Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір кодтың құны шамамен 15000 теңге": Астанада зираттағы құлпытастарға QR код салынып жатыр

Астанадағы қалалық зиратта құлпытастардың басым бөлігіне QR код қашалып салынуда. Ұялы телефоныңызды кодқа тақап сканерлесеңіз болғаны, қайтыс болған адам туралы толық мәлімет шыға келеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Цифрлық дамудың бұл мүмкіндіктерін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы "Қамқор-Шапағат" орталығы енгізіп отыр. Жауаптылар бұл ерікті түрде таңдалатын қызмет болғандықтан ешкімді мәжбүрлемейміз дейді. QR код қойылған бейіттерді әріптесім Айжан Шамшидин көріп қайтты.

Астанадағы бұл қалалық зират шаһар шетінде ашылған жаңа қорымдардың бірі. Бейітті бойлай жүре берсеңіз, тіптен заманның талабы болған QR-кодты да құлпыстас бетінен көре аласыз.

Мына жердегі зираттардың қойылғанына көп болмаған. Шамамен бір жылдың жүзі. Байқап қарасақ құлпытастардың бергі бетінде осындай арнайы QR код белгі орналасқан. Осы бейітке жауапты шырақшыдан бұл белгілердің не екендігін сұрап білген едік. Ол кісінің айтуынша міне осылай камераны кодқа жақындату арқылы осы бейітте жатқан адамның тірі кезінде немен айналысқаны, кім екендігі туралы ақпаратты білуге болады.

Ал QR кодты алу үшін марқұмның жақындары құлпытас орнатар алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы "Қамқор-Шапағат" орталығына жүгінеді. Мұнда қайтыс болған адам туралы мәліметтер жинақталып, арнайы домин мен хостинг ашылады. Бір кодтың құны шамамен 15000 теңге.

“Заманауи көштен артта болмайық деген мақсатта, дамыған біраз мемлекеттерде осындай біраз тәжірибе бар. Шариғатта адамның суреті немесе құран аяттарды салуға тыйым салынған. Енді осы көпшіліктің сұранысына байланысты біздер мынау қайтыс болған марқұмның туыстарының өтінішіне сай, мысалы әкеміздің осындай еңбектері бар еді деген сияқты, осындай қызметтер атқарған деген сияқты сондай балаларының естелігі үшін жасап отырмыз”, – дейді ҚМДБ жанындағы "Қамқор-Шапағат" орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы. 

Арнайы салттық қызмет көрсету орталығындағы мамандардың айтуынша, әсіресе пандемия кезінде мұндай құлпытастарды орнату сәнге айналыпты. Күніне QR коды бар бірнеше тасқа тапсырыс алып отырған. Қымбат, бағалы тастарды ойып, сындырып алмайтын арнайы техника да сатып алған. Дегенмен, бейітке QR-ды қашап қоюмен шаруа бітпейді дейді. Себебі оның жыл сайынғы сервистік қызметіне төленетін ақыны көбі ұмыт қалдырады.

“QR кодты тасқа қоюдың да өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы қара тасқа оюға болады немесе тастың үстіне пластик белгі ретінде қоюға болады. Ал енді оның өзіндік кемшіліктері бар. Мысалы интернет ресурстағы сайт болғаннан кейін ол сайттың сервистік қызметтері бар. Доминс, хостинг деген. Соларды жыл сайын төлеп отыру керек. Әйтпесе, істемейді”, – дейді салттық қызмет көрсету бюросының директоры Мәди Жуанханов. 

Талқылау