Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"150 мың қол жинаған петиция жарамсыз": Қазақстандықтар 2024 жылдың сәуіріне дейін заңды күші бар петиция жаза алмайды

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 150 мыңнан астам қол жинаған онлайн-петицияға қатысты пікір білдірді. Министр орынбасарының айтуынша ол петицияның әлі заңдық күші жоқ.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Вице-министр онлайн петицияларға қатысты заңнамалық түзетулер тек 2024 жылдың сәуірінде ғана күшіне енетінін түсіндірді.

"Қазіргі уақытта бұл заңмен реттелмеген және қарастырылмайды. Бірақ азаматтардың әрбір дауысы өте маңызды. Олар өз өтініштерін E-otinish арқылы жеткізуге құқылы. 150 мың дауыс жинаған петицияның күші жоқ. Петицияларға арналған платформа сәуір айында іске қосылады, қазақстандықтар өздерінің заңды құқықтарын пайдалана алады", – деді  вице-министр сенат кулуарында. 

Данияр Қадыров айтуынша, оған дейін қазақстандықтар петиция құру құқығын пайдалана алмайды.

"Ал бұл заңмен реттелмеген. Заңға қазан айында ғана қол қойылды және алты айдан кейін күшіне енеді. Осы алты ай ғана емес, оған дейінгі өтініштер де жарамсыз. Өйткені ол заңмен реттелмеген", – деді ол.

Еске салсақ, экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені туралы ақпараттан кейін қазақстандықтар мемлекет басшысына әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту қажеттігі туралы ашық үндеу жариялауды белсенді түрде бастады. Аталмыш петиция Otinish.kz сайтында жарияланған, 5 желтоқсандағы жағдай бойынша оған 150 мың адам қол қойған. Алайда ол петиция жарамсыз болып шықты. 

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел азаматтарының өтініштерін қарауды көздейтін "Қоғамдық бақылау туралы" заңға қол қойғаны туралы жазған болатынбыз. Жаңа заңға сәйкес, Қазақстанда кемінде 50 мың қол жинаған петиция үкімет деңгейінде қарастырылады. 

Талқылау