"152 миллион теңге иемденген": Астанада әйел шетелдік оқу орнының сертификатын алып беремін деп студенттерді алдаған
Фото: Stan.kz / gemini көмегімен жасалған
Астана тұрғыны білім беру саласында қызмет көрсетеміз деген желеумен 52 азаматтан 152 миллион теңге иемденгені үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол шетелде оқыту және халықаралық сертификат алу туралы жалған уәде беріп, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, елорда тұрғыны білім беру саласында қызмет көрсетеміз деген желеумен 52 азаматтың жалпы сомасы 152 миллион теңге қаражатын иемденген.
Кінәлі білім беру орталығының негізін қалаушы бола тұра, әлеуметтік желідегі аккаунттар және бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалар арқылы азаматтарға шетелде оқытуды ұйымдастыру желеуімен Еуропалық жоғарғы оқу орындарына түсіруді және шетелде бір жылдық тіл білімінен босатуға мүмкіндік беретін халықаралық сертификаттарды беруге уәде етіп курстарға жазылуды ұсынған.
Алайда уәде етілген сертификаттар берілмеген, ал шет елге оқуға түсу іс жүзінде орындалмаған. Сонымен қатар сотталғанның компаниясында көрсетілген салада қызметті жүзеге асыру үшін халықаралық аккредитация болмаған.
“Мәселен, халықаралық сертификатты алып, баласын Еуропада білім алуға дайындатуға ниет білдірген жәбірленушілердің бірі 3 млн теңгеге жуық шығынға ұшырады. Кінәлінің өзіне жүктелген міндеттерін орындауға мүмкіндігі болмағаны, ал жәбірленушілермен келісімшартты қылмыстық ниетін орындау мақсатында жасағаны және ұрланған ақша қаражатын өзінің жеке қажеттіліктеріне пайдаланғаны дәлелденді. Сотталған өз кінәсін мойындамады”, – делінген хабарламада.
Сот үкімімен кінәлі 7 жылға оқу орындарын ұйымдастыруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Астана қаласының прокуратурасы алаяқтық жасағаны үшін мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін назарға салады.
Қазақстандықтар YaYa стартапына жаппай шағымданды: Ата-аналар ақшасыз, ал балалар үйірмелерсіз қалды
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Tesla Education орталығы ата-аналардан миллиондап ақша алып, сабақ бермей, келісімшартты бұзды деп айыпталып жатыр. Шамамен 1000 адам зардап шеккен, кейбірі сотқа жүгінбек. Негізін қалаушы Айдос Сексеналы орталық уақытша жабылғанын, ақшаны толық қайтаруға уәде еткен. Полиция қылмыстық істі тергеп жатыр.