16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні
16 желтоқсан – ата бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні. 1991 жылғы 16 желтоқсанда президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған Конституциялық Заңнан бастау алған тәуелсіздігімізге 24 жыл толды.
Бұл атаулы күн 1991 жылғы желтоқсанның 16-сында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» және 2008 жылғы 25 маусымдағы және 2009 жылғы 22 сәуірдегі заңдармен өзгертулер енгізілген 2001 жылғы желтоқсанның 13-інде «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес атап өтіледі.
Тарихқа көз жіберетін болсақ, Тәуелсіздік – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, ең алдымен барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Патша дәуірінде де, Кеңес Одағы кезінде де тәуелсіздікке деген ұмтылыс халықтың едеуір бөлігінде қалыптасты. Біз бірнеше жүз жыл отаршылдықтан кейін ХХ ғасырдың аяғында қайта жаңғырған мемлекетпіз. Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтуі. Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына міне он тоғыз жыл толып отыр. Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры ол қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Басты байлық жай ұлттық мүдде емес, азаматтардың мүддесі мен қажеттілігі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі құдіретті күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Қазақстан үшін ХХI ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы.
Біздің стратегиялық міндетіміз ең бірінші тұрғындардың өмірінің сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеру болып табылады. Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылы 17-19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары. Бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға болып табылады. Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен “қазақ ұлтшылдығының көрінісі” деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды.
1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі “Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы” заңды қабылдады. Ескеретіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25-қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті.
Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып Түркия мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады. Иран — Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекеті. Ал “Тәуелсіздігімізді ең алғаш болып бауырлас Түркия мемлекеті мойындады” деген сөздің ақиқат еместігін білгеніміз жөн. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілін ашты, бірақ тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды. Бұл деректі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі болған Вячеслав Ғиззатов келтірген. ҚР Сыртқы Істер министрлігінде тіркелген дипломатиялық құжаттарда Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін ресми түрде мойындайтын протоколға 1992 жылдың 2-наурызы күні қол қойғандығы көрсетілген. Алғашықы күндері әлемнің салмақты елдері мойындап, кейіннен басқа да елдер мойындап жатты. Осылайша әлемдік саясат аренасында Қазақстан деген мемлекет тәй-тәй басты. Небары бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды.
«Осы қиындықтарға қарамастан, тәуелсіздіктің 24-ші жылы жадымызда көптеген жан толқытарлық, Қазақстан үшін айрықша мәні бар оқиғаларымен есте қалады. Біз экономикамыздың оң өсімін сақтадық. Индустриялық дамудың екінші бесжылдығы және «Нұрлы жол» бағдарламасы басталды. 2015 жылы 800 миллиард теңгенің 120 жобасы іске қосылды, 10 тұрақты жұмыс орны ашылды, мыңдаған шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, оларға жастар мен аз қамтылған отбасылар қоныстанды», – деді Қазақстан Президенті ел өмірінде болған өзге де айшықты оқиғаларға тоқталып.
Биыл Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастады. Әлемдік жетекші экспорттаушылардың елулігі қатарына қосылып, 43-орынды иеленді. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының қатарына қосылған Назарбаев Университетінде даярланған алғашқы 500 маман биыл бітіріп шықты. Қазақстан МАГАТЭ-мен бірлесіп, Ядролық отын банкін құрды, ол біздің елге орналастырылады. Үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетов Жер төңірегіндегі орбитаға сапар шекті.
Еске салайық, 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланды, сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, ҚР Конституциясының 20 жылдығы аталып өтті.