“2 мыңға жуық автокөлік кезектен алынды”. Прокуратура Қытаймен шекарадағы мәселені реттеуге кірісті
Бас көлік прокуратурасы Қытаймен шекарадағы жүк тасымалдаушыларының наразылығына байланысты тексеру шараларын жүргізді. Нәтижесінде 2000-ға жуық автокөлікті кезектен шығарып тастаған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: Бас көлік прокуратурасы
Ахуалды шешу мақсатында Бас көлік прокуратурасы ведомствоаралық жұмыс тобын құрған. Әрі 24-31 наурыз аралығында "Нұр Жолы" өткізу пунктіне барып, жүк тасымалдаушылармен, мемлекеттік және уәкілетті органдардың өкілдерімен кездесулер өткізді. Осылайша проблемалық мәселелердің туындау себептері анықталып, адал жүк тасымалдаушылардың құқықтарын қорғауға және электрондық кезек процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен шаралар қабылданды.
“Анықталғандай, шекара маңындағы дүрбелең "E-border" бағдарламасы жұмыс алгоритмінің жетіксіздігінен орын алған. Бағдарлама жеңіл және ауыл шаруашылығы автокөліктерінің, сондай-ақ жүктерді тасымалдау үшін ҚХР-на шығуға иелерінің мақсаты болмаған автобустардың тіркеу деректерін пайдалану арқылы кезек орындарын "броньдауға" мүмкіндік берді. Мөлшерлемесі 40 мың АҚШ долларына дейін жеткен жүк тасымалдау бойынша "көлеңкелі қызмет көрсету нарығының" белсенділігімен бұл жағдай күрделене түсті. Жұмыс тобының ұсынысымен кезектен 2000-ға жуық автокөлік алынып тасталды. Оның ішінде жеңіл, сондай-ақ бұрын есептен алынған не есепте тұрмағандары бар. "E-border" бойынша тізімді пайдалануды 16 сәуірден бастап тоқтату туралы шешім қабылданды”, – делінген ақпаратта.
Осылайша "CarGoRuqsat" жаңа электрондық кезек жүйесінде бұл олқылықтар ішкі істер органдарының дерекқорларымен интеграциялау арқылы ескерілген. Бұл кезектілікпен байланысты алыпсатарлық жасау мүмкіндігін жояды. Сондай-ақ тексеру жұмыстары кезінде өткізу пунктінің аумағында қалдырып кеткен 80-ге жуық ауыр жүк көліктері анықталған. Олардың жүргізушілері тасымалдау қызметтерінің құнын жасанды түрде қымбаттату үшін қасақана ұзақ уақыт бойы ҚХР-на шығуды кешіктіріпті. Мұндай фактілерді болдырмау мақсатында, технологиялық схемаға түзетулер жобасы дайындалды. Оған сәйкес жүк тасымалдаушылар бұдан былай өткізу пунктінің аумағында 72 сағаттан артық болмауы тиіс. Аталған өткізу пунктіндегі ахуалды мониторингілеу жалғасуда.