170 мың доллар тауып алған алматылық жалғызбасты әкенің әңгімесі
Талайдан бері ойланып жүрген сұрағым бар. Бұл сұраққа түрткі болған бір оқиға бар деп өмірде болған оқиғаны бастады автор.
Қайсыбір жылы “Ел арнадан” Алматы облысының Жамбыл ауданына іссапармен барып қалдық. Оператор мен режиссерді танымаймын. Жас жігіттер екен. Түсіру жұмыстары қараңғы түсісімен аяқталды.
Жалғасын ертең бастауымыз керек. Операторымыз таңғы 6-да қайтып келетін болып, шұғыл Алматыға қайтты. Жібергім келмеген. “Үйде 5-4-3 жасар балаларым ғана қалды. Шешем кешкі жұмысқа түсті. Балалар қорқады ғой” деді әлгі жігіт қиылып. Тәптіштеп, “анасы қайда еді?” деп сұрап жатуға ұялдым. Жіберуге тура келді. Ертеңіне, жұмысты толық аяқтап, оператор жігітің көлігімен қалаға бірге қайттық.
Жолда кеше қоя алмаған ыңғайсыз сұрағымның жауабын білдім. Сөйтсем, келіншегі ресейлік қазақтың отбасынан екен. Үш балалы болғасын, Ресейден қайынжұрты көшіп келіпті. Омбыдағы үш бөлмелі үйін күйеу баласына сыйлаған екен. Келіншегі сол пәтерді “сатып келемін” деп, Омбыға тартып тұрыпты да, содан құрыпты. Құрығанда, жоқ боп кетпеген. 4-5 айдан кейін “мен өзім сүйетін жігітке күйеуге тидім. Сен де өз бақытыңды тап!” деп бір хабарласыпты. Бітті. Амал жоқ, анасы екеуі ептеп-септеп, үш жетімекті бағып отыр екен. Қатты жаным ашыды. Ақкөңіл, лақылдап тұрған қазақтың апталдай азаматы бір шөпжелкенің мазағына айналып қала беріпті.
Содан әңгіме қыза келе, бұл жігіт тағы бір қызық оқиғаны баяндады. Таңертең жұмысқа асығып келе жатса, жолда бір әйел мен еркек қол көтеріпті. Райымбек пен Наурызбай көшелерінің қиылысына дейін деп, мініпті. “Әйел артына, еркек алдына отырды. Машинаға мінгеннен, екеуі ұрсысумен болды. Байқауымша, ерлі-зайыптылар емес. Сөздеріне көп мән бермедім. Уәделі жерге жеткенде, екеуі де түсіп қалды. Ары қарай, жоғары өрлеп кеткенмін. Төле би көшесінен өткенімде телефон шырылдайды. Менікі емес. Байқасам, артқы орындыққа бір пакет қалдырып кетіпті.
Жолдың шетіне тоқтадым да, ішін ашып қалсам … көөп ақша! Телефон дамылсыз шырылдауда. Дереу, отыра қалып ақшаны санадым. Тура 170 мың доллар және 2 млн теңге! Арам ой жылт етті. Дәл сол сәтте анам да звондай қалды. Асығып-аптығып, анама болған оқиғаны айтып жатырмын. “Жұмыстан сұранып, ақшаны сізге апарып берейін” деп қоямын. Анам дереу мені сап тыйды. “Көтер анау телефонды! Сөйт те дереу иесіне қайтар ақшаны! Көп ақша бізге бақыт әкелмейді…” деді анам бірден. Дауысы қамығып шықты. “Қап! – деп ойлап қоям. Ақшаны алып, қаланың ортасынан үй сатып алсам ғой, балаларыма жақсы боп қалар еді…” деген тәтті қиялмен әлгі телефонды құлықсыз, әрең көтердім. Арғы жағынан боқтап-бұралап жатыр. “Телефонды неге алмайсың, а?! Дереу, бізді тастаған жерге қайтып кел!” дейді еркек кісі. Қайтып бардым. Екеуі жанталаса, пакетті ашып, көлігімнің ішіне отырып алып, ақшасын санады. Түгел екеніне көз жеткізгесін, жылы-жылы сөйлеп, телефон нөмірімді жазып алды да, қоштасты. “Түк бермеді ме саған?” деймін ғой мен де қызып кетіп.
“Жоқ. Түк бермеді. Бірақ асықпаңыз. Әңгімемнің жалғасы бар” дейді күліп. Содан кешке жақын телефоныма бір кісі қоңырау шалды. “Балам, кешкі сағат жетіде Науаи көшесінің жоғарғы жағындағы бір мейрамханаға келші. Сені күтеміз” деді байсалды дауыс. Жұмыс біткесін, айтылған мейрамханаға келдім. Күтіп алушы жігіт мені вип-залға ертіп барды. Сөйтсем, есіктен төрдей жерге ұзын етіп, дастарқан жайып қойыпты. Ішінде мен танымайтын адам көп. Шағын той болып жатқан сияқты. Бір ақсақал кісі маған күлімсірей келіп, қолымды алды. Төрге жайғастырып, отырысты бастап кеттік. Түсінгенім: жиналғанның бәрі әлгі ақсақалдың балалары, немерелері мен келіндері екен. Сол отырыста әлгі кісі менің жағдайымды әбден сұрастырды.
“Міне, балам, мыналар менің ұл-қыздарым. Барлығы жетеу. Енді сен де маған бір ұл болдың. Анау ақшаны тастап кетіп жүрген де менің ұлым мен қызым” деді. Бір отбасында жалғыз өскен едім. Аяқ астынан көп бауыр таптым. Бұрын-соңды көрмеген қошеметке бөлендім. Қайтарымда ақсақал қоярда-қоймастан, қалтама 500 доллар салып жіберді. Қазір де бір нәрсе болып қалды десем, ақсақалдың жаны қалмайды. Осылай. Жетімсіреп жүріп, көп бауыр таптым” деп аяқтады әңгімесін. Мен ойланып кеттім. Ал оның орнында мен болсам, қайтер ем? Ақшасын қайтарар ма ем, қайтармас па ем? Ал, сіз ше?..
Тоқтар Жақаш
Жіберіп алмаңыз:
Таразда әскери қару қоймасының басшысы өзіне қол жұмсады
Ұзынағаштағы ағайындылардың өліміне қатысы барлар екеуден де көп болып шықты
Некедегі азамат жасырын үйленіп, отбасынан 23 жыл қашып жүрген (фото)
Анасы ұрып-соққан қыз сот үкімі шыққанға дейін әкесімен қалатын болды