Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1963 жылы пайдалануға берілген": Ақтау қаласында көпқабатты үйдің тұрғындары ғимараттың құлауынан қауіптеніп отыр

Ақтаудың тұрғын үй инспекциясы басқармасы тұрғындардың 2-ші ықшамаудандағы №72 үйдің құбырының жарылуы салдарынан ғимарат құлауы мүмкін деген уайымына қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Lada.kz

Шенеуніктер көппәтерлі төрт қабатты №72 тұрғын үйдің 1963 жылы пайдалануға берілгенін атап өтті. Оған қазіргі уақытта "Нұреке Сервис" ЖШС коммуналдық қызмет көрсетуде. Аталған компания бұл іске кінәлі еместігін мәлімдеді.

"Бұл үй техникалық байқаудан өтуді қажет ететін көп пәтерлі тұрғын үйлердің тізімінде. Тексерістен өткеннен кейін мәртебесі анықталады. Қорытынды ағымдағы жылдың желтоқсан айында дайын болады", – деді тұрғын үй инспекциясы.

Фото: Lada.kz

"Каспий жылу, су арнасы" МКК №72 үйдің жылу ұңғымасында жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады.

Тұрғын үй инспекциясының хабарлауынша, Ақтау қаласындағы 43 көпқабатты тұрғын үйдің жай-күйін анықтау мақсатында техникалық байқау жұмыстары жүргізілді. Тағы 63 үйді техникалық байқаудан өткізу жоспарлануда.

Айта кетейік, бұған дейін тұрғындар 2-ші ықшамаудандағы №72 үйдің құлап кетуінен қауіптенетінін айтқан еді. 

Талқылау