Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"18 жасқа толғандар қатыса алады": Сенат қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын заң жобасын мақұлдады

Депутат Руслан Рүстемов Сенаттың жалпы отырысында "Қоғамдық бақылау туралы" заң жобасы жайлы баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, аталған заң мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған.

"Қоғамдық бақылау туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдары Мемлекет басшысының "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес әзірленді. Аталған заңдар мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған", – деді Рүстемов.

Депутат заңда қоғамдық бақылау ұғымы, қоғамдық бақылаудың мақсаты мен басты қағидаттары айқындалатынын жеткізді. Сонымен қатар құқықтары мен міндеттері нақтыланады деп мәлімдеді. 

“Мысалы, қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау топтарын құруға, сарапшыларды тартуға, сондай-ақ ақпарат сұратуға, қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға құқылы болады. Қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нысандарының ұсынымдарын қарауға және оларды интернет-ресурстарда орналастыруға, мүдделер қақтығысын болдырмауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға, субъектілерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті болады”, – деді ол.

Заңда қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған. Яғни бақылаудың негізгі формасы ретінде қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдау ұсынылады.

“Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға он сегіз жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сонымен қатар қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады. Қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормалары бекітілді. Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек. Бұл ретте қоғамдық бақылау объектілері мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін шаралар қолдануға міндетті”, – деді Руслан Рүстемов.

Сондай-ақ отырыста қоғамдық бақылау жүргізу тәртібін реттейтін негізгі және ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.


 

Талқылау