"150 мың теңге жетпейді": Алматыда жедел жәрдем жүргізушілері наразылыққа шықты
Алматыда жедел жәрдем қызметінің жүргізушілері наразылық білдіруге шықты. Бір апта бұрын фельдшерлердің жалақысы өскенін естіген олар, өз айлықтарын да 30 пайызға көтеруді талап етіп отыр. Өйткені ай сайын алатын 150 мың теңге жыртығымызды жамауға жетпейді деп ашынады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Тіпті жұмыста бұзылып қалатын қызметтік көліктерді де қалтамыздан қаражат шығарып жөндеуге мәжбүрміз дейді. Алайда басшылығы жүргізушілердің еңбекақысын көтеруге еш негіз жоқ екенін айтады.
Жиналған жедел жәрдем жүргізушілері таңдарын науқастарды тасумен емес, басшылықпен кездесуден бастады. Олардың қалауы мен сұрауы — бір. Қазіргі 150-160 мың теңге шамасындағы айлықтарын көтерту. Өйткені бүтін бір отбасын асырап отырған азаматтар тапқанымыз тамағымыздан артылмайды дейді.
“Жалақымыз, жетпейді. Қазір нан, барлығы қымбаттады. Бір мөшек ұн 8 мың теңге тұрады. Жүргізушілердің әрқайсысының 5-6 баласы бар. Қазір супермаркетке бір кіріп шықсаныз 150 мың теңге жетпей де қалады. Барлығында несие бар”, – дейді Сәбит Боранбаев.
Жалақы жайындағы әңгіме осыдан бірнеше күн бұрын басталған. Яғни фельдшерлердің айлығы көтерілгенін естіген жүргізушілер де еңбекақыларын сұрапты.
36 жастағы Бақыт Ибрагимов күн-түн демей шақыртуға шығып жүргендердің бірі. Төрт жылдан бері жедел жәрдем көлігін де өз қалтасынан жөндеп, жылдар бойы киген жұмыс формаларының тоз-тозы шыққанын айтып шағымданды.
“200ден асырып, сол 250 сол медиктермен бірге фельдшерлермен бірге бірдей болсын деп 2-3 күн бұрын бастығымыз подстанциямызға келіп, жиналыс жасап кеткен. Медиктерге жалақы көтеріледі деп айтқан. Жүргізушілердікі көтерілмейді. Көлігіміз бұзылса, мына жерге келеміз де, машина жөндейміз. Бөлшектерді өзіміз сатып аламыз. Оған ешқандай ақша берілмейді. Чекті әкеліп берсек, оның қайда жоғалып кететінін білмейміз”, – дейді ол.
Жиналғандардың арасында жедел медициналық жәрдем қызметінде жұмыс істемейтіндер де болды. Олар өздерінің заңсыз жұмыстан шығарылғанын айтып, шағымданып отыр.
“Маған сырттай екі рет сөгіс берілді. Менсіз картамды жойып жіберіп, жұмыстан босатты. Біз жүргізушілермен жұмыс істейміз. Олардың да жұмысы қиын. Олар да соңына дейін қудаланады. Заңсыз жұмыстан шығарылады. Барлығы жұмыстан босатылды. Басшының ауысыуын талап етеміз” дейді желілік бригада дәрігері Гүлнәр Дүйсембиева.
Ал жедел жәрдем басшылығы жүргізушілердің айтқан арыздарын жоққа шығарып отыр. Қызметкерлерінің орташа табысы 200 мың теңгені құрайтынын және бұның өзі жүргізушілер үшін көп екенін айтты.
“Ұйымның 2019-2021 жылдар аралығында жүргізушілерге бір жарым миллион теңгеден астам артық жалақы төлегені анықталды. Қазір 1193-ші жарлыққа сәйкес төлейтін болсақ, олардың айлығы тіптен төмен шығады. Өйткені ол жақта тариф түрі басқаша көрсетілген. Сол себепті жүргізушілер осыған қанағат тұтқаны абзал. Ешкімді негізсіз жұмыстан шығармаймыз және айлықтары көтеріледі деп те айта алмаймыз”, -дейді Алматы қаласы медициналық жедел-жәрдем қызметінің директоры Ербол Сәрсенбаев.
Қалалық жедел жәрдем қызметінде 900-ден астам жүргізуші бар. Олар бір тәулік жұмыс істеп, үш күн демалады. Ал ай сайынғы айлығымыз шайлығымызға жетпейді деп налыған қызметкерлер жұмыстан шығудан басқа амалы жоқ екенін айтады. Өйткені басшылық жалақыға қатысты жарытып ешқандай уәде бермеді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
