16 млн қазақстандықтың жеке дерегі медициналық ұйымдардан тараған болуы мүмкін – Премьер-министр Бектенов
Фото: pixabay.com
Үкімет басшысы Олжас Бектенов 16 миллион қазақстандықтың жеке деректерінің тарап кетуіне байланысты өз болжамын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, жақында тарап кеткен деректерге байланысты құзырлы органдар тексеріс жүргізіп жатыр.
"2022 деректер тарап кетті деп айта аламын. Яғни, сол кезеңдегі деректер тарап кеткен. Әрине, бұл ешкімге, соның ішінде үкіметке абырой әкелмейді. Өкінішке қарай, мұндай фактілер бар", – деді премьер-министр.
Бектенов қазақстандықтардың жеке деректері қайдан тарап кетті дегенге өз болжамын ұсынды.
"Тексерушілердің қолындағы алдын ала деректерге (қорытындыларға) сәйкес, деректердің тарау көзі медициналық ұйымдар болуы мүмкін. Олар мемлекеттік деректер базасына қол жеткізе алады, кейін оның қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді. Тиісті жауапкершілік бар. Заңнама тұрғысынан, құқық тұрғысынан әрекет етеміз", – деді ол.
Бұл ретте "Алаяқтар қоңырау шалуын қашан тоқтатады?" деген сұраққа премьер-министр әзірге жауап беруге дайын емес екенін айтты.
"Қоңыраулар ертең тоқтайды демеймін. Алаяқтардың 67 миллион қоңырауын тоқтатқанымызды айттым. Олар хабардаса алмады. Нөмір сөндіріліп жатыр – SIM-карта істемейді, бұл – мәселемен күресудің бір бөлігі", – деді Бектенов.
Сондай-ақ ол дипфейктерге қатысты пікір білдірді. Бектенов дипфейктермен күресу өте қиын екенін айтты. Жасанды интеллект технологияларына да ешкім тыйым сала алмайды.
"Олар дипфейктерді пайдаланады, иә, олар адамдарды алдайды, жоғары лауазымды адамдардың атынан бірдеңені насихаттайды немесе жарнамалайды. Ал көбі, өкінішке қарай, соған сеніп қалады, тіпті ақшасын беріп қояды. Біз жұмыс істеп жатырмыз. Ал Ішкі істер министрлігінде арнайы бөлім пайда болды. Ал Ұлттық банк жанында антифрод-орталық бар", – деді үкімет басшысы.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 16 миллионнан астам азаматтың жеке деректері желіге тарап кеткенін хабарлаған едік.

"Екінші Перизат Қайрат": Қазақстандық блогерге алданған 100-ден аса адам 1 миллиард теңгесін қайтара алмай жүр
