"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр

Ақтөбеде 72 жастағы кейуана үш бөлмелі пәтерін келін-баласымен бөлісе алмай жатыр. Айтуынша, үйді баласының атына жазғанымен, 18 жыл бойы оның несиесін өзі төлеген. Ал несие біткен кезде ұлы үйді әйелінің атына аударып, анасынан шығуын сұраған. Stan.kz тілшісі зейнеткердің оқиғасын тыңдады.
72 жастағы Салтанат Танабергенованың айтуынша, ол бұл үйді өз еңбегімен сақтап қалған. Коммуналдық төлемдер мен несие төлемдерін тұрақты түрде жылдар бойы төлеген. 18 жыл бойы баспананы ұстап тұруға бар қаражатын жұмсаған.
Алайда қазір, құжат бойынша пәтер ұлының атына тіркелгендіктен, заң тұрғысынан тұрғын үй иесі ұлы болып саналады.
“Қарыз басымнан асты. Мен не жеймін?! Басында бұл үйде бәріміз тұрдық. Өзімнің атыма жұмыстан берген үйді жалға бердім. Ұлым жөнді жұмыс істемеді. 18 жыл 5 ай бойы үйдің несиесін өзім төледім. Қолымда сол түбіртектің бәрі бар. Қазір ұлым үйді әйелінің атына жазды. Ал ол адвокат арқылы үйдің кілтін беруімді сұрады”, – деді ақтөбелік тұрғын Салтанат Танабергенова.
Фото: Stan.kz
Зейнеткер мұндай жағдайды әділетсіз деп санайды. Ол үйді қалдыруды не болмаса өзі төлеген қаражатты қайтаруды талап етіп отыр.
“Төрт баланы өзім жеткіздім. Солар үшін өмір бойы есіктің алдын тазалап, ақша таптым. Әлі күнге дейін еден жуып жүрмін. Балам үш рет үйленді. Енді келінім үйді босатуды талап етіп жатыр”, – деді зейнеткер.
Ал кейуананың ұлымен сөйлесу мүмкін болмады. Ол телефон қоңырауына жауап бермеді. Кейуананың келіні жазбаша хабарлама жіберді.
“Анамыздың өз атына рәсімделген баспанасы бар. Қазір сол үйде кіші қызымен және оның баласымен тұрып жатыр. Соған қарамастан, біздің пәтерді екінші қызына беруді талап етеді. Біз қазір пәтер жалдап тұрамыз. Бізді қолымыздағы кішкентай баламен қуып жіберді. Бұрынғы әйелдеріне де күн көрсетпеді. Немерелерін іздемейді, ешкіммен араласпайды. Бір жақты қарамаңыздаршы осы мәселеге. Ұлы үйді сатып, ақшаның жартысын беруді ұсынды, бірақ анасы келіспеді. Бірге тұрудан да бас тартып отыр. Арамыздағы жалғыз анамыз, жүрегі жұмсаратын шығар бір күні”, – деді атын атамауды сұраған келіні.
Кейуана қазір тағы сотқа шағым әзірлеп жатыр. Ол енді ұлынан осыған дейін төлеген несие қаржысын өндіріп алу туралы талап шағым түсірмек.
"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр