"150 мың теңге дейді, негізі 12-13 млн ақша болуы керек": Қызылордада мектеп меншігін сатып жіберген директоры мен мұғалімдердің арасында дау туды
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында директор мен мұғалімдер арасында мектептің меншігіндегі заттар таласқа түсіп жатыр. Ұстаздар мен ата-аналар күрделі жөндеу жүріп жатқан білім ұясынан шыққан ескі дүниелерді басшы сатып жіберіп, миллиондаған ақшаны қалтасына басты деп ашынып отыр. Ал ол құрылыс материалдары ескі болғанымен жарамдыларын әлі мектепке пайдалануға болатын еді дейді мұғалімдер. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңақорған ауданындағы Шалқия ауылына тиесілі мектепке қазір жарты миллиард теңгеге қызу жұмыс жүріп жатыр. Күрделі жөндеу болғандықтан, ғимараттың есік-терезесі, жылу батареялары және одан басқа бірқатар заттар жаңартылады. Ал ескінің ішінде қаншама жарамды заттар болған екен. Мұғалімдердің айтуынша, ғимараттан шыққан заттар мектептің меншігінде болса да директор сатып жіберіпті. Енді соның есебін бермей отыр дейді ашынған ұстаздар.
"Іштен көп дүние шыққаны рас. Мектеп ұжымы соны сатып, ақшасына безендіру жұмыстарын істейміз дегенбіз", - дейді тарих пәнінің мұғалімі Рүстем Жүнісов.
Мектеп ұжымындағылардың бұл заттарға өз есептері бар екен.
"2012 сатып алынған, сонда темір металл 2020 жылға дейін жарамай ма? Жарамды. Соны жарамсыз деп, 150 мың деген ақшаны. Менің есептеуім бойынша, 12-13 млн ақша болуы керек", - дейді мектеп күзетшісі Ғабит Тұрманов.
Қазір құрылыс заттары үшін ұжым мен басшы арасында үлкен дау туындаған. Директор жөнді есеп бермегендіктен, мұғалімдер мен ата-аналар құзырлы органдарға шағымданғандарын айтады. Ең қызығы мектепке ешқандай қатысы болмаса да өзін "директордың жолдасымын" деп таныстырған заңгер ауыл тұрғындарын мазалаған сұрақтарға өзі жауап бергісі келді.
"Кез келген адам сұрай салғанға менің әйелім, лауазымды адам келе салып, жауап бермейді. Ол батареялар нарық бағасымен сатылды. Сатылып 150 мың теңгеге мектепке кіріс болды", - деді мектеп директорының күйеуі Оразқожа Құрбанов.
Азаматтың ғимараттан шыққан заттардан мектепке 150 мың теңге кіріс түсті деген сөзіне мектеп ұжымы да, ауылдықтар да сенбейді. Сондықтан олар тек құзырлы органдардың көмегінен үміт күтіп отыр.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
