Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2 мың қазақстандық заңсыз жәрдемақы алып келген

2 мың қазақстандық заңсыз түрде жәрдемақы алып келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар" арнасына сілтеме жасап.

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова айтып берді. Оның сөзінше еліміздің барлық аймақтарында атаулы әлеуметтік жәрдемақы алатын отбасыларды тексеру жұмыстары басталып кеткен. Алғашқы тексерулердің нәтижелері бойынша көптеген отбасылар құжат жүзінде ғана аз қамтылған болып көрінеді. Ал шын өмірде көп қабатты үйлерде тұрып, қымбат автокөліктер мінетін көрінеді. 

"Заңсыз тағайындау белгілері бар. Өкінішке орай, елімізде бір жақсы нәрсе болса, адамдар содан ақша тауып қалуға тырысады. Біреулер құжаттарын ауыстырса, енді бірі ажырасуға дейін барады", - дейді Гүлшара Әбдіхалықова. 

Жағдайы жақсы болса да, пайда табуды ойлайтын жұрт өтірік тіркеуге тұрып, жәрдемақы алуға ниеттенген. Жеке меншік кәсіптері болса да құжаттарды өзгертіп, осылайша мемлекет тарапынан берілетін қаражатқа ие болып отыр.

"Қазірге таңда 299 отбасы ақшаны кері қайтаруға міндеттелді. Көп адамдардың жәрдемақысын тоқтаттық. Өйткені олар жақсы үйлерде тұрады, жағдайлары жақсы. Бір емес тіпті үш, төрт көлігі бар. Уақытша тіркеу кезінде олар көпқабатты үйлеріне емес, басқа жерге тіркелетін болып тұр", - дейді Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Диляра Иманқұлова.  

Атаулы әлеуметтік көмек Марина секілді аз қамтылған ата-аналарға, мүмкіншілігі жоқ отбасыларға да беріліп жатыр. Олар мемлекет тарапынан жасалып жатықан қолдау бір жыртығымызды жамап, үлкен көмек болып отыр дейді.

"Мемлекет аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көмектесуді қолға алғалы бері менің жағдайым жақсарды. Бір балама тегін балабақша алып берді. Айына 142 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек аламын. Оған қоса "Бақытты отбасы" бізге 60 мың теңге көлемінде балаларыма киім алатын сертификат берді", - дейді көпбалалы ана Марина Ничкова.
 

 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 24 Шілде, 2019 16:28
Талқылау