"1,5 жастағы баланы 500 теңгеге сатып алдым": Қазақстандық ананың 39 баласы бар

Ақтөбе қаласының 63 жастағы тұрғыны Светлана Мусина өмірін жетім балаларға арнаған. Ол осы уақытқа дейін 39 баланы тәрбиелеп өсірді. Оның бесеуі – өз перзенті, қалғаны-асырап алған балалар. Қазір барлық баласынан 40 немере, 2 шөбере сүйіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өзі де балалар үйінде өскен Светлана Мусина жетімдіктің қандай екенін жақсы біледі. Ол үшін ана болу-өмір жолы емес, тағдыр таңдауы.
Ол бір кездері 1,5 жастағы баланы небәрі 500 теңгеге сатып алғанын айтты. Әйелдің сөзінше, ол кезде баланың туған анасы ішімдікке салынған.
“Баламды сатып алшы” дегенде шошып кеттім. Бірақ қорғансыз баланы тастап кете алмадым. Тоқсаныншы жылдардағы қиын қездер. Мамасы теміржол вокзалының жанында қызын ақшаға алып кетуді сұрады. Сол кезде салмағы 5,5 келі болған 1,5 жастағы Танюша қазір 30 жастан асқан әйел. Өз отбасы бар. Бөлек тұрады. Әр бала-жеке әлем. Мен бәріне бірдей қарауға тырысамын. Кейде біреуіне көбірек көңіл керек болады, кейде екіншісіне. Бірақ бір нәрсені ұмытпаймын. Үйімдегі әр бала өзін артық немесе кем сезінбеуі тиіс”, – деді көпбалалы әйел.
Фото: Жеке архив
“Ренжімеймін, керісінше қуанамын” – Ерлерге тән кәсіпті игерген іскер ханым
Теміртауда 48 жастағы әйел 13-сәбиін дүниеге әкелді
Бүгінде оның шаңырағында әртүрлі тағдырлы балалар өсіп келеді. Кейбірінің ата-анасы тірі болғанымен, түрлі себептермен олар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Көпбалалы ана әр баланың өмірі әртүрлі екенін баяндады. Бір баланы далада жатқан жерінен тауып, учаскелік инспектор әкеліп берген. Оның да жасы қазір 30-ға келді. Жұмыс істейді.
“Әселдің де тағдыры ауыр болды. Ол бізге 16 жасында тергеу изеляторынан шығып келді. Баратын жері болмаған соң, үйге әкелдім. Ол қыз қайсар болды. Өмір үшін күресті. Қазір отбасы бес баласы бар. Біз балаларды таңдап асырап алған жоқпыз. Бәрі де тағдыр алдымнан жолықтырған балалар. Кейбірі үйге алғаш келгенде қорқып, ешкімге сенбейді. “Мама” деп айтқанымен үйренісуге упқыт керек. Уақыт өте келе күліп, еркелей бастайды. Сол кезде еңбегімнің зая кетпегенін түсінесің. Ал ең қиыны -әр баланың жүрегіндегі жараны емдеу. Кейбірінің өмірінде ауыр естеліктер бар, соны ұмыттыру оңай емес”, – деді ол.
Фото: Жеке архив
Үлкен отбасының өз тәртібі бар. Әр бала өз міндетін біледі. Бірі ыдыс жуады, бірі үй жинайды. Үй жұмыстарын кезектесіп істейді. Қарапайым үй жұмысы арқылы балаларды жауапкершілікке тәрбиелеу қалыптасқан. Сабақ қарауға да бір-біріне көмектеседі.
“Таңертең әдеттегідей ерте тұрамыз. Бірі мектепке, екіешісі жұмысқа дайындалады. Таңғы ас ішеміз. Күндіз сабақ, үй шаруасы. Күделікті қарбалас. Кешке бәріміз жиналып шай ішеміз. Кейде бірге фильм көреміз, кейде жай ғана әңгімелесеміз. Біздің үйде әр күн у-шуға толы, бірақ жылы. Әрқайсысы өз жолын тауып, бақытты өмір сүрсе болды. Сол кезде мен өзімді бақытты анамын деп айта аламын. Үнемі өздеріне соны айтып отырамын”, – деді Светлана.
Фото: Жеке архив
Қазір көпбалалы ананың қолында 14 кәмелетке толмаған бала бар. Ол әрқайсысына ана жылуын сыйлап, білім беруді армандайды.
“Соңғы балалар біздің үлкен отбасымызға өткен жылдың желтоқсанында келді. “Отбасын қалаймын” деген хабарландырудан бір баланы көріп қалдым. 4 сыныпта оқитын Сашаны ғана аламын деп ойлағанмын. 2 сыныпта оқитын тағы бір бала ерді. Ол қазақ баласы. Қазақша мектебіне бердім, тым жақсы оқып жүр. Бәрі де кішкентай, сүйкімді бала болып келді. Өсе келе әрқайсысының мінезі шықты, ерекшеленді. Олар бала. Олаоды өзгертуге келмейді. Біз тек қамқор болып, қатарына қосылып кетуіне көмектестік.
Фото: Жеке архив
Айналамызда қамқорлық көрсететін адамдар аз емес. Мейірімді адамдар көп. Мектептің өзі күн-түн демей әрдайым байланыста. Ал учаскелік медбике біздің періштеміз секілді. Үйде бала ауырса, ұшып келіп емдеп алады. Үйде біреу ауырса, бәріміз бірге ауырамыз. Сондай бауырмал отбасымыз. Бала -бақыт. Байқағаным, маңдайыңа жазылған тағдыр болады екен, балаларға қарап соны ұқтым”, – деді көпбалалы ана.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда көпбалалы әйелдерге 8 наурызға орай 43 мың теңгеге дейін біржолғы төлем берілетіні хабарланған еді.
Алматылықтарға жер сілкінісінен қорғайтын арнайы "қауіпсіздік торы" ұсынылды