18 жастағы Ақжол Құрманбек ауыр атлетикадан ел чемпионатында рекорд жаңартты
Фото: Спортты дамыту дирекциясынан
Астанада ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде 79 келі салмақта сынға түскен 18 жастағы Ақжол Құрманбек серпе көтеру жаттығуында Қазақстан рекордын жаңартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Осылайша ол 16 спортшының арасынан суырылып алға шығып, алтын медаль жеңіп алды.
Нәтижелер:
1. Ақжол Құрманбек (Жетісу облысы) – 352 кг (152 + 200)
2. Петр Хребтов (Алматы қ.) – 324 кг (144 + 180)
3. Ыбырай Ерасыл (Жетісу облысы) – 290 кг (129 + 163)
"Бапкерлерімнің арқасында жеңіске жеттім. Өкінішке қарай, жұлқа көтеру жаттығуы көңілімнен толық шықпады. Жоспарымыз мүлде басқа еді. Ал серпе көтеруде рекордты жаңарттым. Енді 2026 жылы U20 санатындағы әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын. Ауыр атлетикамен 5 жасымнан бері айналысамын. Темір кешірмейді, сондықтан үнемі жаттығамын. Бәсекелестікке келсек, алдағы жарыста Едіге Емберді екеуміз көрермендерге тартысты шоу сыйлаймыз деп сенемін", – деді Ақжол Құрманбек журналист Қанат Байұзақовқа берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұл салмақта жастар және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Едіге Емберді жарақатына байланысты жарысқа қатыса алмады.
Сонымен қатар 79 келі салмақтағы басты фаворит, 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алексей Чуркин де отбасылық жағдайына байланысты жарыстан босатылды.
Астанада тіс емдеу кезінде көз жұмған 3 жасар қыздың өлімі: Сотта жаңа күмәндер мен сараптамалық қайшылықтар туындады

