Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Табыс 1 миллиард, "айлық" 2 миллион теңге: Оннан астам қалада вебкам-студиялар желісін ашқан топ ұсталды

КоллажФото: коллаж/polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында полицейлер мен прокуратура қызметкерлі "модельдік агенттік" деген атаумен еліміздің оннан астам қаласында вебкам-студиялар ашып, ашық трансляциялар жүргізіп отырған қылмыстық топты әшкереледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыстық топ Қазақстан аумағында заңмен тыйым салынған бейнематериалдарды дайындап, таратумен айналысқан. Олар 18 бен 25 жас аралығындағы қыздарды жұмысқа тартып, айына 2 миллион теңгеге дейін табыс табуға болады деп уәде берген.

"Арнайы жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, ұйымдастырушылар 1 миллиард теңгеден астам кіріс тапқаны анықталды. Тінту кезінде 120-дан астам компьютер, веб-камера, жарықтандыру құрылғылары және басқа да техникалар тәркіленді", – делінген ведомствоның ақпараттық медиа-порталында жарияланған хабарламада.

Полицейлер бұл іске қатысы бар 14 адам ұсталғанын хабарлады. Олардың арасында осы бизнесті ұйымдастырған негізгі тұлғалар да бар. Тергеу аяқталуға жақын.

Полиция интернет арқылы ұсынылатын "жеңіл табысқа" сақтықпен қарауға шақырады.

"Егер жұмыс ресми тіркелмеген болса немесе заңға қайшы белгілері байқалса, ондай әрекеттерден бас тартуға кеңес береміз", – дейді ІІМ өкілдері.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 07 Тамыз, 2025 14:56
Талқылау
`