемлекеттік деректер базаларынан алынады, сондықтан азаматтардан қосымша анықтама жинау талап етілмейді.

Бұған дейін жаңа жүйе іске қосылған алғашқы кезеңде уақытша тәртіп қолданылған. Ол кезде тұрғын үй алдымен беріліп, кейін кезектегі азамат тексеруден өтетін. Алайда тәжірибеде қиындықтар туындады: кейбір азаматтардың баспанасы бар екені анықталса, енді бірінде отбасы құрамы өзгеріп, берілген пәтердің аумағы сәйкес келмей қалған жағдайлар кездескен. Мұндай кезде рәсімдерді қайта бастауға тура келіп, мерзім ұзарып отырған.

Жүйе операторының дерегінше, облыс әкімдіктері банкке шамамен 13,4 мың пәтер тапсырған. Оның 8,8 мыңы жалдамалы тұрғын үйге, 4,5 мыңы несиелік баспанаға арналған. Жаңа механизм іске қосылғалы бері 4 мыңнан астам отбасы қоныс тойын атап өтті.



Еске салайық, бұған дейін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтың жылжымайтын мүлікте тіпті болмашы үлесі болса да, ол жеңілдетілген ипотекаға немесе мемлекеттік тұрғын үйге үміткер бола алмайтын. Себебі талап бойынша соңғы бес жылда оның меншігінде баспана болмауы тиіс еді. Енді Отбасы банк бұл талапты жұмсартып, үлестік меншігі бар кезектегілерге де мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік берді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 18:00