"180 млн теңге төлем алып берген": Әйелдерді декретке шығарған ақтөбелік бухгалтер 5 жылға сотталды

Фото: depositphotos.com
Ақтөбе облысында бухгалтер әйелдерді декреттік демалысқа шығарып бергені үшін 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
30 жастағы бухгалтер 40-тан астам әйелді декреттік демалысқа шығып, 180 413 146 теңге көлемінде әлеуметтік төлем алған. Миллиондап ақша алғандардың қатарында Ақтөбе облысының ғана емес, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және басқа да облыстардың әйелдері бар. Олардың барлығы Кандығаштағы бірнеше жеке кәсіпкерліктің “қызметкері” болып тіркелген. Бухгалтер олардың атынан зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру төлемдерін жасап, барлық әлеуметтік аударымдарды жүргізіп отырған. Алайда іс жүзінде әйелдер жұмыс істемеген. Жалған тіркеудің арқасында олар ірі көлемде әлеуметтік төлем алған.
Мұғалжар аудандық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада айтылғандай, айыпталушы бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу саласында білімі мен тәжірибесі болған. Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы “Декретке миллионмен” атты курс бойынша оқудан өткен.
-
Депутат Дәулет Мұқаев декреттік төлемді миллиондап алуды үйреткен курсы үшін ақталды
-
Қазақстанда декретке шыққан әкелердің бала күтіміне кеткен жылдары еңбек өтіліне қосылады
Құқық қорғау органдары бұл әрекеттерді аса ірі көлемдегі алаяқтық деп бағалады. Бухгалтерге ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс бірнеше ай бойы қаралды.
"Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ Ақтөбе филиалының мәліметінше, бұл іс бойынша мемлекеттен заңсыз төлем алған 41 әйел анықталған.
Прокурор айыпталушыға 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айырып, 5 жылға дейін бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұраған. Алайда сот оған 5 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазаны өтеуді 5 жылға кейінге шегерді.
Үкім заңды күшіне енгеннен кейін, "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ Ақтөбе филиалы декреттік төлем алған әйелдерден келтірілген залалды өндіріп алуды жоспарлап отыр.
Еске салсақ, осыған дейін декретке миллиондармен шығуға көмектескен екі қазақстандық 6 жылға сотталғанын жазғанбыз.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр