Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"2 мыңнан 20 мың теңгеге дейін": Қазақстандықтар Есік көліне кірер жолдың ақылы болуына наразылық білдірді

Фото: pexels.com

Алматы облысында танымал туристік орын Есік көліне кірер жолдың ақылы болуына байланысты дау туындады. Қазақстандықтар көлге баратын жолдың шлагбауммен жабылып, туристерге 2 мыңнан 20 мың теңгеге дейінгі тариф қойылғанына жаппай наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы әлеуметтік желіде туристік компаниялар мәлімдеді. 

Видеода туристік компания өкілдері Іле-Алатау ұлттық паркінде ресми экологиялық алымнан бөлек, Есік көліне кіру үшін қосымша ақша талап етіліп отырғанына таңданыс білдіреді. Жолды "Хабель" ЖШС жеке компаниясы жауып тастаған. Туристердің айтуынша, төлемнің заңдылығын сұрағанда, оларға мөрі де, ресми құжаты да жоқ тек қана баға тізімін көрсеткен.

Желіде жарияланған мәліметке сәйкес тарифтер мынадай:

- адам басына – 2 000 теңге;

- жеңіл автокөлікке – 2 500 теңге;

- шағын автобусқа – 5 000 теңге;

- орта автобусқа – 15 000 теңге;

- үлкен автобусқа – 20 000 теңге.

Ұлттық парк басшылығы жағдайға қатысты түсініктеме беріп, 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап Алматы облысының әкімдігі "Хабель" ЖШС-мен Есік көлінде туризмді дамыту және сенімгерлік басқару жөнінде келісімшарт жасасқанын хабарлады. Келісімшартқа сәйкес компания көрсетілетін туристік қызметтерден, соның ішінде кіру ақысы арқылы да табыс табуға құқылы екен.

Алайда кейін Алматы облысының әкімдігі компанияның ақыны заңсыз алғанын мәлімдеп, шлагбаумды алып тастауға міндеттелгенін хабарлады. 

Ашық дереккөздерге сүйенсек, "Хабель" ЖШС 2021 жылы тіркелген, компания басшысы ретінде Әділжан Хабиев есімді көрсетілген. Компания 2025 жылы 5 381 376 теңге табыс тауып, 109 824 теңге салық төлеген. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 18 Тамыз, 2025 18:38
Талқылау