"2-3 миллиард көп ақша емес": Вице-министр Астанадағы әскери шеруге бөлінген қаражатқа қатысты пікір білдірді
Астанада мамыр айында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай әскери шеру өтеді. БАҚ беттерінде әскери шеруді ұйымдастыруға бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінетіні туралы ақпарат тарады. Бюджеттен қомақты қаражат жұмсалады деген жұртқа Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Арман Қасенов мұндай ауқымды шараларға жұмсалатын 2-3 миллиард теңге ел экономикасы үшін қомақты сома емес екенін айтты.
“Ашығын айтқанда, министрлік ретінде біз мұндай жұмыстармен айналыспаймыз. Бірақ іс-шараларға келсек, оларды өткізу үшін кететін шығын көлемі айтылғанда, іс-шаралар, форумдар, шерулер елдің беделі мен танымалдығын нығайту үшін және инвестиция тартуға көмектесу үшін қажет екенін түсіну керек. 1, 2, 3 миллиард теңге деген қаражат Қазақстан экономикасы үшін айтарлықтай көп ақша емес”, – дейді Арман Қасенов.
Ұлттық экономика вице-министрі осы ретте Астана халықаралық форумын мысалға келтірді.
“Астана халықаралық форумын өткізуге демеушілердің қаражаты тартылады. Демеушілердің қаражатымен барлығы өтеледі деп отырмыз. Олай болмаған күннің өзінде, әлеуетті инвесторларды тарту мақсатында Қазақстанның халықаралық аренада танымалдығын арттыру үшін 1,4-2 миллиард теңге көп қаражат емес”, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, Қазақстандағы негізгі капиталға түсетін жылдық инвестиция 40 миллиард доллар, тікелей шетелдік инвестиция 20 миллиард долларға тең.
Бұған дейін Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай Астанада әскери шеру өтетіні айтылды. Шеруді ұйымдастыруға бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінетіні туралы жазған едік.